Тұрғымбаевпен тоқтамайды, Қаңтар шындығы әлі толық ашылған жоқ – Абзал Құспан

0
24
фото:kazaknews.kz

2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Ішкі істер министрі қызметінен босатылған Ерлан Тұрғымбаев арада 2 жылдан астам уақыт өткен соң «билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды» деген күдікпен ұсталып, екі айға қамауға алынды. Экс-министр Қаңтар оқиғасына байланысты істі болып жатыр.

Ерлан Тұрғымбаев Қаңтар кезінде күштік құрылым өкілдерінің тәртіпті қадағаламауы және ұсталғандарды азаптауы бойынша қылмыстық іс аясында тергелген.

Еске салайық, Ерлан Тұрғымбаев – Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған екінші министр. 2022 жылдың 20 ақпанында бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов ұсталып, сот үкімімен 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қаңтар шындығы әлі ашылмағанын, әлі де біраз лауазымды тұлға жауапқа тартылатынына сенімді.

Жалпы, Қаңтар бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енген – қозғалған істің саны 5,5 мыңнан астам. Ал сотқа кеткен қылмыстық істердің саны – 500 төңірегінде. Қаңтар шындығы әлі толық ашылды деуге келмейді. Сондықтан, тек Тұрғымбаевпен шектелмейді, – деді Абзал Құспан.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қаңтар оқиғасы бойынша қамалған адамдар қосымша ақпарат беріп, тағы да лауазымды адамдар ұсталуы мүмкін екенін айтады.

«Қаңтар шындығы әлі ашылған жоқ. Қаңтар оқиғасына дейін АҚШ астанасы Вашингтон қаласындағы (Капитолий) жаулап алу әрекеті болды. Осы жағдайға қатысты сот әлі жүріп жатыр. АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампқа әлі күнге дейін айып тағылып жатыр. Ерте ме, кеш пе, осы соттың болатыны анық…

Сондықтан (Қаңтар оқиғасы кезінде – авт.) ұсталған адамдар уақыт өте келе жан-жағын ойналана бастады. Тергеушілер істі тергеп жатыр. Олар қосымша ақпарат беруі мүмкін. “Шынымды айтсам, мен кінәлі емеспін. Маған осындай тапсырма келіп еді” деген әңгіме туындайды. Адвокаттары мен ағайын-туысы бар. Адам қапасқа түскеннен кейін неше түрліні ойлайды ғой. “Неге мен ғана жауап беруім керек? Неге мыналар жауап бермейді немесе осындай тапсырма берген адамдар бар” деген әңгіме туындайды. Менің ойымша, Қаңтар оқиғасының шындығын толық ашылып біткен жоқ. Оған уақыт керек. Бірақ осындай оқиғалардың, фактілердің түпкілікті үлкен жиынтығы жинала келе, үлкен бір шындықты ашады», – дейді Айдос Сарым.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи экс-министр Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталуын әділетті деп есептейді.

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев қаңтар оқиғасының “кіндігі” емес. Орысша айтсақ, “свет клином не сошелся”. Бірақ оны жауапты тұлға деп есептеймін. Себебі, Қаңтар оқиғасы кезінде облыстардағы полиция департаменттерінің қызметкерлері өздерінің жұмыс орнын тастап кеткен. Бұл – ауыр қылмыс. Олардың кетіп қалуына команда, приказ берген – Ерлан Тұрғымбаев. Осы тұрғыдан алғанда, сол кезде (Қаңтар оқиғасы кезінде – авт.) жауапқа тартылуы керек еді. Ештен кеш жақсы. Қазір оны ұсталуы – әділеттіліктің бір белгісі, – деді депутат.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ