Тұрғындардың өзі абаттандыруға қатыса алады

0
10

2025 жылы Алматының Медеу ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 34 жоба іске асырылуда. Оның 17-сі ауланы абаттандыруға, 13-і қоғамдық кеңістікті жаңартуға, ал тағы 4 жоба автоматты суару жүйесін орнатуға бағытталған. Бұл туралы Медеу ауданы әкімдігі хабарлады.

Бағдарлама аясында жүзеге асқан жобаның бірі Әйтеке би көшесі, 28 мекенжайындағы аула. Мұнда заманауи жарық жүйесі жүргізіліп, жиектас төселді, көгал егілді, орындық пен қоқыс жәшіктері қойылған демалыс аймағы жасалды. Сондай-ақ, балалар мен жастарға арналған воркаут-алаңдар құрылды.

Тұрғындардың айтуынша, бұл өзгерістердің арқасында балалар алаңсыз ойнап, қауіпсіздігі арта түскен. №28 үй тұрғыны Елена былай деді:

«Бұрынғы ауланың қандай болғанын білемін, қазір мүлде өзгерген. Әрине, жаңа аула әлдеқайда жақсы, балаларға ұнайды. Күнде олардың ойнап жүргенін көремін. Жақсы болды. Ең бастысы, тұрғындардың өзі абаттандыруға қатыса алады. Себебі, біз өзімізге қандай алаң қажет екенін жақсы білеміз. Әсіресе, балаларға арналған жұмсақ жабын қатты ұнады, құлап қалған жағдайда да қатты қауіп жоқ».

Айта кетейік, соңғы жылдары Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы сәтті дамып келеді. Ол қала тұрғындарына өмір сүру сапасын жақсартатын жобаларды тікелей ұсынуға және жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазір аталған бағдарламаға өтінім қабылдау жалғасып отыр. Идеяңызды 30 қыркүйекке дейін www.budget.open-almaty.kz сайты арқылы жолдауға болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ