Ядролық қауіпсіздікті сақтау маңызды

0
462

Бүгінде ядролық технологияларды адамзат өмірінің қай саласында да тиімді пайдалануға болатынын ғалымдар дәлелдеді. Бұл ретте Ядролық физика институтының ғалымдары соңғы жылдарда ғаламдық экологиялық сипат алған, тіршілік көзі – суды, азық-түлік өнімдерін залалсыздандыруда радиациялық өңдеу әдісінің заманауи мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін алға тартып отыр.

Ядролық физика институты Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығының базасында өткен семинарда еліміздің атом саласы ұйымдарының бірінші басшылары институт тарихындағы ғылыми жетістіктерімен қатар радиоактивті материалдармен жұмыс істейтін орындарда қауіпсіздікті жетілдіру мен қадағалау мәселесін талқылады. Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің қолдауымен АҚШ Қорғаныс министрлігінің «Жаһандық ядролық физикалық қауіпсіздік» қатерін азайту агент­тігінің бағдарламасы аясында өт­кен семинар жұмысына Ядролық фи­зика институтының, Атом және энер­гетикалық қадағалау және ба­қылау комитетінің, «Қаз­атом­өнеркәсіп» ұлттық компания­сы­ның, Ұлттық ядролық орталық­тың, «Үлбі-ТВС», «Үлбі металлур­гия зауыты», «МАЭК» кәсіпорын­да­рының және «Ұлттық ұланның» басшылары қатысты.

Атом және энергетикалық қа­да­ғалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде 30 жыл ішінде көп­теген бірлескен жұмыстар жүр­гізілгенін атап өтті.

– Комитет АҚШ-пен ынты­мақ­тастық бағдарламаларының уәкілетті өкілі әрі үйлестірушісі болып саналады. Бұл ынтымақтастық 1993 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімнен бастау алады. Қазіргі күнге дейін ядролық нысандарда ядролық-физикалық қауіпсіздікті жаңғыртуды қамтама­сыз ету бойынша көптеген жоба іске асты. Ынтымақтастық аясында Ядролық физика институтында ядролық қауіпсіздік бойынша оқу орталығы ашылды, – деді Ғ.Серғазин.

Семинарға қатысқан АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Каролин Сэвидж әскери қауіпті төмендетуге бағытталған бағдарламаға қолдау білдіре келіп, Қазақстанның ядро­лық қауіпсіздік саласындағы рөліне, осы бағыттағы әріптестікке тоқталды.

Семинарды ұйымдастырушы компания өкілі Александр Васи­льевтің айтуынша, мақсат – ядро­лық-физикалық қауіпсіздікті нығай­тумен қатар, іс-шараларды барлық талапты қатаң сақтауға бағыттау. Соңғы сегіз жыл көлемінде үздіксіз жалғасын тауып келе жатқан қауіпсіздік шараларын нығайтуға қатысты ақпараттар радиоактивті материалдарды қолдану және тасымалдау кезінде аса қажет.

Атом қауіпсіздігін арттыруға арналған семинар барысында 65 жылдан астам тарихы бар, атом саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстардың толық циклін жүр­гізіп отырған Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев ядролық технологияларды игерудегі ғалымдар жетістіктерімен және алдағы жос­парларымен бөлісті. Бүгінде институт өнімдері елімізде ғана емес, әлемнің бірқатар еліндегі өнді­ріс­терде жоғары сұранысқа ие.

– Институтта іргелі және қол­данбалы зерттеулермен қатар өнеркәсіп, медицина саласы үшін радиоизотоптар өндірісі жол­ға қойылған. Қатерлі ісікке шал­дыққан науқастарды диагностикалау және емдеу бағытындағы өнімдер республикадағы онколо­гиялық орталықтарда пайдала­нылуда. Қазіргі таңда Қазақ­стан­да өндірілетін барлық радио­фармпрепараттардың 95 пайызы осы институтқа тиесілі. Бүгінде инс­титут 30-дан астам жетек­ші халықаралық ғылыми-зерттеу ­инс­титуттармен және жоғары оқу орын­­дарымен тығыз жұмыс істейді. Жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кезеңде кадрлар даярлау­да институттың тәжірибе алаңы әрі базасы қолжетімді. Осы бағытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен өткен жылы жасалған консорциалдық келісім аясында институт базасында атом электр стансасы мамандарын даярланатын болады, – деді С.Сахиев.

Ядролық технологиялардың за­манауи мүмкіндіктерін игеруде институтта материалтану, ядролық технологиялар, геофизика, археология, палеонтология өндіріс орта­лығы жұмыс істейді. Осы тұста нейтронды радиография және томо­графия қондырғысы, нақты айт­қанда нейтронды радиографияны археологиялық зерттеулерді 3D моделі арқылы зерттеуге болатынын институт ғалымдары дәлелдеді. Ядролық технологиялардың ауыл шаруашылығы, экология үшін де игілігі зор.

Оқу курсы шеңберінде қауіп­сіздік шаралары, ішкі қауіпті бол­дыр­мау және азайту, адам ресурс­тары­ның өнімділігін арттыру, маман­­дар даярлау, ядролық технология­ларды тіршілік көзін жақ­сартудағы жоба­лар­да қол­данудың тиімділігі айтыл­ды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ