Тазалықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз
Бүгін Арал ауданында жалпыұлттық экологиялық бағдарлама аясында «Ардағым ардагерім» акциясы өтуде. Жастар ресурстық орталығының мүшелері еңбек ардагерлері мен қарттарға қолдау көрсетіп, олардың үй ауласын тазалаумен айналысуда. Жастар аумақты қоқыстан, құрғақ бұтақтардан, түскен жапырақтардан тазартып, ретке келтіруде. Сонымен қатар, олар ауладағы ағаштарды әктеп, қоршауларды бояп жатыр.
Мұндай акциялар өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өте маңызды, — дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Берік Сұлтаниязов. — Аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, оларға көмек көрсету-біздің халқымыздың қанында әрқашан болған. Ақсақалдар алғысын білдіріп, батасын берді. Сонымен қатар, бұл экологиялық тәрбие, тазалыққа деген сүйіспеншілікті ояту, қоршаған ортаға қамқорлық жасау.
Осы күні Арал ауданының барлық мектептерінде «Табиғатты аялайық!» тақырыбында сынып сағаттары өтті. Аудандық білім бөлімінің баспасөз хатшысы Шыңғыс Нұрбайдың айтуынша, оқушыларға табиғатты қорғау туралы ақпарат беріліп, планетамыздың экологиясын жақсарту үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі түсіндірілді. Бұл суды және электр қуатын үнемдеу, қоқысты сұрыптау, табиғатта демалғаннан кейін қоқысты жинау және басқа да көптеген шаралар.
Ауданда «Таза өлке-таза аудан» акциясы да өтті. Ауыл тұрғындарына туған өлкесінде тазалықты сақтау бойынша буклеттер мен брошюралар таратылды.
Қазалы ауданының тұрғындары да «Таза Қазақстан» жобасын ілгерілетуге өз үлестерін қосуда. Бүгін мұнда «Табиғатты аялайық!» тақырыбында мектепішілік сынып сағаттары өтті.
Сонымен қатар, «Таза қала өзіңнен басталады» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.
– Тазалықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Менің ойымша, тазалық – тек тазалауда емес, оны ластамауда. Семинарда біз барлық жерлестерімізді, туған өлкеміздің тазалығын және сұлулығын сақтауға шақырамыз, – деді Әйтеке би кентінің әкімі Алиби Абиев.
Айта кету керек, облыста «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталғалы оған 678 137 облыс тұрғыны қатысты. 25 074 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 505 алаңдар мен саябақтар, 225 тарихи ескерткіштер аумақтары, 791 әлеуметтік нысан, 4596 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, 322 су айдындары, 47 451 аулалар мен көшелер тазартылды.
548 арнайы техника қолданылып, 176 814 ағаш көшеттері отырғызылды.