«Жанұя» орталығы облыс орталығы Талдықорғанда да өз жұмысын бастады

Жетісу облысында осымен оныншы «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды. Енді мұндай орталықтар өңірдің барлық аудандары мен қалаларында жұмыс істейді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Биыл осындай қолдау орталықтары Ескелді, Көксу және Ақсу аудандарында ашылса, енді «Жанұя» орталығы облыс орталығы Талдықорғанда да өз жұмысын бастады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында өңірде отбасыларға және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қолдау көрсету бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, қолдау мақсатында құрылған «Жанұя» орталықтары 2023 жылдан бастап Жетісу облысының аудан-қалаларында ашыла бастады. Бүгінде бұл орталықтар әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды бөлігіне айналып, өңір тұрғындарына тегін психологиялық, құқықтық, әлеуметтік және гуманитарлық көмек көрсетіп келеді, – деді Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Басқа да «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарындағыдай, Талдықорған қаласында ашылған жаңа орталықта құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек қызметінің 12 түрі тегін көрсетіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер орталықта бір айға дейін уақытша тұра алады. Осы уақыт аралығында құжаттарды рәсімдеуге, жұмысқа орналасуға, біліктілігін арттыруға көмек көрсетіледі.
Жертөлесі бар екі қабатты ғимаратта балалар бөлмесі, 10 орындық жатын бөлме, мәжіліс залы, фитнес залы, психолог пен заңгер кабинеттері, тіркеу орны және басқа да қажетті бөлмелер бар. Мұнда 15 жұмыс орны құрылды. Айта кетерлігі, жаңа орталық сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат аясында мемлекет меншігіне қайтарылған ғимаратта орналасқан.
Қызмет алушылар да жаңа орталықтың жұмысына қатысты өз пікірін білдірді:
– Күйеуіммен ажырасқаннан кейін қиын жағдайға тап болдым. Осы орталық туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан білген соң, тегін заң көмегін алу үшін осында жүгіндім. Жалпы өзіме қажет болған барлық ақпаратты алдым. Мұнда түрлі курстардан өтіп, жаңа нәрселерді үйренуге жағдай жасалған. Сондықтан мұндай орталықтардың маңызы зор деп санаймын, – деді көп балалы ана Балжан Әлімханқызы.
Орталыққа жүгінген тағы бір көп балалы ана Гүлнұр Қажыбаева былай дейді:
– Көршілерімнен Талдықорғанда осындай отбасын қолдау орталығы ашылып жатқанын естідім. Бүгін арнайы келіп, заңгерден кеңес алдым. Мұнда жақсы қабылдады, жанашыр мамандар жұмыс істейтінін көрдім. Көмекке мұқтаж жандар бұл жерден тек жылы сөз ғана емес, нақты қолдау табатынына сенемін.
Фотограф: Олжас Құрмашев