Жедел медициналық жәрдем станциясы – қаламыздағы ең ірі орталықтардың бірі

0
11

Облыс әкімі Берік Уәли «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының» жұмысымен танысты. Мекеменің бас корпусы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015 жылы ашылған. Бүгінде мұнда 872 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Жедел жәрдем станциясы өмірге қауіп төндіретін жағдайлар, жазатайым оқиғалар мен жедел аурулар кезінде ересектер мен балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар медициналық авиация арқылы кеңес беру, жоспарлы және шұғыл медициналық көмек ұйымдастырылады. Нысан тәулігіне 1000-ға дейін шақырту қабылдайды.

Абай облысының жедел медициналық жәрдем қызметі Семей қаласының оң және сол жағалауында орналасқан екі қосалқы станциядан тұрады. Сонымен қатар Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Мақаншы, Көкпекті, Ақсуат аудандары мен Курчатов қаласындағы 18 жедел медициналық бөлімшені қамтиды.

Орталықта бірқатар мәселелер бар. Шаруашылық блок мен гараж ғимараттары күрделі жөндеуді, мекеменің автопаркі толық жаңартуды қажет етеді. Қаланың сол жағалауында орналасқан Әуезов қосалқы станциясы да ескірген. Мекеменің бас дәрігері Владимир Ли облыс әкімінен осы мәселелерді шешуге қолдау көрсетуді сұрады.

Облысымыздың тумасы Руслан Саметеев Абайдың 180 жылдығына орай жедел медициналық жәрдем станциясына құны 25 миллион теңге тұратын сервер жүйесі мен әрқайсысы 1 миллион теңге тұратын 10 ЭКГ құрылғысын сыйға тартты. Аймақ басшысы туған жерін түлетуге қолдау білдірген азаматқа алғысын айтты.

Облыс әкімі ғимаратты аралап, дәрігерлермен пікірлесіп, тыныс-тіршілігімен танысып шыққан соң мекемеге «HYUNDAI Santa FE» маркалы қызметтік автокөлігінің кілтін табыстады.

Аймақ басшысы сала қызметкерлерінің маңызды әрі жауапты жұмысына сәттілік тілеп, жедел медициналық жәрдем станциясының инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту жалғасатынын атап өтті.

«Жедел медициналық жәрдем станциясы – қаламыздағы ең ірі орталықтардың бірі. Мұндағы мамандар тәулік бойы халыққа қызмет етеді. Сол себепті заманауи талаптарға сай жабдықталуы тиіс. Бүгін көтерілген мәселелердің барлығын білемін. Назарымда ұстаймын. Түйткілді мәселелердің шешу жолдарын қарастырамыз. Жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз», – деді аймақ басшысы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ