Таксиді заңсыз жүргізген 600-ден аса жүргізуші жауапқа тартылды

0
184
Фото: polisia.kz
Тиісті рұқсатсыз жолаушыларды тасымалдаумен айналысқан шетелдік елден шығарылды

Жыл басынан бері көлік полицейлері 665 заңсыз такси жүргізушісін жауапқа тартты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Көлік полицейлері түрлі құқықбұзушылықтарды анықтау, заңсыз такси қызметін жою үшін еліміздің әуежайлары мен теміржол вокзалдарында рейдтер мен алдын алу іс-шараларын ұдайы жүргізеді, – деді көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.

Оның айтуынша, департамент қызметкерлері биыл қоғамдық орындарда тиіскені үшін 2 437 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның 665-і – заңсыз такси жүргізушісі. Оларға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 449-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни қоғамдық орындарда азаматтардың мазасын алып, жеке такси қызметін ұсынғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жергілікті уәкілетті органдардың рұқсатынсыз іске асырған, яғни жеке тасымалдаумен айналысқан шетелдік азамат анықталды. Мәселен Алматы қаласы әуежайындағы ЖПБ қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында Тәжікстан Республикасының 22 жастағы азаматын анықтады. Ол тиісті рұқсатсыз жолаушыларды жеке тасымалдаумен (такси) айналысқан.

Құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 463-бабы 1-бөлігі («Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу») және 517- бабының 5 бөлігі («Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша екі әкімшілік материал толтырылды. Сот шешімімен шетел азаматына Қазақстан Республикасының аумағына 5 жыл мерзімге кіруге тыйым салынып, еліміздің аумағынан тысқары шығарылды, – деді Мадияр Айтуғанов.

Сонымен қатар ол заңсыз такси қызметін пайдалану құқыққа қайшы ғана емес, жолаушылардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіретінін айтты. Біріншіден, заңсыз такси жүргізушілердің қажетті құжаттары мен лицензиялары жоқ. Олар, тіпті, міндетті медициналық тексеруден де өтпейді. Екіншіден, жоғары бағалар, дөрекі жүргізушілер және автомобильдің ақаулы техникалық жағдайы бар. Көптеген жүргізуші өз көлігінде техникалық ақау барын біле тұра жүруді жалғастыра береді. Бұл – жол ережелеріне қайшы әрекет. Азаматтардың немқұрайлылығы мен жауапсыздықтары салдарынан түрлі жол-көлік оқиғаларының болатыны да сондықтан. Демек, жолаушылардың тек ресми такси қызметіне сенім артып, пайдаланғандары дұрыс.

Еске сала кетсек, ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін қайталап жасалған қоғамдық орындарда тиіскені үшін 10 АЕК (29 170 теңге) айыппұл немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді. Шетелдіктерді мұндай құқықбұзушылық үшін қамауға алу және ҚР аумағынан тысқары шығару көзделген.

Салық төлемегені үшін заңсыз такси жүргізушілері ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу жеке тұлғаларға 15 АЕК (45 945 теңге) мөлшерінде, қайта бұзылған жағдайда 30 АЕК (91 890 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ