Жастар саясаты саласында ынтымақтастықтың болашағы зор екенін атап өтті.

0
70

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында Түркі мемлекеттері ұйымының Жастар және спорт істері министрлерінің 8-ші отырысы өтті. Іс-шараға осы салаға жауапты Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан басшылары мен өкілдері, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев және Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов ТМҰ елдері арасындағы жастар саясаты саласында ынтымақтастықтың болашағы зор екенін атап өтті.

«Бүгінгі жастар – біздің ұлтымыздың болашағы, бірегей мәдениеттерді, білім мен инновациялық идеяларды тасымалдаушы. Сонымен қатар, жастардың алдында цифрландыру, климаттың өзгеруі, жаһандану және әлеуметтік тұрақсыздық сияқты жаһандық ауқымдағы сын-қатерлер тұр. Мұндай жағдайда мемлекеттеріміздің бірлескен жұмысы өте маңызды», – деді Кочетов.

Сонымен қатар, түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайту мақсатында жыл сайын кезекпен Қазақ-Түрік жастар көпірі өтіп тұрады. Өткен жылы бұл шара түркі әлемінің бесігі Түркістанда өтті.

2025 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының жастары жас көшбасшылар, жас кәсіпкерлер форумдарында, сондай-ақ ТМҰ жастар платформасында кездеседі.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ