Бала психологиясы – ұғым емес, ғылым

0
251

Қазір заман басқа, заң басқа дегенмен, психолог мамандар «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Жөн сөз, тек баланың тұлға болып қалыптасуына отбасы, өскен ортасынан бөлек жаңа технологиялар да әсер ететіні анық.

Ата-ана мен бала арасындағы берік қарым-қатынастың іргесі сөгілсе, бала кейінгі ескер­туді бірден сын деп қабылдауға дайын тұрады. Сондай-ақ ата-ананың орнын ешбір технология баса алмайтынын айтқым келеді. Баланың ең қызықты, бақытты кезі интернетке үңілгендегі сағаттары емес, ата-анасымен өткізген сәттері болуы керек. Интернет баланың кейбір қасиетін шыңдағанымен тәрбие бере алмайды

 

 

Суицид рухани әлсіз адамдарды жағалайды

Бажайлап қарасақ, бұрынғы мен қазіргі баланың көзқарасында, дүниетанымында айырмашылық бар. Әсіресе азат елде таршылық көрмей өскен ұландардың әлденеден жасқанбайтынын, еркін ойлап, ширақ қимылдайтынын байқай­мыз. Бірақ бұл алаңдауға негіз жоқ дегенді білдірмейді.

Күйзеліске түсіп, жаны қысылған жандар­дың психологке жүгінуі – Еуропа халқы үшін қалыпты жағдай. Ал біз психологке қайырылғандарға үрке қарайтын әдеттен енді арылып келеміз. Сала мамандарына сұраныс артқанын әлеуметтік желідегі жылт еткен жарнамалардан және жеке парақшадағы оқырман санына қарап біле берсек болады. Бұл қоғамның психологтерге көзқарасы дұрыс қалыптасып жатқанын аңғартады. Соған қарамастан, ашу үстінде араздасып, ажырасқан отбасылардың жылдан-жылға көбейгені жанға батады. Мұндай жағдайда ата-ананың қателігі бала үшін «трагедия» екенін елеп жатқан кім бар?

Сол секілді отбасында немесе өскен ортасында ересектерден қысым көрсе де ешкімге тіс жармай жүрген балалардың бары рас. Отбасындағы әлеуметтік жағдайға байланысты жоқшылық көріп жетілген жасөспірімдердің барын жоққа шығара алмаймыз. Осындай қайшы­лықтардан жасөспірімдер өзін жат сезініп, қоғамнан жерінуі мүмкін.

Ресми ақпараттарға жүгінсек, әлемде миллионға жуық адам суицид жасауға оқтала­ды екен. Кейінгі жылдары елімізде де өзіне-өзі қатал үкім шығаратын ересектермен қоса жастар, жас­өс­пірімдердің көбейгенін аңға­рамыз. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, еліміз – суицид дерегі көп тіркелетін мемлекеттердің қата­рында. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы 250-ге жуық жеткіншек өзіне-өзі қол жұмсауға оқталған. Соның ішінде құзырлы органдар 164 баланы райынан қайтарса, 84-і қыршыннан қиылған. Статистика бойынша 2015-2021 жылдары елде суицид артқан деген тағы бір дерек бар.

Психологтер суицидті адам­ның өзіне-өзі қатал кесім шы­ғарған қатыгездігі санайды. Оған рухани әлеуеті әлсіз, өмірді танып-біл­ме­ген балалар барады деп айтуға да болар. Пси­холог Айгүл Абдрахманова өзіне-өзі қол жұм­саудан тайынбайтындарды жаппай әлсіз деп айта алмаймыз дейді. Кейде балалардың қатыгездігіне басқа да факторлар әсер етеді екен.

– Суицидке рухани әлсіз адамдар ғана барады деп шорт кесіп шешім шығара алмаймыз. Бала кезінен өзіне сенімді болып, нарцистік мінез қалыптасқан жасөспірімдер де ессіз әрекетке баруы ықтимал. Мысалы, қала­ған нәрсесін оңай олжалап өс­кен бала өзінен мықтыларды кезіктіргенде «сынып» кетуі мү­мкін. Себебі бала психоло­гиясы – ұғым емес, ғылым. Негізі, жасөспірімдердің шалыс басуына ересектер жол бермеуі керек. Жас шыбықты қайда исең, сол жақ­қа қарап икемделетінін көпшілік біледі. Сөйте тұра естен шығарады. Баланың көмес­кі әрекетке баруына әлеуметтік-эконо­ми­калық тұрақсыздық, ата-аналардың зиянды заттарға әуес болуы, қатыгездік, психо­логиялық және физикалық фактор, сексуалды зорлық-зомбылық, ертеңгі күнге сенімсіздік, этикалық, адамгершілік құндылықтардың болмауы, өмірдің мәнін жоғал­туы түрткі болады. Балалар не үшін суицидке барады? Қас­көйлікке итермелейтін – олар­дың шарасыздығы. Жоға­рыда айтып өткен мәсе­ле­лер­дің барлығы – балаға кері әсер ететін факторлардың ең негіз­гісі. Күні бүгінге дейін ересек азаматтарға, жастар және балаларға психологиялық кеңес бердім. Өзіне-өзі қол жұмсауға бір емес, бірнеше рет әрекет жасағандарды кезіктірдім. Қиы­ны, амалы таусылған бала отбасынан емес, бізден медет күтеді. Жасырын келеді. Десе де кейбір балаларды отбасымен кеңеспей-ақ жігерлендірдік деп айта аламын. Бұл – біз үшін баға жетпес жетістік. Тіпті бірнеше баламен емен-жарқын араласып, әлі күнге дейін хабар алмасып тұрамыз. Түйгенім, ұрпақ амандығына алаңдасақ, алдымен өзімізді түзеуіміз қажет, – дейді психолог.

Психологияда баланың бойын­­­дағы «мен­дік» қасиетті да­мыту маңызды екен. Өйт­­кені бала өзіне сенімді болса, кез кел­­ген тығырықтан тура жол табуға бейім­де­ліп жетіледі. Ере­сектер де «жассың» деп бала­ның бетін қайтармай, керісінше, арқасы­нан қағып демеуі қа­жет. Психологтер баланың әлеу­мет­тік, психологиялық және биологиялық ерекшеліктерін қарастырады. Соған қарап мә­селенің мән-жайын анықтай­ды. Олар еш уақытта балаға «саған не болды, неге мұндайсың?» деген сипаттағы сұрақ қоймайды. Еңсесін түсірмеуге тырысады. Әуелі әңгіменің орнын, мән-мағынасын ажыра­тып, содан кейін ғана баланың өмірге құштарлығын арттыруға күш салады. Осы мезетте ата-ана баламен дос секілді жақын араласып, сырласуы керек. Ақыл сұрап, пі­кір­лесу де артық етпейді. Сонда ғана бала әлсіздігінен арылады.

Әдетте, отбасында ересектер жеңіл-желпі қарайтын жайттар балаға әсер етуі мүмкін. Мысалы, үйдің үлкені мен кенжесіне ерекше ықыласпен қарап, ортаншы баланы елеусіз қалдыруға болмайды. Үйдің кенжесі жасаған бұзақылықты ортаншы балаға ысыра салу да кейде әсер етуші фактор саналады. Көпшілікке таныс жағдай, әрине. Осындай болар-болмас деп ойлаған келеңсіздіктен кейбір балалар өзін қоғамға қажетсіз сезінуі ықтимал. Салдарынан баланың мектепте үлгерімі нашарлап, тіпті достарымен тіл табысудан қашқақтауы мүмкін. Ата-ана жас өреннің «мендік» қасиетін төмендетер болса, кейін перзенті үлкен өмірге қадам басқанда қиналады. Бала өзін төмен санаса, қоршаған орта да оны сол қалпында қабылдайды. Демек, психологтердің баланы жігерлендіріп, үнемі қолдау көрсету керек деуі тегін емес.

 

Интернеттің иірімі

Озық технологиялардың бала психологиясына пайдасы­мен қоса, кері әсері бар екенін осыған дейін де талай қаузадық. Шамадан тыс ақпарат баланы енжарлыққа душар етеді. Ғаламторға көп үңілетін балалар адамдармен араласудан қалады. Төңірегіндегілерді елемейді. Яғни «жаны ашу» және «жек көру» сынды сезімдерден жүрегі селт етпеуі мүмкін. Бұл бірте-бірте баланың болмысына, тұлғалық қасиетіне әсер етеді. Осылайша, онсыз да ақпаратты лезде қабылдайтын жас шынайы өмірді виртуалды өмірмен алмастырып алады. Тіпті қазір «компьютерге байлану» ауру болып есептеледі. Дертке әсте өзіне-өзі сенімсіз, тұрмыстық мәселелерді көтере алмайтын балалар душар болады екен. Бұл – ата-аналардың баласына көңіл бөлмеуінің салдарынан орын алатын жағдай. Көпке таңсық дерттің белгілерін бала бойынан қандай аспектіге сүйеніп байқаймыз деген сауал туады. Айталық, мұндайда баланың үл­герімі нашарлайды, үйге кеш оралады, қит етсе жанжал шығаруға дайын тұрады, бұрынғы достарымен қарым-қатынасын үзіп, өзі секілді компьютерге үйір балаларды жанына жақын тарта бастайды. Берген уәдесінде тұрмай, есте сақтау қабілеті нашарлап, ұйқысы бұзылады, мазасы қашады. Яғни адам бойындағы барлық психикалық үдеріс әлсірей бастайды. Тағы бір мәселе, кейде ересектердің өзін шыңырауға түсіретін ашық ақпаратты буыны қатаймаған бала жілік­теп, дұрыс-бұрысын саралай алады деп айту қиын. Ашық ақпараттан күйзеліске тү­сіп, ғаламтордан ересектердің өзі жерініп жат­қанда бұл бала психикасына әсер етпейді ме?

Ең сорақысы, жасөспірімдер ғаламтордың түбіне үңіліп, кейбір жабық топтарға кіріп кетуі де мүмкін ғой. Қайбір жыл­дары «Синий кит» ойынын ойнаймын деп, от басқан балалар күрт көбейген еді. Сондай топтардың сарқыншағы әлі бар ма, жоқ па – ол да белгісіз. Әрине, баланы жағымсыз ақ­па­раттардан қорғаудың сан түрлі тәсілі бар. Бірер күннің бе­дерінде ресми сайттар 18 жас­қа дейінгі балалардың TikTok қосымшасын күніне тек 60 минут пайдаланатыны туралы хабар таратты. Қосымшаны бала бір сағат пайдаланған соң арнайы құпиясөз енгізуге тиіс екен. Ал 13 жасқа дейінгі балаларға ата-анасы құпиясөзді енгізгеннен соң қосымшаны тек 30 минут пайдалануға рұқсат беріледі. Қысқасы, TikTok бұл өзгерісті жуырда енгізуді жоспар­лап отырғаны жазылған. Сол секіді қазір көптеген платформада балалардың қосылуына шектеу қоятын ережелер бар. Бұл әрбір ата-ана технология келгенде баладан әлдеқайда сауаттырақ болуға тиіс дегенді білдіреді.

Психолог Гүлсара Мұқа­шеваның айтуынша, ақ-қараны әсте ажырата алмайтын, таным-түсінігі енді қалыптасып жатқан балаға орынсыз ескертулер кері әсер етеді.

– Ата-ана мен бала арасындағы берік қарым-қатынастың іргесі сөгілсе, бала кейінгі ескер­туді бірден сын деп қабылдауға дайын тұрады. Сондай-ақ ата-ананың орнын ешбір технология баса алмайтынын айтқым келеді. Баланың ең қызықты, бақытты кезі интернетке үңілген­дегі сағаттары емес, ата-анасымен өткізген сәттері болуы керек. Интернет баланың кейбір қасиетін шыңдағанымен тәрбие бере алмайды. Тағы бір жайтқа тоқталсам, әдетте ата-аналар ұл-қызын қатал тәрбиелеуді жөн санайды. Кейде отбасында баланы күшпен тезге салу тәр­биелеудің бір түріне айналып кеткен бе дерсің. Балаға күш көрсету – қысқа мерзімдегі тиімді шешім ғана. Бірақ оның салдары ата-ана үшін де, қоғам үшін де ауыр соққы болуы мүмкін. Мұндайда бала өзіне сенімсіз, қорқақ әрі жасқаншақ болып жетілуі ықтимал. Болмаса ашушаң, даңғой, кекшіл болып жетілуі ғажап емес. Ата-ананың балаға қол көтеріп, ашулануы шарасыздықтан дер едім. Бірақ бұл – мүлде қате шешім. Ата-ананың парызы баланы дүниеге әкелу ғана емес, сонымен қатар жақсы тәлім-тәрбие беру, – дейді маман.

Баланың құқығын заң қор­ғайды. Кейінгі жылдары бала құқығына қатысты заң талаптарын жаңсақ түсінгеннің салдарынан қоғамда пікірталас туындады. Тиісінше, қазір балалар да өз құқығын біліп өсіп жатыр. Бірақ отбасы психологі Ержан Мырзабаев ата-ана мен бала арасындағы шекара қорғалуға тиіс деп санайды.

– Егер бала еркімен кетсе, ата-ана баланы емес, бала ата-ананы тәрбиелейтін жағдайға жетуіміз ықтимал. Ал бұл қауіпті жағдай екені түсінікті. Әр дәуір баласының арман-мақсаты өзінше бөлек дер едім. Мысалы, бала күнімізде қазіргі кейбір бар нәрселер түсімізге кіріп шықпайтын. Ұялы телефон, интернет дегенді ойлағанымыз жоқ. Қарап отырсақ, біз армандай да алмайтынбыз. Қазір балаларға ұшатын көлікті, әлемнің әр қиырына лезде жетуді, тіпті ғарышқа ұшуды армандау қалыпты. Жас өскіндердің арманшыл болғаны, әрине, дұрыс. Бала тәрбиесіне ойыссам, әуелі ата-ана перзентін төмен санамай, керісінше жігерлендіріп, әр кез мейірімін төгіп тұруға тиіс дер едім. Сосын ата-ана апта ішінде баламен сөйлеспесе, сол аралықта бұғанасы бекімеген баланың ой-өрісі жағымды-жағымсыз хабарлардан өзгеруі мүмкін. Мұны әрбір ата-ана білуі керек, – дейді психолог.

Қорыта айтқанда, бала психологиясына кері әсер ететін факторлар өте көп. Оның әрқай­сысымен күресу тіпті мүмкін еместей көрінеді. Алайда ата-ана баласымен досындай сырласып, кейбір мәселелерде баламен санасар болса, мұның өзі үлкен олжа деп айтуға болады. Мұндайда бала өз ойын тартынбай айтып, қиын-қыстау сәттерде ата-анасымен кеңесуге дағдыланып жетіледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ