Тоқаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтап, бауырлас Тәжікстан елінің өркендеуі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентінің қазақ-тәжік арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті. Президенттер сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады. Эмомали Рахмон Душанбеде өткен ҰҚШҰ мен ШЫҰ саммиттеріне белсенді атсалысып, жемісті жұмыс атқарғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Тараптар жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалогты сақтауды және халықаралық ұйымдар аясында өтетін алдағы кездесулердің кестесін талқылады.