Жеке тұлға банкроттығы: Өтінім қабылдау басталды
Бүгін елімізде жеке тұлға банкроттығы бойынша өтінім қабылдау басталды. Елімізде банк, микроқаржы ұйымдары алдында берешегі бар азамат саны 8 млн-нан асады. Олардың жалпы қарызы 8 трлн теңге көлемінде. Осыншама азаматтың тек 1,5 млн-ның қарызды төлемегеніне 90 күннен асып, NPL90+ межесіне шығып кеткен. Қаржы министрлігінің болжауынша, банкроттық рәсімін ел бойынша 1,1 млн адам пайдалануы мүмкін.
Банкрот атанған борышкерді қалай бақылайды?
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жыл басталғалы 15 мыңнан астам адам банкроттық мәселелері бойынша түрлі сұрақпен жүгінген. Вице-министр борышкердің басым бөлігінің (1/5) Алматы қаласында шоғырланғанын жеткізді.
«Заңнама дайындалғаннан бастап қызметкерлер өңірлерді аралап, борышкер үлесі көп аймақтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, ол – Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласы. Борышкерлердің бестен бірі Алматы қаласында шоғырланған. Банкроттықтың несие қарызын кешіру акциясы емес екенін түсіну маңызды. Жеке тұлға банкрот деп танылған соң бес жыл бойы несие ала алмайды. 7 жыл бойы тізімде тұрады және 7 жылдан кейін ғана банкроттық рәсімін қайта пайдалана алады. Мемлекеттік кірістер органдары 3 жыл бойы банкрот мәртебесін алудың заңдылығына және жалтарудың түрлі схемаларын пайдаланбауға қатысты қаржылық мониторинг жүргізеді. Басқа мемлекеттерде елден тыс жерлерге шығу, қандай да бір қызметпен айналысу немесе сайланбалы лауазымдарға орналасу бойынша қатаң санкциялар қолданылады. Елімізде мұндай талаптар қойылып отырған жоқ. Сонда да өтініш бермес бұрын азаматтар ойлануы керек. Банкроттық – бұл адамға белсенді экономикалық кезеңге өтуге көмектесетін соңғы шара», деді министрлік өкілі.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятовтың айтуынша, егер адам банкроттықтан кейін заңды түрде жұмысқа орналасса және жоғары жалақы ала бастаса, онда несиесін төлеуге міндеттелмейді.
«Оған қарсы ешқандай шектеу және талап ету шаралары қолданылмайды. Өйткені бұл – еңбек қатынасы. Егер ол біліктілігі жоғары маман болса, онда жоғары жалақы алуға толыққанды құқылы. Ал банкрот атанған адамның қаржылық жағдайына мониторинг жасау жүйесі оның кредиторды алдап кетуін, өзіне тиесілі қандай да бір мүлік пен деректерді жасыруын анықтауға байланысты іске қосылады. Банкроттық процедурасы аяқталғаннан кейін салық есептілігі және басқа да ақпараттар негізінде банкроттық кезінде кредитордан өзінің мүлкін жасырған және қарызын төлемеген адамдарды анықтаймыз. Факті анықталған жағдайда банкроттық процедурасының күші жойылып, ағымдағы тәртіп бойынша барлық қалпына келтіру шаралары басталады. Ол адам кәдімгі борышкерге айналып, талап ету шаралары қолданылады», деп түсіндірді Қайрат Миятов.
Несие жүктемесін азайтудың жолы қандай?
Жеке тұлға банкроттығы туралы заң халықтың несие жүктемесінің шамадан тыс артып кетуі себепті қабылданып отырғаны белгілі. Тәуелсіз қаржы сарапшысы Нұржан Бияқаевтың айтуынша, қарыз жүктемесінің көбеюі тым ерте басталды.
«Несие жүктемесінің артуы екінші деңгейлі банктер үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің максималды шегін 56 пайыз етіп бекіткеннен бастап, яғни осыдан 10-15 жыл бұрын басталды. Бұл – тым залалды талап болды. Бір себеп осында жатыр. Екіншіден, 2013 жылдардан бастап Қазақстан нарығына онлайн компаниялар кіре бастады. Мемлекет бұл нарықты бақылаған жоқ, ал халық олардан жаппай займ алуға кірісті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Әбдірахманов мырза пруденциальды талаптар енгізілді деп отыр. Шын мәнінде, ол талаптар бізде 2020 жылдың 1 қарашасынан бастап жұмыс істеді. Бірақ оны не банктер, не МҚҰ-лар сақтаған жоқ», дейді сарапшы.
Айтуынша, 2019 жылы заңсыз банк комиссиялардың жолы кесілгенімен, банктер тағы бір қитұрқы тәсіл тапты Ол – 25 пайыз деңгейіндегі сақтандыру сыйлықақысы. Мұны олар өздерінің еншілес сақтандыру компаниялары арқылы жүзеге асыруға кірісті. «Егер қарыз алушыға 2 млн теңге мақұлданса, соның 25 пайызы сақтандыру сыйлықақысына жіберіледі. Бірақ клиент қарызды қолына тиген қаржы сомасымен емес, 2 млн теңгемен есептеп қайтарады. Ертеңгі күні проблемалық қарыз алушылар армиясына тағы да тап болмас үшін, банк пен МҚҰ-лардың ондай әдіспен несие беруін тоқтату керек» дейді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, қазір секторда реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«2021 жылы біз онлайн-несие қарыз алушының идентификациясы арқылы берілуге тиіс деген талап енгіздік. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне біз қарыз алушыдан алынатын барлық төлемді қостық. Иә, бұл мөлшерлеме қазір 56 пайыз, бірақ кредит бойынша шектеу шараларын қабылдаймыз. Расында банктер сақтандыру өнімдерін баламасыз ұсынып келді. Біз нормативтік талап енгіздік, енді банктер сақтандыру өнімін міндеттеуге құқылы емес», деді Н.Әбдірахманов.
Агенттік өкілі сондай-ақ коллекторлық қызметті қадағалайтын салалық заң да қатаңдатылуға тиіс деп санайды.
«Бізде коллекторлардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін күшейту бойынша заңнамалық түзетулер блогі дайын тұр. Әкімшілік жауапкершілік 2 есе ұлғайтылмақ. Ал коллекторлық агенттік қызметкерлері үшін бұған дейін қылмыстық жауапкершілік болған жоқ. Соны енгізуді ұсынамыз. Тиісті түзетулерді Мәжіліске жолдап қойдық. Парламенттің жаңа сессиясында оны қарайды деп үміттенеміз. Сонымен қатар банктер мен МҚҰ-дан проблемалық несиені коллекторлық ұйымға беруді шектеуге бағытталған заңнамалық акті мен түзетулер әзірледік. Қазір коллекторлар екі қызмет түрін жүргізе алады – қарызды қайтарту бойынша қызмет істеу және банктер мен МҚҰ-дан несиені сатып алу. Біздің қатаң талабымыз бойынша банк пен МҚҰ қайта құрылымдау бойынша жұмыстың барлығын дерлік өзі атқаруға тиіс, тек әрі қарай айналысу мүмкін болмаған жағдайда несие коллекторға беріледі», деді Нұрлан Әбдірахманов.
Банкрот атанудың жолдары
Бірінші. Соттан тыс банкроттық рәсімін банк, МҚҰ және коллекторлық агенттік алдында берешегі 1600 АЕК-тен (5 520 000 теңге) аспайтын, қарызының өтелмегеніне 12 айдан асып кеткен, мүлкі жоқ, қарыздары бойынша банкпен реттеу рәсімі жүргізілген азаматтар қолдана алады. 12 ай ішінде төлем болмауы туралы критерий атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін қолданылмайды.
Екінші. Сот банкроттығы рәсімін қарызы 1600 АЕК-тен асатын азамат қолдана алады. Бұл рәсім аясында борышкердің мүлкі сатылады. Бірақ борышкердің жалғыз тұрғын үйі кепіл нысанасы болса ғана оны алып қоюға болады. Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі. Борыштың қалған өтелмеген сомасы есептен шығарылады (егер борышкердің барлық әрекеті заң аясында болған жағдайда, яғни ол мүлікті, ол туралы ақпаратты жасырмауы және жалған мәліметтер бермеуі керек.
Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олар – заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері және аудиторлар. Олардың қызметі ақылы, борышкердің мүлкі есебінен – айына 1 ең төменгі жалақы (2023 жылы бұл 70 мың теңге).
Мүлкі жоқ әлеуметтік осал топқа жататын адамдар үшін қаржы басқарушыларының қызметін мемлекет төлейді.
Үшінші. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі: азаматта тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін (5 жылға дейін) көздейді. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Айта кету керек, барлық міндеттемесінің мөлшері (оның ішінде орындау мерзімі басталмаған) өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер ғана төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Рәсімнің артықшылығы – адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.
Банкроттыққа өтінімді egov.kz электронды үкімет порталы арқылы және Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып беруге болады. Сонымен қатар «E-salyg Azamat» қосымшасында да өтінім жолдау мүмкіндігі бар. Өтінім 14 күн ішінде қарастырылып, жауабы беріледі.
Заң бойынша өтінім қабылдауды аяқтауға байланысты нақты мерзім жоқ. Сондықтан кез келген уақытта бере беруге болады. Қазір арнайы ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр және өтінімдердің басым бөлігі сол арқылы келіп түседі деген жоспар бар. Сол үшін мемлекеттік органдармен және банктермен 40 ақпараттық өзара байланыс жүзеге асырылған.