«Қызылорда-Жезқазған» автожолы: үш учаскіде асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақын.

0
59

фото:Қызылорда облысы әкімдігі баспасөз қызметі

Қызылорда облысында республикалық «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде үш учаскіде жұмыстар аяқталуға жақындады. Осыған орай, ҚР Көлік министрлігінің бастамасымен Автомобиль жолдары комитеті мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мамандары және «ҚазАвтоЖол» АҚ компаниясы бірлесіп, БАҚ өкілдеріне «Сапа керуені» баспасөз турын өткізді.
Қызылорда мен Жезқазған аралығында 424 шақырым жолдың 204 км Сыр өңірінің аумағына тиесілі. Еліміздің орталығы мен оңтүстігін жалғайтын төте жол көлік логистикасын жақсартып қоймай, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда маңызы зор. Сыр өңірінде күре жолдың біршама бөлігінде жабынның жоғарғы қабаты төселіп, үш учаскеде үш қабат асфальт жабындысын аяқталуға жақын. Яғни, облыс шекарасынан бастап Қызылорда бағытына қарай 90 шақырым пайлалануға беріліп, 50 шақырым қоса жолда ішінара қозғалыс ұйымдастырылады. Жалпы жоспарға сәйкес 140 шақырым асфальт жабынымен қозғалыс берілетін болады. Қазіргі уақытта 3 учаске бойынша соңғы жабын бойынша асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақындап, жол таңбаларын сызу, жол белгілерін орнату және жол жиегін нығайту жұмыстары жүріп жатыр.
— Жалпы «Қызылорда-Жезқазған» автожолы бойынша Қызылорда облысы аумағында 192 шақырымы қайта жаңғыртудан өтуде. Осы жылдың аяғына дейін ішінара 140 шақырымында жаңа асфальт қабатымен жол қозғалысын ашу жоспарлануда. Жоспар бойынша жобаның аяқталу мерзімі Қызылорда облысында 2026 жылы деп белгіленген. Сонымен қатар, жобада мердігер компаниялар жолды абаттандыру, екі жағын тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы ауқымды жол құрылысына 700-дей адам және 400 бірлікке жуық арнайы техника жұмылдырылып отыр,- деді ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов.
Жалпы қайта жаңғыртудан өтіп жатқан күре жол 5 учаскеге бөлінген. Мердігерлердің 4-еуі қытайлық компания, біреуі жергілікті «Қыран» ЖШС. Және отандық кәсіпорын алғашқылардың бірі болып жұмысын аяқтағанын ерекше атап өткен жөн. Мұның өзі қазақстандық компаниялардың ауқымды жобаларға қатысып қана қоймай, халықаралық талаптарға сай жол салуға қауқарлы екенін көрсетіп отыр. Себебі, Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған жобада мердігерлерге өте жоғары талап қойылған. Осы үдеден шығу абыройлы міндет. «Қызылорда-Жезқазған» автожолының сапалы салынуы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мамандарының ұдайы бақылауында. Мәселен, 2024 жылы жылжымалы зертханамен қайта жаңғыртудан өтіп жатқан жолға 1028 рет тексеру жүргізілген. Жол жабындысы мен құрылыс материалдарынан 4,2 мың сынама алынып, соның 20 пайызы (857) зертханалық зерделеу барысында талапқа сай шықпаған. Алайда, анықталған олқылықтарды мердігерлер өз қаржысы есебінен қайта қалпына келтіріп, 167,1 миллион теңгенің жұмысын жүргізген.
— Бұл республикалық маңызы бар автожол Мемлекет басшысының тікелей назарында. ҚР Көлік министрі де үнемі бақылауында ұстап отыр. Қандай да бір ахау анықталса, мердігер компания дер кезінде кемшіліктерді жойып, талапқа сай жұмыс істеп жатыр. Ал қазір салынған үш учаскедегі жолдың тегістігіне келетін болсақ, зерттеу жұмыстарының қорытындысымен 96-98 балл жүйесімен бағаланып, нормативтік талаптарға сай келетінін көрсетіп отыр. Яғни, бұл өте жақсы деген көрсеткіш. Және тағы бір айта кету керек, жолды салғаннан кейін де мердігерлерге 5 жылға дейін кепілдік мерзімі қаралған. Яғни, жолдың кейбір жерлері сыр беріп жатса, өз қаржысы есебінен қайта қалпына келтіретін болады,-деді «Жол актвитері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.
«Сапа керуені» баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері жаңа жолдың үстімен жүріп, Қызылорда облысының шекарасына дейінгі атқарылған жұмыстарды көзбен көрді. Жол салып жатқан жолшылардың тыныс-тіршілігімен танысып, қызу тірлікке куә болды. Жалпы жыл аяғына дейін «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 140 шақырымында көліктерде қозғалыс ашу күтілуде.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз