Түркия: «Алты үстел» ымыраға келе ме?

0
152

Сарапшылар Түркиядағы оппозиция алдағы президенттік және парламенттік сайлау қарсаңында бірігіп, жеңіске жетуге мүмкіндігі мол деген болжам айтады.

«Түркияда жойқын жер сілкі­нісі болған күндері уақытша тоқ­та­тыл­ған бей­ресми үгіт-насихат науқаны жаңа ек­пінмен жалғасып жатыр», дейді Ар­мения түркологі Эли Арутюнян. Оның айтуынша, елдегі оппозиция би­лік­ті «толықтай сәтсіздікке ұшырады, жер сіл­кінісінен зардап шеккендерге ал­ғаш­қы медициналық кө­мек көрсетуді ке­шіктірді» деп айып­тап отыр. «Билік олқы­лық­тар­ды жасырып, қоғамды тез қал­пына келтіруге, атап айтқанда, апат аймағына, зардап шеккендерге әлеу­меттік көмек көрсету се­кілді жаңа бағ­дар­ламаларымен та­ныстыруға тырысып бағып жатыр», дейді түрколог.

Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған бол­ған жағдайға байланысты хал­қы­нан тү­сініс­тікпен қарау­ды сұрап, барлығын қалпына кел­тіру үшін оған бір жыл қа­жет екенін алға тартады, алайда оп­по­зи­ция тарапынан оны сынау толас­тамай ке­ле­ді. Олар түрік бас­шысының билікте 20 жыл отыр­ғанын, қазір емес, осы жылда­ры қолдан келгеннің барлығын жа­сауға тиіс екендігін айтады. Эли Ару­тю­­нян­ның айтуынша, егер елдегі оппо­зиция біріксе, олар­­дың пре­зи­денттік сайлауда жеңіске же­­­туге мүмкіндігі зор. Бұған ақ­пан айын­да жүргізілген сауалда­­ма деректері дә­лел.

Айта кетейік, бұған дейін Түр­кия­ның 6 оппозициялық партия­сы бір блок болып әрекет етуі ық­тимал екені, президенттікке кан­дидат ретінде бір адам ұсы­ны­латыны айтылып келді. Кан­ди­даттардың қата­рын­да Рес­пуб­ликалық халықтық партия­сы­ның (CHP) басшысы Кемал Кылыч­­д­а­роғлу, сондай-ақ Ыстан­бұл мен Анкара мэрлері болды. Кеше оппозиция өкілдері президенттікке үміткер ретінде Кемал Кылычдароғлуның кан­ди­да­­тура­сын ұсынды. Алайда оның рейтингі Ердоғанды жеңетіндей жо­ғары емес деген пікірде түр­колог Эли Арутюнян.

«Ол кемализм идеясын ұстану­шы, зайырлы мемлекетті жақ­тау­шы. Саяси аренада 10 жылдан астам тә­жірибесі бар, Рес­­пуб­ликалық ха­лық­тық партияның же­тек­­шісі Дениз Бай­кал­ды ауыс­тыр­ған тұлға», дейді Кемал Кылыч­да­роғлу тура­лы түрколог Эли Арутюнян.

Республикалық халықтық партия төрағасы Кемал Кылычдароғлу болса, «Бірлік – өлімнен басқаның бәрін жеңеді», деп Twitter парақ­ша­сында жазба қалдырды. Ал Ыстанбұл қаласының мэрі Экрем Имамоғлу Түркияның ор­та­­лық сайлау комиссиясының өкілде­рін балағаттады деп, екі жыл жеті айға бас бостандығынан айырылды. Қазір апелляциялық шағым қа­ра­лып жатыр, әзірге үкім заңды кү­шіне енген жоқ. Сон­дықтан сая­саткер сайлауға қатыса алмайды.

«Алты үстел» деп аталып кеткен оппозицияның алты партиясына Рес­пуб­­­ликалық халықтық партия, IYI (жақсы) партиясы, Saadet партиясы, Демократиялық, DEVA және «Болашақ» партиясы кіреді. Партия өкілдері 2021 жылдың қазан айында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде алғаш рет бас қосып, нығайтылған парламенттік жүйе моделі бойынша бірлескен мәтін да­йындауға кірісті. 2022 жылдың 12 ақпанында алғашқы жиынын өткізген.

Ал Ердоған басқаратын Әділет және даму партиясының би­лікте отырғанына 20 жыл бол­ды. Сондықтан Эли Арутю­нян­­ның пікірінше, оппозиция жеңіске жеткен жағдайда ішкі де, сыртқы да өзгерістер көп болады.

«Оппозиция үкіметтің пар­ла­менттік моделіне көшуді жақ­тай­ды. Ал бұл өз кезегінде на­зар­ды ішкі саясатқа баса ауда­­­рып, сыртқы саясатты әлсіретуі мүм­кін», дейді Арутюнян.

2001 жылы 14 тамызда Режеп Тайип Ердоғанның бас­шы­лы­ғы­мен құрылған Әділет және даму партиясы – Түр­кияның басты және белді партияларының бірі. Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл де осы партияны құрушылардың бірі. Бұл партияның қазіргі таң­да­ғы басты мақсаты – 1980 жыл­да­ғы әскери төңкерістен ке­йін, конституцияға әскер бас­шы­лардың күшін шектейтін өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу.

Жалпы, сарапшылардың пі­кі­рін­ше, Ердоғанның елдің ішкі сыртқы саясатында жеткен жеңістері мен жеңілістері де бар­шылық. Түркия Ердоған билік басына келгелі айтулы эконо­ми­калық жетістіктерге жет­кен. Өнеркәсіп, туризм, сауда са­ласы қарқынды дамып, жол­дар, көпір­лер салынып, ірі құрылыс нысандары бой көтерді. Сыртқы кіріс­тен бюджетке түсетін табыс көлемі артқан. Осылайша, ха­лықтың әл-ауқа­ты жақсарды. Діни мектептен түлеп ұшқан Ердоған халыққа да діни ер­кіндік берді.

Еске салсақ, 1 наурызда Түркия пре­зиденті Режеп Тайип Ердоған елдегі жалпы сайлау жер сілкіністеріне дейін жос­пар­лан­ғандай, 14 мамырда өтетінін мәлімдеп, Әділет және даму пар­тиясының отырысында «14 мамырда біздің халық талап етілетін міндетін орындайды – сайлауда дауыс береді», деді.

Бұған дейін елдегі жойқын жер сілкінісіне байланысты сайлау мерзімі өзгеруі мүмкін екені айтылған еді. Өйт­ке­ні зілзаладан зардап шегіп, қайтыс болғандар саны мыңдаған адамнан асып жығылды, Түркияның Нұрдағы елді мекені толық жойылды. Бұл қайғылы жағдайдан соң елде саяси дода өткізудің реті жоқ, кейінге шегеру қажет деген пікірлер айтылды. Алайда Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған өзіне айтылған сындарға халықтың өзі жа­уап береді деген сы­ңай танытып, сайлау күнін өзгер­тпеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ