Заманды қай жан билемек?

0
136

Кеңес үкіметі кезінде «өнімді поэзия» ұраны белең алып, том­­дар саны артты. Саннан сапа өсе ме? Меніңше, жоқ. Формалық сапа­ өсуі мүмкін, бірақ мазмұндық сапы өркендемейді. Бұған ке­ңестік, кейбір еуропалық ақындар шығармашылығы дәлел. Ал хакім Абай бір ғылымнан басқаның бәрін кесел деп тауып, ізденуге бас қойыпты. Тәңірден келген тамаша қуатты ғана өлең етіп қағазға құйыпты. Сондықтан ба екен, «бір өлеңі – бір елдің мұрасындай».

Хакімнің «Тотықұс түсті көбе­лек» өлеңіне тоқталмақпыз. Тамы­рын әріден тартқан телегей­ жыр талаптыны қою ойға қал­дырар, сана шылауын тазартар.

«Тотықұс түсті көбелек

Жаз сайларда гулемек.

Бәйшешек солмақ, күйремек,

Көбелек өлмек, сиремек.

Адамзатқа не керек:

Сүймек, сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.»

Ішіне алуан даналық сыйған өлең тұрпаты осы үш шумақ қана. Енді әр шумаққа жеке зер салайық. «Тотықұс түстес көбелек» – мұнда ақын адам өмірін негізге алып отыр. Шығыс шайырларының символикалық ұғымдарында «Көбелек – шындықты іздеуші адам, ал шам – Тәңір нұры, немесе Тәңірдің өзі болып келеді. Яғни дүниеге келген әр пенденің «жаз сайларда гулемегі», тіршілік тұтқасын ұстап, өзіне шақ өлшемдерді іздемегі қалыпты іс. Жер бетінде жеті миллиардқа жуық адам бар десек, әрқайсына тән із бен ерік қақпасы бар. «Бәйшешек солмақ, күйремек» дегенде хакім аялдама іспетті дүниені, оның мерзімі жеткенде солып, артта қалатынынан ақпар береді. Қазақ қара өлеңінде «Бәйшешектей құлпырған қайран, жастық, Қар жаумай, қазан ұрмай солады екен» деген жолдар, осыны тұспалдайды. Сонымен, дүние мерзімі, таусыншақ күн ұршықша айналған соң «көбелек өлмек сиремек». Яғни «өлмек үшін туған» инсан атау­лы фәниден бақиға аттанбақ. Жамбыл жырымен сөйлесек, «темір өзек пенде жоқ, өлмес адам елде жоқ». Алғашқы шумақ арқылы адам мен оның жалған өмірі жайлы баян еткен Абай енді маңызы биік тереңдікке қарай бұрылады.

«Адамзатқа не керек:

Сүймек, сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек.»

Осы бір ұғымдардың қай­сы­бі­рі­не де жеке-жеке тоқталып, құлаш­-құлаш тәпсір жазса артық емес.­

Әуелі сүю деген не? Киелі Інжіл­ кітабының «Маңызды кеңес»­ бөлімінде адамдарды, Құдай­ды жан-тәніңмен сүюге үндей­ді. Тіпті «көзге көрінгенді сүйе­ алмағандар, көрінбей тұр­ған­ Тәңірді қалай сүйе алмақ» деп­ сауал тастайды. Руми «Махаб­бат­сыз (сүюден ада) адам бейшара»­ десе, Сопы Аллаяр «Махаб­­­батсыз адамдардан қаш» деген насихат айтады. Ал «сезбек», сезінуге келсек, сыртқы бес сезім, ішкі бес сезім мүшесі қараңдайды. Тұтас жаратылыс­ты, адам мен ондағы эмоцияларды сәйкесінше сезіне білу үшін жан ұлпасын таза сақтау ләзім. Жүрегі қарайып, жанын кірлеткендер тұнық судан да дақ көрер. Жанындағының мұңын, әсерін, ымын сезінуден қалар, дөрекі, қатыбас пендеге айналар. Ал «харекет қылмақ, жүгірмегі» адамдық тепе-теңдікті сақтап, өзіне артылған аманат бақшасын арқалап жүруді меңзейді. Абайда харекет пен әрекет сөзі екі түрлі мағынада қолданылады.

«Харекеті — әрекет.

Өзі оңбаған антұрған

Кімге ойлайды берекет?»

Яғни әрекет деген – жы­мыс­­­қы іс, қулықпен іс ету, ал харе­­кет – адалдан ас табу, түзу ниет­пен­ еңбек ету. Ақын үндеген харекеттің сапасы бөлек, нарқы жоғары. «Ақылмен ойлап сөйлемек» қатарында ақылға көбірек күш түсіп тұр. Жә, ақыл хикметі жайлы әңгіме тым ұзақ, оған алдағы мақалаларымызда тоқтала жатармыз. Хакімнің бар құнарлы өрнегі үшінші шумағына топтасқан. Бұрын естімеген, әлем әдебиетінен кезіктірмеген бұл астарлы ойлардың салмағы қойтастай ауыр, бұлттай кезбе.

«Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.»

Заман әркімді жетегіне алуға ұм­ты­лып, біртіндеп жаулап жатыр.­ Өз түбірінен айрылған сан­сыз адам қоғамның қолдан жа­салған «құмырасына» айна­лу­да. «Заманға күйлеген жаман­дар» тән үшін ғұмыр кешіп,­ ар мен ұят ұғымына селт­ етуден қалып барады. Жас­ күніндегі қызару, қысылу, оғаш­ әрекеті үшін қымсынудан қал­ған дірдексіз тәндер «талмас­ жа­ғы­мен» топтан озып-ақ жүр. Бү­гінгі қоғам Абай айтқан қай­ғысыз, керкөкірек асауға құ­рық­ салар заманын билеген жақ­сыларға мұқтаж. Әлбетте, олар­ бар, бірақ тұманнан үні кө­мес­кі, қабағы салыңқы. Ақын «За­ман­ды қай жан билемек?» деген сұрақ­ қояды. Бұл – үлкен сұрақ, ұлы сұрақ. Алақұйын шақта қайра­тын­ төсеп, кісілігін қорғап қалар, адам­дық мұрат пен ұлттық мұрат жо­лында тас табандап тұрар қай­сың бар? «Өлімге бере жаным­ бар, пендеге бере арым жоқ» де­ген мінез сауыты қалың, екі­ұш­тылықтан ада ерлерге қоғам зәру.­ Заманына иленген жаман­дардан ұлтқа да, ұлысқа да пайда жоқ. Олар «өзі үшін оттаған» бейқам қалпы адамдық қоқысына тасталар, ізсіз, інсіз жоқ болар.

Абай айтқан шағын өлеңнің мағына-мұраты осы екен, қадірлі оқырман. Сіз қалай ойлайсыз?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ