Жастарға берілген «қармақ»

0
291

Әуелден айтылып жүрген «Балық берме, қармақ бер» деген тәмсілдің қалпына салсақ, жастарды масылдық санадан арылтып, еңбекқорлыққа баулу үшін жан-жақты жағдай жасаудың маңызы зор.

Бұл ретте іс бастағысы келетін ынталыларды қаржылай демеп, талабын ұштауға баса көңіл бөлінеді. Президент тарапынан мұның нақты тетігі ретінде жылдық өсімі 2,5 пайыздан аспайтын шағын несие беру ұсынылды. Биылдан бастап қолға алынып жатқан бастама жастардың жолын ашып, кәсібінің өрге басуына септігін тигізбек. Ендеше, жеңілдетілген несие алудан үмітті жастар наурыз айынан бастап құжаттарын тапсыруына болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле береді. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», деп атап өткен еді.

Жолдау жүктеген бұл мін­деттің аясында 2023 жылдың 1 наурызынан бастап жастардың кәсіпкерлік бастамаларын іске асыруына мүмкіндік беретін жеңілдетілген шағын несие алуға құжаттар қабылдау бас­талды. Биыл 2,5% жылдық өсіммен барлығы 5 796 несие беру жоспарланып отыр.

Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту үшін 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың жасы «Аг­рарлық кредиттік корпорация» АҚ-қа өтініммен жүгінген кезде ескеріледі.

Аталған несиенің көлемі – 5 млн теңгеге дейін. Ал бұған қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылдан (кез келген мақсатқа) 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін) болуы мүмкін. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі, жоғарыда кел­тіргендей, жылдық 2,5%-дан аспайды.

ывы

Несие алушылар үшін не­гізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойын­ша жеңілдікті кезең беріледі. Бұл несие мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Кепілмен қамтамасыз ету­дің болуы – міндетті шарт. Бұл үшін жылжымалы (ма­ман­дандырылған техни­ка) жә­не жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қам­­та­­масыз ету бол­маған жағ­дай­да кепіл беру­шіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.

Ал өтінім беру үшін құ­жаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет. Тиісті құжаттардың тізімі арнаулы кестеде көрсетілді.

авв

Шағын несиелер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі. Бұл комиссия отырыс­тарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады. Осылайша, несие беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жос­па­ры­мен, өзекті, дәлелді, эко­но­­микалық негізделген, қо­ғам­­­дық маңызы бар, өмір­шең болуы керек жобаның пы­сық­­талуын бағалаудың нақ­ты өлшемшарттары негізінде қабыл­данады.

Қазіргі уақытта шағын несиелер алуға өтінімдер 15 өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Ал­маты, Жетісу, Абай, Жам­был, Батыс Қазақстан, Қара­ғанды, Ұлытау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павло­дар, Түркістан облыстарында және Астана қаласында қабылданады. Қалған өңірлерде өтінімдерді қабылдау жақын арада басталады. Бұл туралы қосымша хабарланады.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдарының мекенжайларын agrocredit.kz/ru/main/contacts/affiliates сайтынан табуға болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ