Turkiy adabiyot durdonalari
Turkiy adabiyot durdonalari – бұл түркі әдебиетінің жауһарлары деген сөз. Осындай атаумен Өзбекстанда жарық көрген 100 томдық антологияның 10 томы қазақ әдебиетіне арналған.
Жер бетіне тарыдай шашылған түркі жұртының басынан небір нәубет заман өткендігі белгілі. Бірақ оларды қай уақытта да ортақ мәдениет, түбірі бір тіл мен діл біріктіретіні сөзсіз. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы бүкіл түркі баласының жоғын жоқтап, барын ертеңгі ұрпаққа аманаттау бағытында түрлі мәдени іс-шара ұйымдастырып, жер-жаһанға түркі мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін таныстыруға мұрындық болып келеді. Осы ұйымның жетекшілігімен Анкара қаласында Түркі елдері жазушылар одағы құрылған болатын. Жақында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Өзбекстан Мәдениет, спорт және туризм министрлігі, Жазушылар одағы және Науаи уәлаяты әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жыр жауһары» атты халықаралық фестиваль өтті. Түркі елдері қаламгерлері бас қосқан алқалы жиын ұлы ақын Науаидың шығармашылығына арналды. Жауһар жырлар жазып, атын алтын әріптермен әлемдік әдебиет тарихына жазып кеткен данышпан Науаидың есімімен аталатын шаһар түркі жұртының мәдениетін асқақтатып, болашақ жоспарларды кеңескен кемел қалаға айналды.
Біз Ташкент халықаралық әуежайына қонғанда, ауа райының да, бізді күтіп алушылардың да жүзі жылы болды. Орта Азия төсіндегі осы бір тынымсыз шаһардың кешкі тіршілігі сырттан келген адамға өзгеше бір сезім сыйлайтындай. Біз қонақүйге жеткенде, есік алдында қазіргі түркі әлемінің абызы, Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы, жазушы Анар Рзаевпен кездестік. Ол кісі біздің алдымызда ғана Бакуден ұшып келіпті. Амандастық, Қазақстаннан келгенімізді, «Ақ жалау» деген кітабын оқығанымызды айттық, жылы күлімсіреді де, алғысын жеткізді.
Таңғы астан соң, теміржол вокзалына қарай жолға шықтық. Қасымда отырған Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Нұрланбек Қалыбеков сөзді Мағжан Жұмабаевтан бастады. «Түркі әлемінде қазірге дейін Мағжандай рухты ақын туған жоқ, оның өлеңдері сол кезде тек қазақ даласын ғана емес, бүкіл түркі топырағын тербетіп тұрды. Мен Мағжанды қайталап оқи беруден жалықпаймын, «қараңғылықтың көгіне күн болып сонда мен шықсам!» деу Мағжанның ғана қаламынан туатын жыр» деген жылы лебізімен көңілімізді бір көтеріп тастады.
Ташкент шаһарынан шыққан пойыз Науаи қаласын бетке алып, жүйткіп барады. Екі вагон ақын-жазушыны тиеп алған отарба межелі жерге дейін үш сағат жүреді. Бұндайда әңгіме ғана жол қысқартады емес пе? Анадайда отырған Башқұртстан Жазушылар одағының төрағасы, жазушы Аигиз Баймұқаметовті сөзге тарттық. Ол жас болса да, іскер, ізденгіш жігіт, жақында ғана Жазушылар одағына төраға болып сайланған-ды. «300 мүшесі бар одақты басқару қиын емес» деп әзілдеген ол, сөз арасында башқұрт тілінде сөйлейтіндердің азайып бара жатқанын, тіпті мектептерде башқұрт тілі таңдаулы пән екенін айтты да, терезеге қарап, мұңайған қалып танытты. Жер бетіндегі қай халық туған тілі үшін жанталаспайды дейсіз, Аигиз бауырымыздың да бұл сөзінде сондай астарлы да салмақты ой жатқанын сезіндік.
Қаламгерлер өзара әңгіме-дүкен құрып, Науаи шаһарына қалай жеткендерін де білмей қалды. «Құш кепсіз, Науаи шаһарына келдік» деген сөз естілісімен сыртқа қарай беттедік. Кенет дала азан-қазан болды да кетті. Сөйтсек, Науаи уәлаятының әкімі Нормат Тұрсынов өзі бастап меймандарды ұлттық ансамбльмен қарсы алып тұр екен. Өзбекше музыка, жылы амандасу, күлімсіреген жүздер алдағы сапарымыздың сәтті болатынын аңғартып тұрғандай. Көп уақыт өтпей «Жыр жауһары» фестивалінің ашылу салтанаты басталды. Ең алдымен сөз алған Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, халық ақыны Сирожиддин Саййид аталған іс-шараны бастамас бұрын Түркиядағы жойқын зілзала құрбандарының рухына бір минут үнсіздік жариялап, еске алуды өтінді. Ол сөзінде «Жыр жауһары» фестивалінің ұлы Науаидың атымен аталған топырақта өтуінің маңызы аса зор екенін, тілі бір, діні бір түркітілдес елдер қаламгерлерінің бір-бірімен танысып, білісіп, шығармашылық әлемде ортақ ойды орнықтырудың қазіргі қоғам үшін аса қажет екенін жеткізді.
Қырғызстанның халық жазушысы, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев өз сөзінде Әлішер Науаидың күллі түркі дүниесінің данышпаны, түрік тілінің реформаторы, осы тіл жүйесінің дамуына айырықша үлес қосқан тұлға екенін айта келе, «бәріміз ұлы Науаидың тұяғымыз» деп жиылған жұртты бір тебірентіп тастады. «Жақында біз Түркі елдері Жазушылар одағын құрдық. Себебі осыған дейін түркі халықтары қаламгерлерінің басын біріктірген ұйым болған жоқ. Біз осы ұйым арқылы әдебиетімізді, мәдениетімізді өзге жұртқа кеңінен таныстырамыз. Жазушылар біріксе, әдебиет бірігеді, әдебиет біріксе, мәдениет бірігеді, мәдениет біріксе, өлке бірігеді, өлке біріксе, бір туған халықтар бірігеді. Әр мәдениеттің үзігі – әдебиет. Сол үшін де біз Түркі елдері Жазушылар одағының алғашқы жиынын Әлішер Науаидың атымен аталатын мекенде өткізіп жатырмыз. Бұдан соң да түркі дүниесінің басын біріктіретін ауқымды іс-шараларда кездесе берейік», деді Сұлтан Раев.
Одан кейінгі сөзді Қазақстан Жазушылар одағының, Түркі елдері Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет алды. Ол Анкарада өткен алқалы жиында Түркі елдері Жазушылар одағының төрағасы болып сайланған болатын. «Түркінің тілін төрлеткен, өзбектің елін өрлеткен Науаи бабамыздың атындағы шаһардың халқымен жүздескенімізге қуаныштымыз. Науаи – Абай атамыздың ұстазы. Бұл түбі бір түркілердің қазірге дейін жеткен телегей теңіз білімі, дәстүрі мен салты, философиясы көктен түскен жоқ, бабамыз Науаи туындыларының арқасында бізге жеткен. Тарыдай шашылып кеткен түркі халықтарының ұрпағы есін жиып, етегін жинап, бірін-бірі тауып жатқаны, ТҮРКСОЙ ұйымының құрылып, біздің жоғалтқан дүниелерімізді түгендеп жатқаны біздің көңілімізге медет» деген ізгі тілегін білдірді Ұ.Есдәулет.
«Фарход» сарайында өткен концерт аясында Анар Рзаев Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёевтің жарлығымен «Достық» орденімен марапатталды. Президенттің құттықтау хатын Өзбекстан Президентінің мемлекет істері жөніндегі кеңесшісі Хайрдин Султанов жеткізді. «Отан рухы» деп аталатын концертте екі сағат бойы Отанға, елге, жерге, халыққа арналған мадақ жырлар мен әндерді тыңдадық. Өзбек ағайындарымыз ұлттық мемлекет құру жолында идеологияны мықтап ұстанатынын байқадық. Өмірден өткен және көзі тірі өзбектің классик ақындарының рухты жырларын нәшіне келтіріп оқыған жас ұрпақ жаңа қадамға, баянды келешекке деген үмітін байқатқандай.
Келесі күні аталған форум аясында Түркі елдері Жазушылар одағының алғашқы жиыны өтіп, өзекті мәселелер талқыланып, туысқан халықтардың Жазушылар одағының төрағалары ортақ мәмілеге келді. Фестивальге түркі елдері Жазушылар одағын құрған тәуелсіз 6 мемлекеттің қаламгерлер ұйымдары басшыларымен қатар, Түрік елінен 3 ұйым, Татарстан, Башқұртстан елдерінің Жазушылар одағы басшылары, ұлы Науаи жырларының әр елден келген аудармашылары және Өзбекстанның халық ақындары Махмұт Тайыр, Ғұсман Қари, Қазақстан, Қарақалпақстан қаламгерлері қатысты. Өзбектің көрнекті ақыны Мұхамет Әли жүргізген «Жыр жауһары» мүшәйрасында әр елден келген ақындар бірінен соң бірі лек-легімен өлең оқып, поэзияның құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Науаи жырларын өзге тілге аударғандар ішінде қырық жылдан бері үздіксіз еңбектеніп келе жатқан қазақ ақыны Несіпбек Айтұлының есімін ерекше атауға болады. Оның тәржімасымен ұлы ақынның «Хамса», «Ескендір қорғаны», «Фархат-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн» дастандары қазақша сөйледі. Ақынның бұл еңбегін ескерген өзбек жұрты өте ризашылық танытты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған Науаидың «Хамса» атты еңбегіне жазған алғы сөзінде «Мәуелі бәйтерек сынды Науаи мен Абайдың асыл мұрасы еншісі ортақ екі елді жақындастыратын бірегей рәміз қызметін атқарып келді. Ұлы ақын Абайдың ұстазы болған Әлішер Науаи классикалық поэзияның сан алуан үлгілерін ел игілігіне айналдырып, күллі түркі әлемінің жарық жұлдызы атанды» деп ұлы ақын шығармашылығына өз бағасын берген еді. Еңбегі еленген ақын Несіпбек Айтұлына Науаи қаласының әкімі Мұрат Егемқұлов «Науаи қаласының құрметті азаматы» атағын және «Өзбекстан Жазушылар одағының құрметті мүшесі» куәлігін берді.
Осы іс-шарада көңіл аударатын тағы бір маңызды шаруаның бірі – Өзбек елінде жарық көрген 100 томдық «Turkiy adabiyot durdonalari» атты түркі әлемінің әдеби антологиясы. Аталған еңбектің таныстырылымы Өзбекстан Жазушылар одағы кітапханасында өтті. Бұл 100 томдық Президент Шавкат Мирзиёевтің тікелей қолдауымен жарық көріпті.
Өзбекстан Президенті әдебиет пен мәдениетке ерекше назар аударып, оған қатысты шаруаға ерекше қолдау білдіріп отырады екен. Соның бір айғағы – Өзбекстан Жазушылар одағын өз қамқорлығына алып, Ұлттық саябақтың қақ ортасынан жаңа ғимарат салып бергені болмақ. Саябақтың бір шетінен қаламгерлер аллеясын ашып, өзбек әдебиетінің көрнекті өкілдері Науаи мен Бабырдан бастап, Абдулла Арипов пен Еркін Вахидовке дейін 25 классик қаламгерге, ұлы тұлғаларына еңселі ескерткіштер орнатқаны ел басшысының өнерге деген шексіз құрметі деп түсіндік. Сондай-ақ өзбек әдебиетін дамыту мақсатында Науаи атындағы өзбек тілі мен әдебиеті университеті бүгінде ел игілігіне қызмет етіп келеді. Ондағы көркем аударма факультеті өзбек әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға еңбек ететін тәржімашылар даярлайды. Ал Жазушылар одағы жанынан «Ижод» («Шығармашылық») атты Қор құрып, өзбек қаламгерлерінің кітаптарын басып шығаруға, шет тілдеріне аударуға жыл сайын қаржы құйып отыратынын естіп, сүйіндік. Ал әдеби газет-журналдарды қаржыландыру мәселесін ұлттық компанияларға жүктепті. Бір қуантарлығы, жас қаламгерлерге арнап көппәтерлі үй мен жатақхана салыныпты. «Міне, Мирзиёевтің әдебиетке қамқорлығы осындай!», деді Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Саййид риза көңілмен. Бұл да біз үшін тәжірибе боларлықтай іс екен деген ой түйдік.
Түркі әлемінің әдеби антологиясының 10 томы қазіргі қазақ әдебиетіне арналыпты, оның ішінде 80-81 томдар – поэзия мен проза антологиясы. Бұл да болса, әдебиетіміздің туысқан елдерге жаңа қырынан таныстырылуының бастауы болмақ.
Осылай бес күн бойы ала тақиялы ағайынның дастарханынан дәм татып, суын ішіп, ұлы Науаи рухына тағзым етіп қайттық. Көз алдымызда «Құш кепсіз» деп қошемет көрсетіп тұрған ақ көңіл де қонақжай өзбек ағайынның бейнесі қалып қойды. Мүмкін ол мекенге әлі талай баратын шығармыз.
Астана-Ташкент-Науаи-Нұрата-Астана