Жәнібек Әлімханұлы «Канелоны» жекпе-жекке шақырды (ВИДЕО)
Орта салмақта WBO белбеуінің иегері Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы Сауль «Канело» Альваресті жекпе-жекке шақырды. Ол ES News арнасына берген сұхбатында «Канелоны» бірінші раундта нокаутқа жіберіп, жеңетінін айтты.
– Оның істеп жатқаны бізден қашудың амалы ғой, – деді Жәнібек Әлімханұлы.
– Ол қорқа ма?
– Иә, әрине, қорқады. Қорыққаннан сондай әңгімелер айтады ғой.
– Ертең бокстассаң не болады?
– Оны қазір барып бокстассам да құлатамын.
– Нешінші раундта?
– Бірінші раундта. Мен өзімнің қазақ стилін әлемде, тарихта қалдырамын. Сол үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бар еңбегім соған арналып отыр.
– Жекпе-жек алдында жанкүйерлерге не айтасың?
– Өте қызықты жекпе-жек болады. Өзіміздің стильді әлемге танытуда әрі қарай жұмыс істейміз. Бар күшімізді саламыз. Осы жекпе-жекте нокаут күтесіздер.
– «Канелоға» не айтасың?
– «Канело», кездесейік, бокстасайық! Біздің қазақ стильдің дәмін көрсін! 14 қазанда өте қызықты жекпе-жек болады. Германиялық қарсыласпен жұдырықтасамын. Құдай қаласа, қолдау көрсетіңіздер! Тілеулес болыңыздар! Дұғада болыңыздар! Иншалла, екі титулмен елге қайтамыз.
– Неге «Канелоны» бірінші раундта құлатамын деп айтасыз?
– Оның ешнәрсесі қалмады. Оның тактикасы ескірді. Бізге қолданатын тактикасы жоқ, шыны керек, ол бізді ұрып та үлгермейді. Соны ашық айту керек. Кешегі соңғы жекпе-жегін көрдіңіздер ғой, – деді боксшы.
Одан кейін ол британиялық Крис Юбенкті де бірінші раундта құлататынын айтты.
Ол да менен қашып жүр. Ол менен қорқады. Оны дәл қазір нокаутқа түсіретін едім. Кездессек, бірінші раундта құлатамын, – деді ол.
Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін германиялық боксшы Винченцо Гуальтиериге қарсы өткізеді. Чемпион арасындағы айқас 14 қазанда АҚШ-тың Техас штатындағы Розенберг қаласында болады. Осы жердегі Fort Bend Epicenter аренасында басқа да боксшылардың жекпе-жектері жоспарланған.
Германия боксшысы Винченцо Гуальтиери – IBF чемпионы. Ол осыған дейін шілде айында бразилиялық Эскива Фалькаоны жеңіп, чемпион атанған.
Ал Әлімханұлы соңғы рет мамырда чемпиондық белбеуін АҚШ-тың Калифорния штатындағы Стоктон қаласында қорғады. Сол кезде ол канадалық Стивен Батлерді екінші раундта нокаутпен жеңді.