Зейнетақы аннуитетінің әлеуеті
2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда ерікті жеке сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары бойынша кіріс көлемі 369,4 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға аз. Бұл сектордағы 7 жыл үздіксіз өсуден кейінгі алғашқы төмендеу. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2021 жылы ерікті жеке сақтандыру бойынша сыйлықақы көлемі – 70,9%-ға, 2020 жылы проблемалық «коронадағдарыс» кезінде – 10,3%-ға, ал 2019 жылы бір жарым есе өскен еді.
Сақтандыру сыйлықақыларынан түскен барлық түсімдердің ішінде ерікті жеке сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақы үлесі төртінші жыл қатарынан басым. 2022 жылы ол 41,1%-ды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 47,7%-ға жеткенін айта кеткен жөн. Одан кейінгі орында ерікті мүліктік сақтандыру (жиналған сыйлықақы үлесі 33,6%-дан 37,2%-ға өскен) және міндетті сақтандыру (18,7%-дан 21,7%-ға өсті) тұр. Олар бойынша жиналған сыйлықақы көлемі де өсті: ерікті мүліктік сақтандыру бойынша – 22,1%-ға көбейсе, міндетті сақтандыру бойынша 28,3%-ға артқан.
«2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда ерікті жеке сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысынан түскен кірістің жартысына жуығы тек екі компаниядан түсті: «Халық-Life» ӨСК және Nomad Life ӨСК: тиісінше 104,3 млрд және 75,7 млрд теңге. Олардан кейін «Еуропа Сақтандыру Компаниясы» (55,2 млрд теңге), Freedom Finance Life ӨСК (33,6 млрд теңге) және «Қазақмыс» СК (15,9 млрд теңге). Ерікті жеке сақтандыру бойынша өнім ұсынатын 25 сақтандыру компаниясының ішінде 15 сақтандыру компаниясында жиналған сыйлықақы көлемі ұлғайды. Ең елеулі өсім «Еуропа Сақтандыру Компаниясында» (23,3 млрд теңгеге), «Қазақмыс» СК-да (11,5 млрд теңгеге) және Freedom Finance Life ӨСК-де (9,4 млрд теңгеге) байқалды. Қалған компанияларда 741 мыңнан 4,8 млрд теңгеге дейін өсті», делінген Ranking шолуында.
Бұл ретте сектордағы сыйлықақының жалпы көлемі 19 млрд теңгеге қысқарды, бұған ерікті жеке сақтандыру бойынша негізінен өмірді сақтандыру компанияларынан (ең көп сыйлықақы көлемі бар екі компанияны қосқанда) жиналған сыйлықақы көлемінің төмендеуі әсер етті:
Сыйлықақы Nomad Life ӨСК-де – 31,4 млрд теңгеге, Standard Life ӨСК-де – 11,8 млрд теңгеге, «Еуразия» ӨСК-де – 11,4 млрд теңгеге және «Халық-Life» ӨСКде 11 млрд теңгеге азайды. Ерікті жеке сақтандыру бойынша сыйлықақы көлемі 10 мыңнан 3,8 млрд теңгеге дейін төмендеген. Бұл орайда сарапшылар ерікті жеке сақтандыру бойынша жарналардың төмендеуіне «кінәлі» фактор ретінде ерікті жеке аннуитеттік сақтандырудан түскен түсімдердің 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда бірден 46,4 млрд теңгеге немесе 33,7%-ға, 91,1 млрд теңгеге дейін құлдырап кетуін атайды. Бір жылда аннуитеттік сақтандыру бойынша сыйлықақы үлесі 35,4%-дан 24,7%-ға дейін қысқарған.
Айта кету керек, өмірді сақтандыру компаниялары ғана аннуитеттік сақтандыруды ұсынады.
«Егер сегментті толығырақ қарастыратын болсақ, аннуитеттік сақтандыру бойынша сыйлықақылар көлемінің төмендеуі «Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес жасалған зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сыйлықақылардың төмендеуіне байланысты болды. Көрсеткіш бір жылда 49 млрд теңгеге немесе 37,7%-ға төмендеп, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда небәрі 80,9 млрд теңгені құрады. Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша жиналған сыйлықақы көлемінің айтарлықтай төмендеуі Nomad Life ӨСК (16 млрд теңгеге), «Еуразия» ӨСК (12,6 млрд теңгеге), «Халық-Life» ӨСК (12,4 млрд теңгеге) және Standard Life ӨСК-де (10,3 млрд теңгеге) байқалды», делінген зерттеуде.
Өмірді сақтандыру компаниялары ұсынатын зейнетақы аннуитеті шарттары мерзімінен бұрын зейнетке шығуға және оны өмір бойы төлеуге мүмкіндік береді. Алайда клиент қайтыс болса, онда төлем де тоқтатылады. Клиенттің мұрагері төлемнің кепілдік берілген мерзімінің опциясы рәсімделген жағдайда ғана белгілі бір уақыт ішінде төлем алу мүмкіндігіне ие болады. Олай болмаған жағдайда қаржы сақтандыру компаниясында қала береді.