Украина – Ресей: Қажытқан қақтығыс

0
251

Украина – Ресей

Биыл адамзаттың наза­рын аударған көптеген оқиға болғаны белгілі. Соның бірі әрі бастысы – Ресей мен Украина арасындағы гео­сая­си қақтығыс. Басталға­нына жылға жуық уақыт өткен май­данның келешегіне қа­тысты болжам көп. Осы тұста біз де жағдайға шолу жасап, екі ел­дің ахуалын шамалап көрдік.

Сүреңсіз сценарий

Жалпы, Ресей тарапы әу баста ісінің әлқиссасын аңдысуынан-ақ аңғартқандай еді. Мәселен, соғыс басталмай тұрып, бірнеше ай бойы Ресей Украина шекарасы маңына мыңдаған әскерін әкеліп, Беларусь әскерімен бірігіп жаттығу өткізе бастады. Қаңтардың басында «Ре­сей Украинаға басып кіруі мүмкін» деген алғашқы ақпарат шыққан. Ақпанның ортасында АҚШ, Ұлы­британия соғыс баста­латыны жай­лы бірнеше мәрте мәлімдеді. Бә­рінде де Мәскеу Батыс елдерінің мәлімдемесін жоққа шығарып кел­ген еді. Сонымен, 21 ақпанда Ресей Украинаның шығысындағы сепаратистердің «ДХР» мен «ЛХР» деп аталатын жікшіл аймақ­тары­ның тәуелсіздігін мойындап, 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға ба­сып кірді. «Әскери операция» атан­ған бұл жайттың халыққа зар­дабы орасан тиді: Киев, Харьков, Херсон қалала­рын­да жарылыстар болды. Хош, бұдан кейінгі оқиға­лардың бәрін тізбек­теп жатпаймыз. Екі тарап жақын арада келісімге келе қоймайтынын да анық бай­қатты. Енді қай ел өз мүддесін қор­ғауда айласын асыра алып жат­қанына тоқталсақ.

Алғашында абдырағандай кө­рінген Украина қазір ұрыс дала­сында да, ақпараттық соғыста да өз ықпалын сездіре бастады. Әсіресе, екінші тұста. Байқасақ, Украина ақпарат тарату мәселесіне келгенде бәрін жүйелі түрде істеп отыр. Ал Ресей жағында деректің ашықтығы жоқ. Бір ғана мысал, 24 ақпаннан 23 желтоқсанға дейін Украина аумағында Ресей әскерлерінің 100 950 адамы шығынға кеткен. Бұл туралы Украина Қарулы күштерінің Бас штабы мәлім еткен. Сондай-ақ олар 3005 (+2) танк, 5986 (+5) брондалған жауынгерлік машина, 1984 (+6) артиллериялық жүйе, 414 (+1) дүркіндетіп ататын реактивті жү­йесін, 212 әуе қорғанысы құра­лын, 283 ұшақ, 267 тікұшақ, 1698 (+5) жедел-тактикалық деңгейдегі ҰҰА, 653 қанатты зымыран, 16 кеме/қайық, 4622 (+7) автомобилін жойған. Осының өзі Украи­на жа­ғының ерлігін ай­қын­дап тұрғандай көрінеді. Кез келген мәлімдеме­сінде ашық әрі нақты фактілер арқылы қарсыластың мысын баса біледі. Соңғы кездер­де ресейлік жауынгерлердің ша­буылдан қорға­ныс­қа ойысқаны айтылады. Бұдан бұрын Украи­наның Ұлттық қа­уіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алек­сей Данилов ре­сей­ліктерде үш-төрт шабуылға жететін зы­мыран қоры қалғанын мәлім­деген еді. Оның үстіне Украина әске­рилері Ресей қолданып жүрген ирандық дрон-камикадзені атып түсіруді әбден меңгерді.

Тағы бір айта кететін жайт, осы айда Ресейдің үш қаласындағы әскери аэродромдарға дрондармен соққы берілгені есімізде. Үш жа­уынгер қаза тауып, бомбалаушы ұшақтар зақымданды. Киев бұл шабуылдар үшін жауапкершілік алған жоқ. Дегенмен, Кремль де, кейбір батыс басылымдары да майдан шебінен 500-700 шақырым жерде орналасқан авиабазаларды Украина атқылады деп есептейді. Бұл мәліметтер рас болса, Киев Ресейдің азаматтық инфрақұры­лымды кедергісіз қирататын мүм­кіндігіне қауіп төндіріп тұр.

Украинаны қорғаушылар Киев­тің шетіндегі аэродромды ба­сып алуға әрекеттенген ресейлік элиталық десантшыларды соғыс­тың алғашқы сағаттарында-ақ жойды. Сәуірде олар Ресейдің Қара теңіздегі флаг­мандық крейсері «Москваны» құрдымға жіберіп, жақында Путин «мәңгілік Ресей­дікі» деп жария­лаған Херсонды азат етті. Сонымен, осы күні Ресей шабуылдан қор­ғанысқа көшіп, жүз­деген резервисті сапқа тұрғы­зып, оккупациялаған территория­ларды уысынан қайтсе де шығарып алмауға жанталасып жатыр. Ке­зінде Киевтің бірнеше күнде күй­рейтінін болжаған әскери сарап­шылар бүгінде Украинаның жеңіс­ке жету мәселесін күн тәрті­біне шы­ғарды. Ал Киев Ресей әскерін бүкіл елден, соның ішінде 2014 жы­лы уысынан шыққан Қы­рым­нан да қуып шыққанша тоқта­майтынын ескертіп отыр.

Қанша уақытқа созылары беймәлім

Бұл тақырыптың айналасын­дағы әңгімелер қазір «соғыс қашан бітеді?» деген сауалға жетелеп жат­қаны анық. Әр жерде болжамдар да жетерлік. Жоғарыда айтқа­ны­мыздай, екі тарап өз мүддесін со­ңына дейін қорғайтыны анық. Яғни, белгілі бір келісімнен дәме­ле­нудің реті жоқ секілді. Екі жақ­тың алдында жаңа проблемалар жол тосып тұр. Ресейдің шегі­ністері, соның ішінде кең Днепрдің арғы жағына өтіп, майдан шебін әл­деқайда қысқартқаны олардың бекіністерін күшейте түскені дау­сыз. Осыдан соң Украинаға күзде соғыстың бағытын өзгерткен же­тістіктерді қайталау мақсатында қарсыластың осал тұстарын табу қиынға соға бастайтындай. Десе де, қыс мезгілі украиналықтарға ба­сымдық беруі де мүмкін. Себебі олар енді Ресейде таяуда ғана әс­керге шақырылған, майданда аса тәжірибесі жоқ резервистермен шайқаспақ. Мәскеу болса жауын­герлерін мыңдаған шақырым жер­ден тамақтандыруға, керек-жара­ғымен қамтамасыз етуге тиіс. Осы тұста АҚШ-тың Еуропадағы құр­лықтық күштерінің бұрынғы қол­басшысы Марк Хертлингтің со­ғыс­қа қатысты бір ойы назар аудартады.

«Украина әскері осы уақытқа дейін ресейліктерге шеберлікпен шабуылдап, тойтарыс беріп келді. Алайда оған қарсыластың шығыс­тағы қорғанысын бұзып, оңтүс­тіктегі Днепр өзенінен өту қиын болады. Дегенмен украин жауын­герлері бәрібір табысқа жетеді, бірақ тез арада емес», – деген ол.

Біздің білетініміз, соңғы уа­қытта соғысты аяқтау немесе оған үзіліс жариялау жайлы келіссөздер жүріп жатқан жоқ. Киев тіпті уа­қытша бітімнің өзі Ресейге қайта топтасып, басып алынған жер­лер­дегі позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді деп есептейтіндей. 2022 жыл аяқталуға жақындағанда Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына зымыран­дар­мен соққы беріп, миллиондаған украиналықты қаратүнекке баты­рып, жылусыз қалдырды. Мәскеу осылайша Киевті өз шарттары бойынша келіссөздерге көндіруден үмітті. Украина көршісінің зымы­ран­дарымен азаматтық ныса­н­дарды қира­туын әскери қылмыс деп есептейді. Өйткені оларды азаматтарының жай-күйі алаңдат­пай қоймайтыны белгілі.

Қорыта айтқанда, бұл қақтығыс екі ел үшін де аумалы-төкпелі ке­зеңде тұр. Дегенмен соңғы кезде Украина тарапының басымдығы байқалады. Бұлай жалғаса берген күннің өзінде тараптардың бір-біріне илігуі қиын-ақ. Шамасы, бұл тақырыпта әлі талай толғанамыз.


Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз