Түркістан облысында үш ауысымда білім беретін қанша мектеп бар

0
284
коллаж: Halyq Uni

Жаңа 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында 9 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Бұл туралы Halyq Uni ресми сауалына облыстың адами әлеуетті дамыту басқармасы берген жауабында көрсетілген.

Үш ауысымды мектептер Арыс қаласында – 1, Ордабасы ауданында – 1, Сайрам ауданында – 1, Сарыағашта – 2, Түркістан қаласында – 4 орналасқан.

2021-2022 оқу жылында республика бойынша 151 мектеп үш ауысымда жұмыс істеді. Былтырғы оқу жылында тағы 24 мектеп екі ауысымға көшіреді деп жоспарланды. 151 мектептің ішінде Түркістан облысында 11 мектептің үш ауысымда білім алғаны көрсетілген еді. Демек, екі оқу жылында облыста тек үш ауысымда білім беретін екі мектепте ғана бұл мәселе шешілген.

АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰРҒАН МЕТКЕПТЕР

Түркістан облысында 7 мектеп апатты жағдайда тұр. Қазығұрттағы 2 мектеп, Сарыағаштағы – 3, және Созақ, Төлеби ауданында бір мектептен құлайын деп тұр.

2022-2023 оқу жылы басталған кезде елімізде 33 мектептің апатты жағдайда тұрғаны айтылды. Ал 1 маусымдағы жағдай бойынша олардың саны 57-ге жеткен. Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдың маусымында осындай ақпарат берді.

Ақмола облысы – 2, Ақтөбе облысы – 7, Атырау облысы – 5, Батыс Қазақстан облысы – 12, Қарағанды облысы – 2, Қызылорда облысы – 7, Маңғыстау облысы – 2, Абай облысы – 2, Жетісу облысы – 1, Ұлытау облысы – 1, Павлодар облысы – 3, Солтүстік Қазақстан облысы – 4, Түркістан облысы – 8, Алматы қаласы – 1 мектеп бар, – деп жауап берді министрлік.

Екі ай бұрынғы тізімде Түркістан облысында 8 мектептің апатты жағдайда тұрғаны айтылса, қазірге дейін бір мектептегі мәселе шешілген. Ал қалған мектептерде бұл мәселе қашан шешілетінін әкімдік нақты айтпады.

Редакция Түркістан облысы әкімдігінен апатты жағдайдағы мектептерді азайту үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады. Басқарманың хабарлауынша, ел бойынша 1000 мектеп салу бағдарламасы аясында Түркістан облысында 2023 жылы 33 мектептің құрылысына қаржы бөлінген. Қазір құрылысы жүріп жатыр. Қыркүйекке дейін 19 мектеп пайдалануға беріледі. Қалған 14 мектептің құрылысы 2024 жылы да жалғасады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ