Ғылым дамыса, бәсекелестік артады

0
141

Әр мемлекеттің деңгейі оның білімі мен ғылымының дамуына, кадрлардың нарықтағы бәсекелестікке лайықты болуына байланысты. Бұл тұрғыда бүгінде заманауи дамыған ең жақсы жоғары оқу орнында білім алып, нарықтағы сұранысқа лайықты мамандықтың иегері болу – әрбір жастың арманы. Қазіргі қазақ жастарының, әсіресе, ауыл балаларының білім мен ғылымды игеруге құлшынысы өте зор. Оны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде оқитын білімгерлерден байқауға болады. Мұндағы студент-жастардың басым бөлігі – ауылдың түлектері.

Елімізде бүгінде 6 293 ауылдық елді мекен бар. Ел халқының 7,7 мил­лио­ны немесе 40 пайыздан астамы ауыл­ды жерлерде тұрады. Бірақ ондағы жас­тардың қалаға кету үрдісі басым. Ал жоғары білім алған жастарды қайтадан ауылға тұрақтандыру, жұ­мыс­пен қам­та­масыз ету мәселесі әлі де күр­делі болып отырғаны шындық. Тығы­рық­тан шығудың басты жолы – агро­өнер­кәсіп саласын жүйелі дамыту, елді мекендердегі инфрақұрылым жүйелерін заманауи талаптарға сай жаңғырту. Сон­дықтан тұрғындарды таза ауызсу, жа­рық, газбен қамту, мектептер мен ауру­ханалар, спорт алаңдарын салу, интер­нет желісін дамыту әрқашан мемлекет пен қоғамның басты назарында тұруға тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін көтеру үшін елімізге жас білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды қолға алуды тапсырамын. Ал жоғары оқу орындары осы мамандарды сапалы даяр­лауына жауап беруге міндетті» дегені бә­рі­мізге мәлім.

Ауыл шаруашылығын көтеру үшін осы салаға көптеп маман даярлау, соның ішінде бәсекеге қабілетті, инновациялық технологияларды толық меңгерген жаңа буын кадрларды оқытып-тәрбиелеуіміз қажет. Бұл бағытта Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университетінің алар орны ерекше. Қарашаңырақ елімізде ең ал­ғашқы ашылған жоғары оқу орын­да­ры­ның бірі. Құрылғаннан бергі 93 жылда 150 мыңнан астам білікті маман даярлап шығарды. Соның ішінде 25 Социалистік Еңбек ері, 70-тен аса Парламент депутаты, көптеген мемлекет және қоғам қай­рат­керлері, 12 мыңдай академиктер, докторлар, білікті мамандар ел игілігі үшін абыройлы қызмет етіп келеді. Мен де сол түлектердің бірімін. Осы уақытқа дейін жасаған еңбегім, жеткен жетістіктерім осы университетте алған білімім мен тәжірибемнің арқасы деп білемін.

Бұрынғы екі ірі институттың негі­зінде құрылған университетімізде қазір­гі таңда 6 факультет жұмыс істейді. Әр факуль­теттің өзіндік бағыттарына сәй­кес білім беру бағдарламалары бар және білім алушылар әлемдік стан­дарт­тарға сай (бакалавриат, магис­тра­тура және докторантура) үш дең­гей­де дайындықтан өтеді. Атап айт­сақ, «Агробиология» факультетінде оқи­тындар егіс алқаптарын тиімді пай­да­лану, дала жұмыстарын жүргізу, инно­вациялық технологияларды қол­дану, өсімдік сорттарын таңдау, өнім­дік тұқымның жай-күйін анықтау және оларды егіске дайындау сияқты дағды­­ларды терең меңгереді. «Техно­ло­гия және биоресурстар» факуль­те­тін­де тамақ өнімдерінің технологиясы мен сапасын анықтау, өсімдік және мал өнімдерін қайта өңдеу, тамақ өнім­дерін шығарудың қолданыстағы технологияларын жетілдіруді үйренеді.

Инженерлік-техникалық факуль­те­тін­де оқитындар машина-трак­тор паркін өн­дірістік, техникалық пай­далану, жөн­деу, техникалық қызмет көрсету және сақтауды ұйымдастыру; машина жасау негіздерін, технологиялық процестерді және технологиялық жаб­дық­тауды меңгеру; жолаушылар тасы­малын басқару, жол қозғалысын ұйым­дастыру және бақылау сияқты күр­делі бағдарламаларды игерген бес­аспап маман болып шығады. «Вете­ри­нария» факультетінде білім алатындар аты ай­тып тұрғандай, жануарларды емдеу әдіс­темелерін қолдану; ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу, шаруашылықтарда, кәсіпорындарында ұйымдастырушылық мәселелерді шешу, ғылыми-зерттеулер жүргізу, вете­ри­нар­лық-санитарлық ережелердің орындалуын бақылау, биологиялық және тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қа­тысты мәселелерді зерттеу бойынша біліктілікке ие болады.

Су, жер және орман ресурстары фа­куль­тетінде әлемдік үздік инно­ва­­циялық технологияларды, жаңа білімдерді іздеу және оларды жергілікті жағдайларға бейімдеу; су қауіпсіздігі, жер, орман қорларын қорғау, әрі тиімді пайдалану жолдарын анықтау; табиғи ресурстарды пайдалануды бақылау, мониторингтеу және бағалау; жер ресурстарының жай-күйі мен қолданылуының тақырып­тық кар­таларын жасау және тағы да басқа нақты бағыттар оқыты­лады. «Биз­­нес және құқық» жоғары мек­те­бін­­де экономикалық және ұйым­дас­ты­рушылық сипаттағы міндеттерді шешу; бизнес үдерістерді жоспарлау, ынта­ландыру және бақылау; өндірісті басқару, тауар немесе қызмет түрлерін, сапасын жылжыту, жарнамалау, өткізу, тарату іс-шараларын іске асыру; кәсіп­орын­дардың бухгалтерлік есептерін кәсіби деңгейде ұйымдастыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы заңна­ма­ларды жан-жақты игерген білікті мамандар дайындалады.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу уни­вер­ситеті өзінің инновациялық дамуында университет, кәсіпорындар, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар кіретін аграрлық мамандықтар мен орман ресурс­тары бойынша QS әлемдік рейтингінде №1 жоғары оқу орны болып саналатын Вагенинген университетінің (Нидерланд корольдігі) тәжірибесін назарға алады. Шетелдік басқа да үздік оқу орындарымен байланысты нығайтудамыз. Мысалы, жақында АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің мәдениет және білім мәселелері жөніндегі атташесі Эмбер Ора ханыммен кездесіп, ҚазҰАЗУ мен АҚШ-тың жетекші университеттері арасындағы әріптестікті дамыту мәсе­ле­лерін талқыладық. Сондай-ақ Мажарстанның Алматыдағы Бас консулы Ференц Блауманмен кездесіп, ҚазҰАЗУ базасында Мажарстан ауыл шаруашылығы және жаратылыстану ғылымдары университетінің (МАТЕ) филиалын ашу мәселесін қозғадық. MATE – бү­гінде салалас 4 университет пен 11 ғы­лыми-зерттеу институтын біріктіріп отырған Орталық Еуропадағы ең ірі және жетекші ауылшаруашылық жоғары оқу орны. Бұл жобаларымыз іске аса қалса, агроөнеркәсіптің өзекті мәселелері бо­йынша бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға жаңа мүмкіндіктер туары сөзсіз.

Тағы бір маңызды мәселе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында сұ­ра­нысқа ие мамандарды даярлау мақ­са­тында мықты базалық жоғары оқу орын­дарын айқындау жөнінде зор мін­дет қойған болатын. Осыған орай, ҚазҰАЗУ-ды еліміздің су саласы үшін жаңа буын кадрларын даярлау жөніндегі база­лық жоғары оқу орны ретінде айқын­дау мәселесін ұсынып отырмыз.

Біздің университет білім беру са­ласын­дағы кадр даярлайтын жоға­ры оқу орны ғана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіп саласын дамыту мақ­са­тын­да өзекті ғылыми жобаларды орындап, оның нәтижесін өндіріске енгізу, ғылыми жетістіктерді, инновацияларды құру және дамытудағы көшбасшы орталық болып саналады. Бір ғана мысал, университет ғалымдарының қа­тысуымен «Агроуниверситет» оқу-тә­жірибелік шаруашылығы базасында дақылдардың 15 түрі бойынша 100-ден астам жоғары өнімді сорттары отыр­ғызылып, жергілікті климаттық жағ­дайға бейімделді.

Қазіргі күні көптеген ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің тұқымын, көшетін ше­телден алып отырмыз. Шын­ды­ғына келсек, Қазақстан осы өнім­дер­мен өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Елі­­міздің агроөнеркәсіп кешенінің ин­но­вациялық дамуына ықпал ету үшін, үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және енгізу мақсатында АҚШ, Ни­дерланд, Италия, Қытай, Ресей сияқ­ты ел­дермен нақты ғылыми жобалар шең­берінде ашылған 4 ғылыми-зерттеу институты, 8 инновациялық орталық, 49 заманауи зерттеу зертханасы, 18 халықаралық зерттеу орталығын біріктірген Агротехникалық хаб жұмыс істейді.

Университетте қолға алынып жатқан түрлі ғылыми жобалар жеткілікті. Соның ішінде ең сәтті жүзеге асырылған жо­баның бірі – «UAV GROUP». Жас ғалымдар ұшқышсыз басқарылатын, бортында арнайы сенсорлары бар ап­парат­тардың көмегімен жерді қа­­шық­тықтан зондтау әдісін енгізді. Зерт­теу нәтижесінде алқаптардың ин­терактивті карталары жасалынды. Бұл технологиялар фермерлерге ты­ңайт­қыштарды, гербицидтерді қол­дануды оңтайландыруға көмек­те­седі, дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Корнелл универ­си­тетімен бірге 2019 жылы ашылған Өсім­діктерді микроклоналды көбейту зерт­ханасында 3 млн данаға дейін бак­териалдық күйікке және басқа да ауруларға төзімді, жаңа сау көшеттер алынады.

Сондай-ақ заманауи ең озық 75 трактор, комбайн және басқа да ауыл шаруашылығы техникасымен толық­тырылған Қазақстан-Беларусь агро­ин­женерлік инновациялық орталығы, 14 зерттеу лабораториясын қамтитын Халықаралық су хабы университет ғалымдарына халықаралық, ұлттық ғылыми жобаларды орындауға және олар­дың нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік берді. Жыл сайын уни­вер­ситеттің 700-ден астам студенті шар­уа­шылықтарда 7 айға дейін тәжіри­бенің барлық түрінен өтеді, бұл оларға инновациялық технологияларды – «ши­кі­заттан дайын өнімге дейін» толық мең­геруге жол ашты.

Бүгінде жүйелі жұмыстар нәтиже­сінде университет 9 ұлттық және халық­аралық рейтингте жоғары көрсет­кіш­терге қол жеткізіп отыр. Қазіргі уақытта QS рейтингісінде әлемдегі ең үздік 5 мың университеттің арасында 481-орынды, QS Азия аймақтық рейтинг бойынша 200 үздік университет қатарында 162-орынды, Орталық Азия университеттері арасында 5-орынды иеленді.

Мақсат – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингі бар әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университеті атану. Ол үшін білім-ғылыми инфрақұрылымдарды кеңейту, көшбасшылық қасиеттерді, стратегиялық бастамалар мен инновацияларды ынталандыруға бағытталған тиімді менеджментті дамыту басты назарымызда болмақ.

Адам баласы тек білім-ғылым арқы­лы ғана дүниені таниды, табиғаттың құпия сырларын дамытады, техниканы өрістетеді, қоғамды ілгері бастырады. Болашағын айқындап, келешекке бағыт белгілейді. Осы орайда, мектепті үздік бітірушілер, пәндік олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары, талантты балалар университетімізге жеңілдікпен қабылданатынын баса айтқым келеді. Оқу орнымызда білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған. Ғылыми-танымдық орталықтар, студенттердің өзін-өзі басқару ұйымы, дебат клубы, мәдени-спорттық үйірмелер тұрақ­ты жұмыс істейді. Студенттік 10 үй әлеу­мет­тік-тұрмыстық қызмет көрсетеді.

Әрине, оқу дегеніміз диплом алумен аяқталмайды. Ол өмір бойы жалғасатын, толыға беретін асыл қазына. Тек өз ісінің нағыз маманы ғана алған білімін, тәлім-тәрбиесін өмірде, нақты істерде қолдана алады. Түлектеріміздің өз ауылдарына барып, алдыңғы қатарлы маман ретінде елге қызмет істеуін бә­рі­міз қалаймыз. Ол үшін дипломды жастарды ауылдық жерлерде тұ­рақ­тандыру мәселесін мемлекеттік дең­гей­де қарастыруды, алыс аймақтарда әлеуметтік, мәдени, спорт шараларын жүйелі ұйымдастыруды, жастардың рухани өсуін қалыптастыруды тұтас қо­ғам болып бірлесе ойластырғанымыз жөн. Бұл абыройлы міндетті жүзеге асырудың түпкі мәні – еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа биіктерге көтеру, аймақтарды жаңғырту.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы-ректоры, ҰҒА академигі 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ