Заң және тәртіп: Астанада жастарға арналған кең ауқымды профилактикалық шара өтті

0
3

Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Тұран Астана университетінде есірткінің алдын алуға арналған арнайы жиын өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға студенттер, танымал спортшылар мен денсаулық саласының мамандары жиналды.

Келген қонақтар қатарында дәрігер-резидент, психиатр Русалина Молдахметова, спортшы Илья Ильин, актер Ноян Ауғанов, журналист Динара Сәтжан, блогерлер Артур Асқарұлы мен Сайлаубек Ерғазы және Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров болды.

Алдымен сөз алған университеттің бірінші проректоры Айтжан Әбдіров жастарды есірткіден қорғау қоғамның басты міндеті екенін атап, бұл бастамаға қолдау білдірген азаматтарға алғысын білдірді.

«Есірткі – адамның өмірін түбегейлі өзгертетін ең қауіпті заттардың бірі. Ол ең бірінші кезекте миды зақымдап, ойлау қабілетін төмендетіп, жастардың сабаққа деген қызығушылығын жояды. Жас ағза тез үйреніп кететіндіктен, тәуелділік те өте жылдам болады» дейді дәрігер Русалина Молдахметова. Ол өз сөзінде Астана қаласы бойынша ахуалға қысқаша баға беріп, жастарды ешқашан мұндай жаман әдетпен айналыспауға шақырды. Ал Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров студенттерге есірткі қолданудың зияны және оларды сақтау мен тарату үшін көзделген заңды жауапкершілік туралы түсіндірді.

Илья Ильин нашақорлыққа тәуелді болып, кейін өмірін қайта қалпына келтіре алған қарапайым жастардың өмірінен мысал келтірді. Ол мінездің беріктігі мен жақын жандардың әрдайым қолдауы есірткіге қарсы күресте шешуші рөл атқаратынын жеткізді.

Спортшы жастарға оқу мен спортты, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, елдің болашақтағы жетістігі олардың таңдауына байланысты екенін еске салды.

«Батыл мақсат қойыңыздар, үнемі қалыпта болыңыздар, пайдалы іспен айналысыңыздар. Қазақстанға мықты, дені сау және өзіне сенімді сіздер сияқты жастар керек» деп түйіндеді Ильин.

Студенттер тақырыптық бейнероликтер көріп, дәрігердің лекциясын тыңдады және шақырылған мамандармен бірге профилактика мәселелерін талқылады. Үлкен қызығушылық тудырғаны — Кинологиялық қызмет орталығы мен полицияның арнайы бөлімшелерінің (СОБР) көрсетілімдері болды. Онда полиция қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен қызметтік мүмкіндіктері паш етілді.

Айта кетейік, жыл басынан бері елордалық полиция мектеп оқушыларымен, студенттермен, спортшылармен, еріктілермен және жастар ұйымдарымен 600-ден астам кездесу өткізді. «Астана жастары» ұйымымен бірлескен акциялар аясында 2,5 мыңнан астам наркограффити боялды, тыйым салынған материалдарды таратқан сайттар бұғатталды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ