ТЫЙЫММЕН ЖҮРУ ТИІМДІ МА?
Қазақтың қастерлі қасиеттері мен ұлы ұғымдары жетерлік. Соның бірі – тыйымдар. Жалпы қазіргі таңда тыйыммен жүру қаншалықты тиімді? Бүгінгінің жастары оны өз деңгейінде ұғына алып жүр ма?
Әлқисса… Қазақ тыйымдары – асыл қасиеттерді танып-білуге бағытталған бабалар өсиеті. Бір сөзбен айтқанда тәрбие құралы деуге тұратын құндылық. Әр сөздің астарына үңіле қалсаң, түйсігіңді кеңейтетін ой қайнарлары бастау суындай шымырлап жатады. Бос бесікті тербетуге болмайды. Жаңа туған баланың кіндігі қатқанша, күн батқаннан кейін оттың күлін шығармайды. Басты шайқауға, тісті қайрауға болмайды. Отпен ойнама, от басын сабама. Құс ұясын бұзба. Басыңды шайқама. Көкке, желге қарап түкірме. Қараңызшы, не деген ойлы, тәрбиелік мәні зор қағидалар. Есіңізде болар, байырғы жақсыларымыз баласы ес кіргеннен санасына сіңіріп, айталық бос бесікті тербетудің жақсы ырым еместігін, басты шайқау, тісті қайрау жүйке сыр бергендігінің белгісі екендігін, көкке, желге қарап түкіру – түкірігің өз бетіңе келіп тиеді деп, тәртіп бұзбай жүруге үйреткен. Қала берді «Босағаны керме. Табалдырықта тұрма. Таңдайыңды тақылдатпа» деп жиі еске салып отыратын. Көпке топырақ шашудан аулақпыз әрине, бірақ мұндай тәрбиелік көріністерді көп кезіктіре бермейміз.
Оны заманның өзгеруіне әкеп жаба салудың қажеті шамалы. Себебі бабалар үлгісіндегі тыйым қарғадайымыздан жанымызға дарып, ойымызға қонған тыйымдардың тәрбиелік мәні зор. Сол үшін де оның ұмыт қалуы әбестік. Анығында, тыйымдардың түп-тамырында тәрбиелік қағидалармен қатар, темірдей тәртіп те жатыр. Ол конституция секілді сан-сан тарау бабымен емес, қысқа да нұсқа түйінімен түйінделген.
Өкініштісі, бұл темірдей тәртіпті, ата-бабадан мирас болып қалған тыйымдарды айтып отыруды әлсіреттік. Үйдегі бала не айтса, соны орындап, қалауын екі етпей орындауды қалыптастырып алғанымыз рас. Өзім білемдік осыдан шығып жатыр емес пе?! Сол үшін ел ертеңдерін жат қылыққа әуестендіріп алмас үшін бүгін бүтін іс істемей, жартыкештікпен «жарылқасақ» ертең өкіну былай тұрсын, опынып қалуымыз мүмкін.Қанында, жанында, ділінде ұлттық тәрбиесі жойылмаған халықтың қабырғасы қатаяды. Қай ұлттың болсын сүйегімен бірге жаралған қасиет жыл ғана емес, ғасырлар өтсе де жойылмайды.
«Қызға қырық үйден тыйым» дегенді ескермей, оны айтатын әке-шеше күнкөрістің қамымен кетіп, біраз қыздарымыз жаман атқа ілінді. Осы тұста алдыңғы буындар өзінің айбынымен көрініп, ұлттық тыйыммен тәрбие беріп, тәртіпті жолға салуы шарт. Егер олай істей алмасаң, жас шыбықтың бір жағына қарай бұрала өсуі табиғи құбылыс демеске шараң қайсы.Егер ұлт ұлы тағылымдары жүрегі қазақ деп соққан әр жанның бойында тұрса, тыйымдар көңіліне мықтап орнықса, жат қылықтар тыйыларына иманымыз кәміл. Оған арғы бүтін қазақтың тірлік-тынысы дәлел бола алады.
Көбінде заманның өзгеруін алға тартып, еркіндікті желеу етіп, өзіміз де, ұрпағымыз да еркелікке ұрынып, тәртіптен ауытқып, тәрбиеден көз жазып қала беретінін жасыруға келмес. Әркім өзі біледі деген «қағиданы» ұстанып алып, ұл-қызды бетімен жіберуден пайда емес, зиян көреріміз анық. Сол үшін қазақ тыйымдарындағы тәрбие мен тәртіпке шақырған қағидаларды көкейімізде жаңғыртып, онда кие мен құттың барын ұқсақ ұтылмаспыс. Қай-қайсымыз да: «Үйге оң аяғыңмен кір, құт қонады. Ұрлық, зорлық қылма, құрдымға кетесің. Баланы шошытпа, атқа теріс отырма. Ас ішіп болған соң «тойдым» деме, қанағат де» басқа да халықтық қағидатқа құндылығымыз арта бермек. Заманның өзгеруіне байланысты кейінгі болмыс уақытша желпінгенмен – тыйымның қаншалық тиімді екенін ұғынары хақ.
ТҮЙІН: Ұдайы жақсыға жақсылық жаса, пенделік қылықтан бойыңды да, ойыңды да ада ұста, адамдықтан кетпе, адалдықты сақта, соны серік ет дейтін үлкендіріміз көп болсын. Себебі кісілік пен кішілікті ұқтырар ұғымның арғы жағында кемел бол, кең бол, кем болмайсың деген ғаламат ғақлия жатыр. Тыйымға тыйылған, құндылықты құнттаған ұлт адаспайды, жолынан жаңылмайды.
Сұлушаш МАДИЯРОВА