Қызылорда облысының құрылуы

0
279

КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясы аясында 1938 жылы 15 қаңтарда өткізілген Одақ Кеңесі мен Ұлттар Кеңесінің біріккен мәжілісінің күн тәртібінде Одақтас республикалар құрамында жаңадан облыстар құру арқылы КСРО Конституциясының кейбір баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. Қорытындысында КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР құрамында Гурьев, Қызылорда, Павлодар облыстары құрылды.

Сонымен, бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында болып келген Қызылорда, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласы және Ақтөбе облысынан Арал ауданы бөлініп, өз алдына отау тігіп, Қызылорда облысы атанды. Сол уақытта Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қызылорда облысы бойынша ұйымдастыру комитеті өз қызметіне кірісті, ол облыстық атқару комитеті құқығына ие бола отырып, барлық ұйымдастыру жұмыстарымен айналысты.

Осы жылы 8 ақпанда Қызылорда ауданы таратылып, Тереңөзек, Сырдария аудандары құрылды, ал 10 ақпанда Жаңақорған ауданы құрамынан Шиелі өз алдына дербес аудан ретінде бөлініп шықты. 1939 жылы 17 қазанда Жалағаш ауданы құрылды. Осымен, Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бөлінуі бір жүйеге келтірілді.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қызылорда облысы бойынша ұйымдастыру бюросы 1938 жылы 13 ақпанда құрылған болатын. Осы жылдың маусым айында облыстық бірінші партия конференциясы өткізілді. 1939 жылы үшінші бесжылдық жоспары бекітілді.

Облыстық архив қоры құжаттарынан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ