Қылмыстық топтың басшысы 26 жылдан кейін сотталды

0
75
Фото: ашық дереккөзден
Ол СҚО мен Ақмола облысында аса ауыр қылмыстар жасаған

Ақмола облысында 26 жыл бұрын кісі өлтіріп, қарақшылықпен айналысқан ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, қылмыскер 1998 жылы қылмыстық топ құрып, пайда табу мақсатында тұрғындарға қарулы шабуыл жасаған. Сотталушының басқаруымен ұйымдасқан қарулы топ полиция қызметкерінің формасын, арнайы таяқшаларды, қызметтік көлікке арналған арнайы шамдарды, мемлекеттік нөмірлерді пайдаланған.

Бір жыл ішінде (1998-1999 жылдары) қылмыстық топ Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында бірқатар аса ауыр қылмыстар жасаған. Банда мүшелері автокөліктерді тоқтатып, жүргізушілерді өлтірген, одан соң олардың мәйіттерін шұңқырға көмген, – делінген іс құжаттарында.

Сотталушы жалған құжаттарды пайдаланып, тергеу мен соттан жасырынып, іздеуде жүрген. Ол тек 2024 жылдың қаңтарында ұсталған.

Айыпталған қылмыстар бойынша сотталушының кінәсі, оның ішінде 5 адамды өлтіргені, куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және 1999 жылғы қарулы топтың басқа мүшелеріне шығарылған үкіммен дәлелденді, – делінген сот хабарламасында.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Жәбірленушілер сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушы ҚК-нің 237-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылды және ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру және жаңа қылмыстардың алдын алу мақсатында сотталушы ҚК-нің 96-бабының 2-бөлігінің «А, Ж, З, Н» тармақтарымен (1997 жылғы редакциясы) кінәлі деп танылып, 25 мерзімге бас бостандығынан айырылды, – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ