Заңсыз пиротехника сатқандар қалай жазаланады?

0
89
фото: ашық дереккөз

Тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен және өзге де заттармен сауда жасағаны үшін 86 мың 250 теңге айыппұл салынады.

Қазақстан аумағында «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асылбек Ыдырысов айтты.

«Ішкі істер министрлігі осы жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2024 жылғы 3 қаңтар аралығында Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау бөлімшелерімен бірлесіп, «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасын өткізеді. Аталған іс-шара нарықтарда сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды, сондай-ақ оларды рұқсатсыз бей-берекет сату фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған. Іс-шаралар барысында пиротехникалық бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау тәртібінің сақталу мәніне заңды тұлғалар және сауда орындарын тексеретін болады», – деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, кәмелетке толмағандармен пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде жарақат алудың профилактикасына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте, мектептерде оқушылармен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Пиротехника – бұл өрттің шығуына ғана емес, адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретін қауіпті құрал. Оны дұрыс пайдаланбаса жазатайым жағдайға әкелуі мүмкін.

«Қауіпсіздік мақсатында пиротехникалық бұйымдарды сату қызметі түріне тиісті лицензиялары бар мамандандырылған дүкендер мен сауда орындарынан ғана сатып алған дұрыс. Пиротехниканы сатып алу кезінде ең алдымен сатушыдан өнімге сәйкестік сертификатын талап ету қажет. Әрбір пиротехникалық бұйым үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде оны қолдану жөніндегі нұсқаулық болуы керек. Бұйымның сыртқы қаптамасының дұрыстығына және сақтау мерзіміне міндетті түрде назар аударған жөн», – деді Асылбек Ыдырысов.

Министрлік өкілінің айтуынша, елімізде пиротехникалық бұйымдарды өндіру, сату қызметі лецензиялауға жатады. Бүгүнгі күні осы қызмет түрімен айналысатын 40 астам заңды тұлға тіркеуде тұр. Ал пиротехникалық бұйымдарды заңсыз (рұқсат құжаттарсыз) сатқаны, өткізгені, тасымалдағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс баптарымен жауапкершілік көзделген.

Атап айтқанда, еркiн сауда жасауға Қазақстан заңнамасымен тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен және өзге де заттармен сауда жасағаны үшін 86 мың 250 теңге, жеке тұлғалардың тыныштығын пиротехниканы қолдана отырып бұзғаны үшін 69 мың теңге мөлшерiнде айыппұл салынады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ