Тарихшылар Сауысқандық шатқалындағы петроглифтердің жағдайына алаңдаулы – Қызылорда облысы

0
204
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының оңтүстік аудандарында орналасқан Қаратау тасында қашалып жазылған петроглифтердің қорғалу жағдайы тарихшыларды алаңдатып келеді.

Көне заманның көзіндей болған жәдігерлерді тұрғындар бүлдіріп кететін жағдайлар кездесті. Бұл жөнінде жергілікті тарихшылар дабыл қағып, оны қорғау бағытында тиісті іс-шараларды қолға алу қажеттігін айтып жүрген еді.

Өткен жылдың қараша айында Қызылорда облысы әкімдігінің арнайы қаулысымен Шиелі ауданы Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер кешенінің қорғау аймағы бекітілді. Алдағы уақытта вандализмді тоқтату үшін ескерткіш аумағы қоршалып, арнайы бақылауға алынады.

Сауысқандық шатқалы Шиелі ауданы аумағында орналасқан. Тарихшылар вандализмді тоқтату үшін ескерткіш аумағын қоршап, арнайы күзетші штатын бөлуді ұсынып отыр. Сауысқандық шатқалында қола дәуірінің, кейінгі ортағасырлық кезеңнің суреттері мен эпиграфикасы сақталған.

Тарихи орынды арнайы барып көрген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған топ аталған аумақта сенбілік ұйымдастырды. Аталған шара барысында облыс әкімі тарихшылар ұсынысын шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті. Қызылорда облысы әкімдігінің арнайы қаулысымен жартастағы бейнелер кешенінің қорғау аймағы бекітілді.

Қымбат қазынаның қадірін білсек

Көне заманның көзі тірі куәсі саналған киелі орынның бірі қарт Қаратау екені белгілі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жердегі адамдар бағзы заманнан бері қоныс етіп келеді. Шамамен 500 мың жылдай бұрын осы маңда адамдар тіршілік еткенге ұқсайды. Сол кезеңнен қалған ескерткіштер қазір де молынан кездесіп жатады. Солардың бірі — Қаратау қойнауында тасқа салынған суреттер.

Өкініштісі, ұзақ уақыт бойы оған мән берген ешкім болған жоқ. Жергілікті басшылық тарапынан ешқандай іс-шаралар қолға алынбады. Осындай сәтте «сол бағалы байлығымыз бен қымбат қазынамыздың қаншалықты қадіріне жете алдық» деген сауал көкейде жиі қонақтағаны рас.

Шынында да, біз осындай тарихтан тамыр тартқан, түп-төркінімізді түгендейтін, талай кезеңнің шежіресін тарқататын көне жәдігерге өз деңгейінде назар аударып жүрміз бе? Қаратау қойнауындағы қымбат қазынаның қорғалуы көне тарихқа деген құрметімізді айғақтайды.

Ғылым тілінде тасқа жазылған жазулар петроглиф деп аталады. Әлем ғалымдары оның пайда болу кезеңін соңғы палеолиттің кейінгі шағымен байланыстырады. Мұндай дүниелер жер-жаһанның бірқатар елінде көрініс береді. Мәселен, Еуропа құрлығының — Швеция, Норвегия, Италия, Португалия, Испания, Азияда – Үндістан, Пәкістан, Қытай, Корея, Жапония, Арабия аумағында, Американың — Канада, АҚШ, Аргентина, Чили, Бразилия және Австралияда да кездеседі. Қысқасы, төрткүл дүниенің төрт бұрышынан мұндай орындар көзге ұшырасады. Осындай орындар ТМД елдерінің аумағында да бар. Атап айтқанда, Қап тауында, Орта Азияда, Сібірде, Оралда, Қиыр Шығыста көрініс береді.

Қзылорда облысы
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Адамзат мәдениетіндегі маңызды құбылыс

Қысқасы, петроглиф адамзат мәдениетінде маңызды құбылыс екенін аңғару қиын емес. Шындығын айтқанда, бұл дүниелерге өнер туындысы ретінде қарауға әбден болады. Ескерткіштердегі сызбалар сан түрлі тәсілдермен қашалып, оған көп бейнелер салынған. Тас ғасырынан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген тәрізді. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жөн-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді.

Қазақстанда тау-тасына қашалған 200-ден астам бейне бар. Солардың қатарында Сыр өңірінің Шиелі ауданында орын тепкен Сауысқандық жотасындағы суреттер де бар. Бұл маңда мұндай ескерткіштер өте мол. Ауқымы да үлкен. Археолог Мадияр Елеусінов баспасөз беттерінде бұл жотадағы тасқа қашалған таңбалардың молдығы әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспейтінін айтады. Алайда Қаратау қойнауындағы көне жәдігерлердің насихаты өте кемшін түсіп тұр.

«Жалпы, бұл өңір – көне заманның түп-тамырына үңілетін археолог ғалымдарға әлі де ашылмаған арал тектес. Себебі аталмыш орындарға күні бүгінге дейін өз деңгейінде назар аударылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ғалымдар білек сыбана кірісе қоймады деуге болады. Оның түрлі себептері де баршылық. Кезінде қаражат жоқтығы қолды байлады. Көне ескерткіштердің жойылуына адамдардың да ықпалы бар. Ғалымдар ескі жәдігерлердің оннан сегізі жұмыр басты жандардың қолынан бүлінетінін тілге тиек етеді. Қалғаны табиғаттың әсерінен бастапқы бейнесін жоғалтады екен», — дейді жергілікті өлкентаушы Әлімжан Ержанов.

Тастағы жазбаларды қиратқандар бар

Сауысқандық жотасындағы тастағы жазбалардың біршамасын адамдар қолмен қиратып бүлдірген. Тау басына барған жандар өткеннің ескі шежіресінің бағасын білмейді. Тасқа қашалған суреттерді қорғаудың орнына өз «қолтаңбасын» да қалдырып кетуді дұрыс көреді. Олардың үстіне өздерінің аты-жөнін баттитып жазғанды өзіне «мәртебе» санайды. Осыған қарай отырып, бұл тастағы жазбалар неге арнайы қорғауға алынбай отыр деген ой туады.

«Сауысқандық петроглифтері Қаратаудың Сауысқандық, Бала Сауысқандық бөктерінде, Күркіреуік өзенінің оң жағалауындағы қыратта және Сауысқандық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Тарихы қола дәуірінен басталып, ортағасырларға дейін созылған петроглифтер сюжеттерінің ішінде Қаратау мен іргелес аудандардың фаунасы мен мекендейтін жан-жануарларды бейнелейтін зооморфты бейнелер басым. Жартас суреттерінің арасында антропоморфты бейнелерді, арбалар, аңшылық сюжеттерін, солярлық таңбаларды, «күн басты» тіршілік иелерін кездестіруге болады», – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттің «Тарих» кафедарасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының докторы (PhD) Әзілхан Тәжекеев.

Ал журналист Нұрболат Пірімбет Шиеліде ауданында ваннадий кен орны дәл осы қарқынын тоқтатпаса, бірнеше жылда еліміздегі ең көне петроглифтерді бүлдіріп тынатынын айтады. Сондай-ақ, тастағы жазулар асфальт жолдан арасы екі-үш шақырымдай қашықытықта жатыр. Демалуға келген ададар да көп барады. Олардың арасында вандализмге жол беретіндер жоқ емес.

«Айтарым, ванадий өндіріп жатқан кәсіпорын тастағы көне жазулар орналасқан аумаққа жақындап келеді. Арасы 1 шақырымдай ғана калған. Сондықтан бұл мәселе жауапты орындардың назарында болса деген ұсынысым бар», — деді ол.

Көптеген елдерде мұндай орындар жоғары бағаланып, оған туристік мекен ретінде жиһанкездер келіп жатады. Адам аяғы үзілмейтін мұндай жерлер қыруар қаржының көзі екені белгілі. Өкініштісі, бізде ұзақ жылдар бойы ол ескерілмей келді. Ендігі кезекте облыс басшылығы тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылады деген үміт бар.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз