Тіс ауырса, жарнадан қайыр жоқ

0
112

Солтүстік Қазақстан облысында стоматологтар шын мәнісінде көрсетілмеген қызметтері үшін қаржы алып келген. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері науқастар мүлдем өтпеген қабылдаулар туралы деректер бар екенін анықтады. Яғни, тұрғындар алмаған медициналық қызметтер қағаз жүзінде «көрсетілген» болып шықты.

Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры Солтүстік Қа­зақ­стан облыстық филиалы­ның ди­ректоры Лариса Гордеева биылғы 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры стоматологиялық қызмет түрле­ріне стоматоло­гия­лық емхана­лармен тікелей ке­лісімшарт жа­сасатын болды. Айта кетейік, бұған дейін мұндай келісім­шарттар емханалар арқы­лы жа­салатын. Ал емханалардың жүк­темесі тым көп екені белгілі. Сон­дықтан енді олардың жұ­мысы азаймақ. Осы жаңашыл­дыққа байланысты тұрғындар тарапы­нан бүгінде көптеген сұрақ туын­дап жатқан көрінеді. Мәселен, оларды бұл жаңалық емделушіге қалай әсер етеді, қор­мен жұмыс істейтін емха­наны қалай табуға болады, тіс емдеуге жолдама қа­жет пе деген сияқты сұрақтар тол­ғандыра­ды. Бірақ Лариса Гор­дееваның түсінді­руінше, сто­ма­тологиялық қыз­мет көрсетуде пациенттер үшін айтарлықтай ештеңе өз­герген жоқ.

«Тек келісімшарт жасау әдісі ғана өзгерді. Биылғы дейін сто­матологиялық емханалар қосал­қы мердігерлік арқылы медици­налық қызмет көрсетіп келген болатын. Яғни, емханалар бір-бі­рімен келісімшарт жасайтын. Ал биылғы 1 қаңтардан бастап қор стоматологиялармен тікелей ке­лісімшартқа отыратын болды. Бұл – көрсетілетін қызметтердің көлемін және сапасын тиімді бақылау мақсатында қолға алынған шара. Енді стомато­ло­гиялық емханалар қанша қызмет атқарғанын және қормен жасал­ған келісімшарт бойынша қанша қызмет көлем қалғанын өз бе­тін­ше қадағалап отыруы қажет», – деді спикер.

Өкінішке қарай, мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесіндегі стоматоло­гиялық қызмет баршаға бірдей қолжетімді емес. Оны халықтың белгілі біл әлеуметтік осал топ­тары ғана ала алады.

«Мәселен, тек балалар мен екіқабат әйелдер күнделікті сто­матологиялық күтім алуға ха­қылы. Сондай-ақ өткір ауырсыну кезінде азаматтардың он санаты үшін бұл қызмет қолжетімді. Со­ның ішінде балалар мен жүкті әйелдер, зей­неткерлер, мүгедек­тер мен оларға күтім жасайтын жұмыссыздар, соның ішінде мү­гедек балалар немесе бірінші топтағы мүгедек­тер, әлеуметтік ма­ңызды және жұқ­палы ауруға шалдыққан нау­қастар, көпбала­лы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және тағы да басқалар бар», – деп тізбектеп шықты спикер.

Бұл ретте стоматологиялық қызмет алу үшін жолдаманың қа­жеті жоқ. Бастысы, науқас МӘМС жүйесінде стоматоло­гия­лық көмек алушылардың сана­тына кірсе болғаны. Қалған адам­дардың барлығына стома­толо­гиялық қызмет тек ақылы түрде көрсетіледі. Бұл жайт кейбір адам­дардың наразылығын ту­ғызып жүргені жасырын емес. «Ай сайын медициналық сақ­тандыруға не үшін қаржы төлеп отырмын? Ешқандай дерлік медициналық қызмет түрін тегін ала алмаймын. Стоматологқа тегін баруым үшін неліктен жүкті болуым керек? Дәрігерлерге, ультрадыбыстық және басқа да зерттеулерге кезек көп. Сондық­тан ақылы қызметті таңдаймыз. Ендеше медициналық сақтан­дыруға ақы төлеудің қажеті қан­ша?» – дейді петропавлдық Майра Жүсіпова.

Жалпы, мұндай пікірді өте жиі кездестіруге болады. Кейбір адам­дардың әлі күнге дейін са­қ­тандырудан бас тартып отырға­нына негізгі себеп осы болса керек. Облыс бойынша 99 468 адам сақтандырылмаған. Олар­дың саны әсіресе Петропавл қа­ласында көп – 46 943 адам. Сон­дай-ақ Тайынша, Айыртау, Мағ­жан Жұмабаев аудандары көш бастап тұрған көрінеді. Былтырғы 1 ақпаннан бері сақтандырылған азаматтардың үлесі 0,1 пайызға ғана ұлғайған.

Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық фи­лиалының директоры Лариса Гордеева болса, шын мәнінде сто­матологиялық клиникалар амбу­латорлық негізде ұсынатын консультациялық-диагнос­ти­калық қызметтер мен манипу­лияциялардың тізімі ұзынсонар екенін айтады.

«Мәселен, пломба салдыру, алып тастау, анестезия бар. Сон­дай-ақ амбулаториялық деңгей­де жақ-бет аймағының туа біт­кен патологиясы бар балаларға ор­тодонттық палстиналар орна­ты­лады. Сонымен қатар стомато­логиялық көмекті емханаларда да алуға болады», – деп түсіндір­ді Лариса Гордеева.

Ал 2022 жылдың басынан бе­рі медициналық сақтандыру қо­рына 349 686 адамға жарналар мен аударымдар түскен. «Ау­дарылған қаражат көлемі – 14,7 миллиард теңге. Ал облыс тұр­ғындарына міндетті меди­ци­на­лық сақтан­дыру аясында меди­циналық көмек көрсетуге нақты бөлінген қаржы 21,8 миллиард теңге. Медициналық қызмет толық көр­сетілмеген немесе бас тартылған жағдайда емхананың пациент­терді қолдау қызметіне немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы не 1406 нөмірі ар­қылы медици­налық сақтандыру қорына хабар­ласу қажет», – деп атап көрсетті Лариса Болес­ла­вовна.

Жалпы, былтыр қордың об­лыстық филиалына он мыңнан астам өтініш келіп түскен екен. Арасында 250-ге жуық шағым бар. Олардың дені кезекті ұзақ күту, медицина мекемелерінде бейінді мамандардың жоқтығы, ультрадыбыстық зерттеу, ком­пью­терлік томография, МРТ қызметтерінің жеткіліксіздігіне байланысты. Қор филиалы келіп түскен өтініштерді қарастыру нәтижесі бойынша тоқсан сайын өз құзыреті аясында мәселені шешу үшін облыстық денсаулық сатау басқармасына мониторинг деректерін жолдап отырады. Өтініштердің барлығы қаралып, жүгінген адамдарға жауап беріл­ген көрінеді. Алайда өңірдің ме­дициналық саласында шешімін күткен мәселе әлі де көп екені ешкімге жасырын емес.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ