Түрксіб ауданында биыл 37 көшеде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жол және көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары туралы айтты.
Қала басшысы 2024 жылы ауданның 38 көшесінде жалпы ұзындығы 39,6 км жолға орташа жөндеу жүргізілгенін, ал 2025 жылы 37 көшеде тағы 51 км жолды орташа жөндеу жоспарланғанын хабарлады.
Сонымен қатар, былтыр 40 мың шаршы метр жол жабыны қалпына келтіріліп, 200 «қалқымалы» люк орнатылды. Биыл тағы 30 мың шаршы метр жолды жөндеп, 200 люк орнату жоспарланған. Бұған қоса, 2024 жылы Әлмерек және Қайрат шағын аудандарында 13 көшеде тротуар мен арық жүйесін толық орната отырып, 13 км жаңа жол салынды. Ал Жас Қанат шағын ауданында 19 көшеде 3,5 км жаңа жол құрылысы мамыр айында басталады.
«Биыл 90 жер учаскесін сатып алғаннан кейін Қайрат шағын ауданынан Талғар тас жолына дейін Хмельницкий көшесін ұзарту жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, биылғы тамызда Ержанов көшесі бойымен теміржол арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтауды көздеп отырмыз», – деді Ерболат Досаев.
Алматы әкімі қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында 2024 жылы Түрксіб ауданына қызмет көрсететін 10 маршрутта (№27, 34, 47, 50, 79, 86, 92, 113, 120, 129) 195 жаңа автобустың жаңартылғанын да хабарлады.