Жамбыл жайында естігендерімнен

0
133

Жамбылдың байтақ мұрасы, оның ақындық мектебі, Жамбыл шығармашылығының зерттелуі туралы бірнеше кітап жазған кісінің бірімін. Бұл мақалада мен Жамбыл жайында Кенен атамнан, Мұхтар Әуезов, Әбділдә Тәжібаев ағаларымнан естігендерімді айтып берсем деймін.

Жамбыл Жабаев қазақ жы­ры­ның маңдайына біткен, қай­та­ланбайтын жыр-құдірет, таңда­йына жыр ұя салған, өзінің бір ғасырлық ұзақ ғұмырында тек өлеңмен сөйлеген кісі. «Өлең кір­ген түсіне, жөргегінде мен болам», дейді ақын. Жамбыл ана құрсағынан ақын болып туған.

Қазан төңкерісі орнағанда Жамбыл 72 жаста еді. Оған дейін көрмеген қиындығы, шекпеген азабы жоқ. Ол өзі көрген қиын­дықтың бәрін де өлеңге қосты және жүрегінен өткізіп жырлады.

«Ұзынағаш, Қаратас,

Қайрақбайдай қайран жас,

Бекеттен нан қоймайды,

Жалаңаяқ, жалаңбас.

Неткен заман қатыбас,

Қалай жаның ашымас», – дейді.

Жамбылдың көрген, басынан өткерген азап-қасіреті қазақ хал­қының басынан кешкен азап-қайғысы еді. Ақынның:

«Аққу болдым көлдегі,

Дуадақ болдым шөлі жоқ,

Сыбызғы болдым үні жоқ», – дейтіні де,

«Өкпемді қарып аяз

қабындырған,

Жамбылдың жыр төгілген

тілін байлап,

Үніне туған елін сағындырған», – дейтіні де осы кез еді.

Жамбыл дүниеге аса бір қиын заманда келді. Кедейдің өмірі өте ауыр болды. Киерге киім, ішерге тамақ жоқ, тесік өкпе кедей болды. Бергі заманда толғаған «Менің өмірім» дейтін өмірбаяндық жырында ақын: «Енді менің жырлайтын заманым туды» деп, алақанына салған, әлпештеген кеңес заманын көсіле жырлады. Шынында да өмір осындай екен деп ойлады. Кеңес заманында, кеңес басшылары­ның саясатына Жамбылдай ақын, Жамбылдай беделді адам керек еді. Сондықтан олар Жамбылды дәл тапты, пайдаланды.

Жамбыл 1846 жылы ақпан айының соңғы күндерінде Жамбыл тауының бөктерінде, Шу өзенінің құяр сағасына жалғаса тізбектелген Жамбыл, Хан, Байғара, Шағырлы тау сілемдерінің етегінде дүниеге келген. Жамбыл дүниеге келгенде Жетісу Қоқан хандығының қол астында еді. Қоқан ханы Құдияр­дың Жетісу еліне салған лаңы аз емес-ті. Оның датқалары елді жая­лыққа айналдырып, аузына қақпақ, басына тоқпақ болды. Шапқыншылықтан әбден ерқашты болып титықтаған қалың жұрт сынаптай сырғып, жөңкіліп көше берген. Ығысып, үдере көшкен сондай бір боранды қыста Ұлдан ана көш жөнекей түйе үстінде толғатып, бо­лашақ ақын ықтырма күркеде дүниеге келеді. Жамбылдың өзін көрген, өмір жолын білем дей­тін кісілердің ай­туынша, жаудан ығы­сып көшіп келе жатқан ауыл толғақ қысқан Ұлдан ананы көрген соң, көшті тоқтатып, жүк артқан түйелерді шеңбер жасай шөгеріп, айнала жүкпен қоршап, киіз тұтып, ықтырма жасайды. Ұлдан ана осы ықтырмада босанады.

Жамбыл Абайдан бір-ақ жас кіші еді. Сол кезде дүниеге келіп, ұзақ әрі байтақ ғұмыр кешіп, кеңес заманында биік шыңға шыққан Жамбыл әдебиет тарихындағы ең бір таңғажайып құбылыс еді. Жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ фольклорындағы импровизациялық тамаша дәстүрді бүтіндей жаңа арнаға бұрып, жаңа мазмұндағы халық поэзиясына әсем ұштастырған Жамбылдың озық өнегесі, өнері, жаңашылдығы әлі толық ашылмай, түгел айтыл­май келе жатқан ірі ғылыми мәсе­лелердің қатарына жатады.

Жамбылдың әр сөзінің, әр теңе­уінің өзі – жай ақынның жайшылық­та сан ойланып, сан толғанып таппайтын, аузына түспейтін асыл образ, қымбат сөздер. Біз ақынның әсем ақындық өмірін, сыр-сым­батын әлі күнге жете таныта алмай келеміз. Көркемдік нақышы, өрнегі тұрғысынан Жамбыл жырлары – жыр дестесі арнайы зерттеу объектісіне айналған жоқ.

Жетісудың атақты батыры әрі әбжіл шешені Бөлтірік жап-жас, балғын Жамбылға:

– Атың кім балам? – депті.

Жамбыл:

– Атым Жамбыл – депті.

Сонда Бөлтірік:

– Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар, шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі боларсың түбі, – деген екен. Қарт данышпан қалай болжаған десеңізші. Ұзақ жылдар тас төсеніп, мұз жастанып үнсіз жатқан Жамбыл өмірінің соңғы жылдары ұлы, жойқын жырдың қара боран дауылын соқ­тырып, теңіздей шайқап, дариядай тасып, дүниені дүр сілкіндірді. Мен, Аллаға шүкір, талай асыл ағаларымды көрдім, солардан тәлім алдық, тәрбиесін көрдік, өнегесін алдық, көп әңгіме естідік. Көбімен жақсы болдық, бірқатарына шәкірт болдық. Сондай асылдарымның бірі Мұхтар Әуезов еді. Мен оқы­ған курсқа Мұхтар ағамыз үш жыл сабақ берді. Бірінші курс­та «Қазақ халқының ауыз әде­биеті», екінші курстың бірінші се­местрін­де «Манастану» дейтін ар­найы курсты, екінші семестрде «Абайтану» дейтін арнайы курс­ты оқыды, үшінші курста КСРО халықтарының әдебиетінен дә­ріс оқыды. Абай жайында бай­тақ әңгіме айтатын еді. Бір лекция­сының тұсында мен: «Аға, сіз Абай­ды көрдіңіз бе?» деп сұрадым «Бәлі, көрмегенде ше, мен Абайды көрдім, ол кезде алты жаста едім, мені әжем Абай ауылына ертіп барды. Киіз үйдің ішіне кірдік, үлкен ақбоз үйдің төрінде дөңгелек үстелдің басында дөңкиген қара шал отыр екен. Әжем екеуі ұзақ сөйлесті, менің ішім пысып кетті, «Әже, қайтамыз, әже, қайтайық», дей бердім. Сол кезде «Ә, бала, тен­тек екенсің ғой», деді. Абайды білгенімнің, көргенімнің де алды-арты осы. Қалғанын Абай жайында жазған романнан білесіңдер», деді.

Мұхтар ағаның Манас туралы әңгімесі ағыл-тегіл болушы еді. Керемет тебіреніп сөйлейтін. «Бәлі, «Манасты» «Иллиада», «Одис­сея­мен» салыстырады жұрт, салыс­тыруға келмейді, «Манаспен» теңе­сетін әлем­де жыр жоқ, ол тек қыр­ғыз хал­қының бағына ғана туған асыл дана емес, бүкіл адамзатқа ортақ мұра дейтін.

Әуезов Жамбылмен жақсы қаты­наста болған. Жамбыл атамыз­дың ауылына жиі-жиі барып тұр­ған. Ол кісімен әңгімелескенді жақ­сы көрген. Ескі қиссаларды жа­лықпай тыңдаған.

Бірде Жамбылдың айтқан әңгі­мелеріне, жырларына риза болған М. Әуезов:

– Жәке, Абай қандай ақын? – деп сұрапты.

Жамбыл қуақыланып:

– Абай қандай ақын дейді, Абай қандай ақын дейді, – деп әде­йі біраз созыпты. Әуезов біраз ыңғай­сыз күйге түсіпті. Сәлден кейін Жамбыл:

– Абай ақын емес, – депті. Мұх­тар Әуезов одан сайын мазасыздана бастапты. Бір кезде Жамбыл:

– Абай – Пайғамбар, – депті. Сол кезде Мұхаң жарықтық көңіл­деніп:

– Мұны сіз ғана айта аласыз ғой, – деп ақынды құшақтаған екен.

1957 жылы М.Әуезов кеңес жазу­шылары делегациясының құра­мында Үндістанға барып кел­ді. Кел­ген соң бізге сол сапары ту­ра­лы қызықты әңгімесін айтып берді.

– Менің «Абай жолы» рома­ным ұрду, хинди тілдеріне аударылған екен. Менің романымды да, аты-жөнімді де біліп жатыр, бірақ ұлтымды білмейді екен. Жерімді де, суымды да, тауымды да айттым, бәрібір білмеді. Бірде Үнді парламентінде кездесу болды. Сол жерде бір парламент депу­таты Жамбылдың «Ленин мавзолейінде» деген өлеңін жатқа айтты. Мен орнымнан тұрып: «Жаңа ғана өлеңін оқыған Жам­былдың еліненмін, сол кісінің ұрпа­ғымын», дедім. Сол кезде бүкіл парламент орнынан тұрып, ұзақ қол соқты. Біз ғой Жамбылды ұлы ақын, осы заманның Гомері дейміз. Сөйтсек, Жамбыл қазақ халқының паспортына айналған кісі екен, – деді.

1936 жылы Мәскеуде қазақ өне­рі мен мәдениетінің декадасы өте­тін болып, Үкімет соған қаты­сатын ұжымдарды, кісілерді бекі­теді. Делегацияны Мәскеуге Жамбыл бастап баратын болады.

Сол-сол-ақ екен, Мәскеуге:

– Қазақта Жамбыл дейтін ақын жоқ, ол ойдан шығарылған, – дейтін арыз қардай борайды. Бұл арыз­дың анық-қанығын тексеруді КОКП орталық комитеті Жазушылар ода­ғына тапсырады.

КСРО Жазушылар одағының бас­тығы А.Фадеев. Ол кісі Л.Собо­­левті шақырып алып: «Сен Әуезов­тің кітабын аудардың, қазақтарды жақсы танисың ғой, Қазақстанға барып, осындай әңгіме бар, соның анық-қанығына жетіп кел», дейді.

Ленид Соболев: «Алматыға шұ­ғыл тапсырмамен келе жатырмын», деп Мұхтар Әуезовке хабар береді. Мұхаң Әбділдамен сөйлесіп, Соболевпен бірге Жам­былдың ауылына баратын болып келіседі. Сөйтіп, екеуі Соболевті әуежайдан күтіп алып, Жамбылдың ауылына тартады.

Соболев: «Мұхтар Омарха­но­вич, менің уақытым өте ты­ғыз. Жамбыл деген адамның бар еке­нін, тірі екеніне көзімді жеткізсем болды, барамын да қайтамын», депті. Алдын ала хабарлап қойса керек, атамыз күтіп отыр екен. Үйге кіріп, амандық-саулық сұрасып жайғасқан соң, Жамбыл жырдан, тарихтан, шежіреден байтақ әңгіме төгеді. Мұхаң аударып отырады. Сөйтіп, асығыспын, барамын да қайтамын деген Соболев қарт жыраудың үйінде үш күн түнейді.

Ақынның ұлы сүре даңғылды­ғына, шек-шеті жоқ дария жырау­лығына, теңдесі жоқ әңгіме­шіл­дігіне Соболев қайран қалып:

– Бізге импровизациялық өнер өткеннің романтикасы тәрізді ғой. Менің жеке басым «Сирано де Бержеракті» сахнадан он рет көруге әзірмін… Бірақ қазір де сон­дайлар бар деушілерге, өмір бойы өлеңмен, өлең болғанда қан­дай, классикалық өлеңмен сөй­лей­тін адам болады дегенге сен­беген болар едім. Ал Жам­был­дың «Манасты» он жеті күн, «Көр­ұғлыны» он бес күн айта алады, барлық қазақ эпосын, өзіне дейінгі ақындар айтысын жатқа біледі, бір басында миллионнан астам ұйқас бар дегенге менің ен­ді сенбеске шарам жоқ. Жамбыл түсінде де өлең шығаратын болуы керек, бұл ғажап екен! Мен үш күн­де Жамбыл университетінен өттім, Жамбыл «тайниктерінің» есігін аштым, Жамбыл өнері – импровизация өнері, өзі сол өнердің, поэзияның данасы екен, бұл расын­да жаны тірі, бізге көрініп тұрған Гомер екен, мұны көрген кісіде арман жоқ,– деп Жамбылды құшақтап, сақалынан сүйіп аттаныпты.

Жамбыл қарасөздің де мінсіз ұстасы, ұстатпайтын қашағаны. Сол жолы Жамбыл темекі туралы әң­гіме-ертегі айтып беріпті, оның өзі бір күнге созылыпты. Тап­жылмай, ұйып тыңдаған Л.Соболев:

– Лев Толстой темекі туралы әңгіме жазса, дәл осыдан ар­тық жазбас еді, – деген екен. Біз, әде­биетшілер, Жамбылдың осы қасиеті туралы да ауыз тұшытар­лық ештеңе дей алмай келеміз.

«Ақ басты Алатаудың

Жамбылымын,

Өлеңнің ұлы сүре даңғылымын», – деп өзі айтқандай, Жамбыл – халық мүддесін ғасырлар бойы жырлаған қа­жымас қамқордың дәстүріндегі жыр­шы, елдің мұңын мұңдаған мүд­дегер.

Сөйтіп, Жамбыл 1936 жылы Мәскеуге декадаға баратын болады. Ол кісіні Алматыға алып келуді Үкімет Әбділда Тәжібаевқа тапсырады. Әбекең ақын атамыздың үйіне келеді. Келсе, ақын үйінде жоқ. Көршісі тәуіп құрдасының үйінде отыр екен.

– Ассалаумағалейкүм! – деп кіріп келіпті.

Жамбыл атамыз:

– Әлейкүм­ассалам, қай бала­сың? – депті жұ­лып алғандай.

– Әбділда Тәжібаев деген ақын­мын, – депті

Жамбыл:

– Қолыңда домбыраң жоқ, неғылған ақынсың, – депті.

Сөйтіп, әңгімелесіп, декада­ның мән-жайын түсіндіріп, «Осы декадаға ақындарды өзіңіз бастап барсаңыз, қазақтың ақындығын танытсақ деп жатыр басшыларымыз», дейді Әбділда.

– Төрінен көрі жақын, көні қураған шалды не қыласыңдар әурелеп ит өлген жерге, шырақ­тарым, – деп барғысы келмейді Жамбыл. Сол кезде Тәжібай тәуіп:

– Әй, Жамбыл, сен үнемі көп­тің сөзін сөйлеп, көкейіндегісін та­уып келе жатқан халықтың адамы­сың. Мен білсем, тоқсаннан асқан шағыңда сенің бағың жанғалы тұр, барғаның жөн болады, – деп Жамбылды көндіреді.

Жамбыл үйіне келіп киініп, машинаға мініп, жүргізушінің жанына отырады. Әбділда артқы жағына мінеді. Сөйтіп, жолға шығады. Бұл Жамбылдың өмірінде бірінші рет машинаға мінгені екен. Ол кезде бүгінгідей асфальт жол жоқ. Ойқыш-ұйқыш. Алдында отыр­ған Жәкең машинаның тұт­қасынан тас қып ұстап алыпты. Ойлы-қырлы жерлермен машина жүйітки жөнеледі. Машина зулап келеді. Жер дөңгеленеді. Атамыз тумысынан қуақы, юморист адам болған ғой. Қутыңдап жан-жағына қарап қоятын көрінеді. Оқтын-оқтын артында отырған Әбділдаға да қарап қояды екен. Бір кезде Әбділдаға қарап:

– Әй, бала, сен әлі қалмай келе жатсың ба? – депті. Сонда ол кісі машинаның алдында отырған адам артында отырған кісіден озып кетеді деп ойласа керек.

Әбділда Жамбылды өз үйіне түсі­реді. Анасы Аймангүл ақын­дықпен аты шыққан, Нартаймен де айтысқан, үлкен өнер иесі, дас­тарқанды, ажарлы кісі екен. Жарық­тық құрақ ұшып, атшап­тырым дастарқан жайып, Жамбылға киім тіктіріп бәйек болады. Дастарқан үстінде Жамбыл шешіліп сөйлей қоймапты. Томаға-тұйық отырыпты. Осыны сезген Айманкүл:

– Әбділда, мына кісі сені баласынып отыр, сен барып Мұхтарды, Сәбитті, Ғабитті шақырып кел, – депті.

Әбділда барып Мұхаңды, Сәбеңді, Ғабеңді шақырып келеді. Олар да тез жетіпті. Жәкең де жадырап, мәре-сәре болыпты.

Сол түні байтақ әңгіме айтылыпты.

Содан түннің бір уағына дейін отырып, түн ортасынан ауғанда қонақтар үйіне қайтады.

Таңертеңгі шайдан соң Әбділда:

– Тәте, киінейік, Үкіметке барамыз, – депті.

Жамбыл әзіл-шыны аралас:

– Әй, бала, Үкіметіңе өзің бара бер, менен сәлем айта бар, мен бармаймын. Шешең жақсы адам екен, шешеңді маған бер, алып ауылға қайтайын, – депті жарықтық. Сонда Айманкүл анамыз:

– Шалдың түрі жаман екен, бұл кісіні Мәскеуге апарамыз деп жүргенде шешеңнен айырылып қалып жүрме, – деген екен баласына әзілдеп.

Ертеңіне Үкімет басшылары­мен жолығады. Олардың жасап отырған қамқорлығына ризашы­лығын білдіреді.

Қазақтың ұлы ақыны, композиторы, әншісі Кенен Әзірбаевпен он бір жыл араластым, қасында жүріп сырын ұқтым, туған баласындай, інісіндей, сырласындай болдым. Аузынан талай аңыз-әңгімелерді жазып алдым, жанына жалау болдым. Кенен Әзірбаев Жамбылдың соңында қырық жыл бірге жүрген өкшелес інісі, сүйікті шәкірті.

Кенен Әзірбаев айтады:

– 1921 жылы Ұзынағашта өс­теп­ке (выставка) болды, сол көр­меге Жетісу өңірінен аяғы жете­тін жерден ақындар түгел шақы­рылады. Тегіс жиналдық. Ара­мызда Жамбыл ғана жоқ. Естуі­мізше Жамбылды қыңыр, тілі ащы, ешкімді тыңдамайды, жиынның шырқын бұзады деп шақырмапты. Үлкен ақ орда тіккен, соның ішінде отырмыз. Күздің қара суығы. Жаңбыр жауып тұр. Бір кезде есіктің алды у-шу болды да қалды. Сөйтсек, Жам­был кеп қалыпты. Ол кісіні ешкім кіргізбейді. Кіргізбеген соң үйді айналып, ту сыртынан киіз үйдің үзігін түртіп жіберіп, домбырасын бұлғады. Жамбылдың домбырасы ғой, бәріміз танимыз. Жүрегіміз зу ете қалды. Үйдің іші абыр-сабыр. Жұрттың бәрі түрегеп тұр. Арамызда Үкімет басшыларынан Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев отырған. Ораз Жандосов тәте, тәте деп жалынып ішке кір­гізді. Жамбыл әбден тоңған, қал­шылдап тұр. Ораз Жандосов Жам­былға қарап: «Тәте, патша тақ­тан құлады. Бай жойылды, ке­дей байға теңелді. Кедейдің зама­ны туды. Жақсы өмір басталды. Мына ақындар осыны, кеңес өкі­метін жырлап жатыр. Қане, жай­ғасып, осыны жырлаңыз», дейді. Қалшылдап, өзі әбден тоңған, сақалынан жаңбырдың суы тарам-тарам боп аққан ақын отырмапты, түрегеп тұрыпты. Бір кезде:

«Николайдың тұсында

кигеніміз торқа болды,

Мінгеніміз жорға болды.

Әкеңнің аузын пәлен етейін.

Совет деген шығып

сорға болды», –

деп қалды. Төрде отырған төре­­лер­дің естері шығып кетіпті. Жұба­ныш Бәрібаевтың әкесі Қордай­да орыстарға жалданып, сиыр ба­ғып «әктас» қазушы еді. Бәрібаевқа қарап тұрып: «У тас жаққан, сиыр баққан, әкеңнің ­аузын…» деп сал­ды. Сонда Ораз Жандосов: «Тәте, тәте, сабыр еті­ңіз­ші, бір ашуыңыз­ды маған бе­ріңізші», деп әрең тоқтатты.

Сол жолы Жамбыл «Менің өмірім» дейтін байтақ әңгімесін жырлап берген. «Шыңырауда тудым, түнекте өстім. Осы күнді жетпіс жыл аңсап күтіп ем. Дәл бүгін менің жырлайтын, менің шешілетін, менің шабытты күнім еді», деп бабындағы бәйгедей жосылып, жорғадай төгіліп, ұзақ толғау айтты. «Замана толғауын» жырлады.

Кенекең, әттең, бұл жырдың толық нұсқасы жетпеді кейінгі ұрпаққа деп өкініп отыратын.

Жамбыл өзіне дейінгі ақын-жыраулардың мұрасын толық біл­ген адам. Есте сақтау қабілеті­не қай­ран қаласың. Жамбыл көпте­ген ақынмен айтысқан. Солардың ішіндегі ең ірісі – Құлмамбетпен ­айтысы. Құлмамбеттің өзі «сөзім­нің қыл сыймайды арасына» деп бе­кер айтпайды. Кісіні бетіне қаратпа­ған ақын. 1881 жылы Қапшағай­дың жағасында, ескі көпірдің астында айтысқан екен. Құлмамбет ешбір ақынды шыдатпаған екен, жарықтық. Сол жерде тоғыз ақын­ды жеңіпті. Олардың домбы­раларын тұсына ілдіртіп қо­йып­т­ы. Намыстанған шапырашты­лар Жамбылды шақыртады. Әдепкіде Құлмамбет Жамбылды қомсынады. Құлмамбеттің атақ-даңқын, ақындығын қатты сый­лаған Жамбыл әдепкіде едәуір жүрек­сінеді. Бірақ Құлмамбеттің сөзі жанына батқан соң, Жәкең де томағасын сыпырған тау қыра­нындай дүр сілкініп шыға ке­леді. Домбырасын қолына алып, Құл­мамбеттің алдына келеді де оған қарама-қарсы отыра қалады. Екі ақынның айтысы осылай басталады.

Айтыста Жамбыл жеңіске же­теді. Бұл жөнінде Жәкең: «Құл­мамбетті мен жеңген жоқпын. Батыр атамыз Қарасай мен ақын ағамыз Сүйінбайдың атағы ғой жеңдірген. Әйтпесе Құлмамбет бүкіл Іле өңі­ріне атақ-даңқы шығып, аузымен құс ілген өрен жүйрік ақын еді ғой», деп өзінен жасы үлкен ақынның жолын сыйлап, құрметпен айтады екен.

Сол айтыстан кейін Жамбыл мен Құлмамбет екеуі жиі араласып тұрады.

«Қаздай қалқып, ерінбей өлең

тердім жасымнан,

Майкөт ақын, Құлмамбет орын

берді қасынан.

Майлықожа, Құлыншақ пірім

еді бас ұрған,

Айтқандары нұсқа еді,

жаралған сөзі асылдан», –

деп Жамбыл Майкөт пен Құл­мамбетті өзіне тең санап, Майлы­қожа мен Құлыншақты пір тұтқан.

Құлмамбет бір күні Жамбылға келіп: «Әй, Жамбыл, сен жамба­сыңа жұмсақты тауып алдың. Қырғыздың ханы Шәбденге жиі барып тұрасың. Мені де апарсайшы», депті. Cөйтіп, екеуі атқа мініп, жотаменен Шәбденге тартқан екен. Құлмамбеттің наша тартып анда-санда елтіп қалатыны бар екен. Жолда Құлмамбет нашалап қалса керек. Олар келсе, қырғыздың ханы пәуескесін жектіріп, Петерборға жүрмекші екен. Жамбыл келгесін, «О, Жамбыл, өзіңді де сағындым, сөзіңді де сағындым», деп жүрмей қалыпты. Кешке ханның ордасында отырып, Шәбден Жамбыл­дан: «Жырлардан не білесің?» деп сұрапты. Жәкең бәрін білемін, «Көрұғлыны» да айтам, «Мың бір түнді» де айтамын дейді. Айтқанда қанша уақыт айтасың дейді хан. Ас, дәрет, намаз уақытын есептемегенде, отыз бір күн, отыз бір түн айтамын депті.

Ертеңіне Шәбден жолға жүр­мекші болып, Жамбылға сый-сия­пат жасайды. Құлмамбет елтіп ұйық­тап қалады. Шәбден Жамбылдан:

– Қасыңдағы мына кісің кім еді? – деп сұрайды.

Жамбыл:

– Атқосшым еді, – депті.

Шәбден жүргелі жатқанда Жам­был Құлмамбетті жұлқылап оятады. Құлмамбет тұра сала жырды ағытып қоя беріпті. Шәбден таңғалып, «Атқосшы дегенің шоң шайыр ғой», дейді. «Иә, Құлмамбет дейтін қазақтың ұлы ақыны осы», деп таныстырған екен Жамбыл. «Атақты Құлмамбеттің дәл өзі ме?» деп Шәбден тағы бір күн жолдан қалып, жыр тыңдаған екен.

Кенен 1928 жылы Базар-Назар есімді екі ұлынан бірдей айырылып, тентек қойдай теңселіп жүрген кезі. Бір жолы Ұзынағаштың базарына барады. Өмірзақ Қарғабаев базардың төрінде «Маңдайының ағы бар, тағы айтарым тағы бар. Мұны тапқан адамның, маң­дайының бағы бар» деп жоқ іздеп тұр екен. Сәлем беріп, базарды аралап, енді қайтайын деп аты­ның ауыздығын салып, тартпасын тартып тұрса, біреу келіп бүйірінен қамшымен түртіпті, қараса Жамбыл екен. Сәлем береді. «Кененбісің? Өзіңнің мойның қыл­қиып, атыңның бұты тыртиып не болып кеткенсің? Құдай өзі берді, өзі алды. Құдайға қарсылық қыласың ба? Амандық болса, келін тағы құрсақты болады. Сол кезде келіп құтты болсын айтамын», депті. Сол Базар-Назардан кейін Төрткен туған. Оның толық аты Төрткемпірбіршал. Бірақ Төрт­кен туғанда Жамбыл келмеген. Көркемжан деген ұлы туғанда келіп, жыр төгіп, «Құдайдан құ­ныңды алдың, Кенен» деген екен.

Өлерінің алдында нашарлап жатыр деген соң Ғабит Мүсірепов пен Әбділда Тәжібаев емханаға жиі барып тұрыпты. Барған сайын:

– Тәте, бәрі жақсы болады, Сталин өзі қадағалап отыр. Тәуір болып ке­тесіз», дейді екен. Бірде әбден қиналғанда: «Совет үкіметі аспанға жансыз темірді ұшырып жатқанда, менің тынысымды ке­ңейтетін дәрі таппағаны несі?» деген екен.

Бір күні қысылғанда Ғабит пен Әбділданы тағы шақыртыпты. Жұ­бату үшін олар: «Тәте, бәрі жақсы болады, Сталин өзі қада­ғалап отыр», дегенді тағы да қай­талай­ды. Жамбыл сонда қолын бұлғап: «Қарасайдан қалған, Сары­байға келіп қонған қызыл жолбарысым бар еді, қажысам, қиналсам, шаршасам құйрығын бұлаңдатып қасымда жатушы еді. Сол қызыл жолбарысым бағана, кіші бесінде батысқа қарай кетті, «Пұшайт, пұшайт, пұшайт!» деп үш рет шақырдым, қарамады. Енді қамдарыңды жасай беріңдер!» депті. Сөйтіп, жүзге қараған жасында ақынның алып жүрегі тоқтапты.

 

Мырзатай Жолдасбеков 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ