Жеке тұлға банкроттығы: Өтінім қабылдау басталды

0
232

Бүгін елімізде жеке тұлға банкрот­тығы бойынша өтінім қабыл­дау басталды. Елімізде банк, мик­ро­­қаржы ұйымдары алдында бе­решегі бар азамат саны 8 млн-­нан асады. Олардың жалпы қарызы 8 трлн теңге көле­мінде. Осыншама азаматтың тек 1­,5 млн-ның қарызды төлеме­геніне 90 күннен асып, NPL90+ межесіне шығып кеткен. Қаржы министрлігінің болжауынша, банкроттық рәсімін ел бойынша 1,1 млн адам пайдалануы мүмкін.

Банкрот атанған борышкерді қалай бақылайды?

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов­тың айтуынша, жыл басталғалы 15 мыңнан астам адам банкроттық мәселелері бойынша түрлі сұрақпен жүгінген. Вице-министр борышкердің басым бөлігінің (1/5) Алматы қаласында шоғырланғанын жеткізді.

«Заңнама дайындалғаннан бас­тап қыз­меткерлер өңірлерді аралап, борышкер үлесі көп аймақтарда түсін­діру жұмыстарын жүргізді. Атап айт­қанда, ол – Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласы. Борышкерлердің бестен бірі Ал­маты қаласында шоғырланған. Бан­к­роттықтың несие қарызын кешіру ак­циясы емес екенін түсіну маңызды. Жеке тұлға банкрот деп танылған соң бес жыл бойы несие ала алмайды. 7 жыл бойы тізімде тұрады және 7 жылдан кейін ғана банкроттық рәсімін қай­­та пайдалана алады. Мемлекеттік кі­ріс­т­ер органдары 3 жыл бойы банкрот мәр­­тебесін алудың заңдылығына және жал­­тарудың түрлі схемаларын пай­да­­лан­бауға қатысты қаржылық мони­то­­ринг жүргізеді. Басқа мемлекеттерде елден тыс жерлерге шығу, қандай да бір қызметпен айналысу немесе сайланбалы лауазымдарға орналасу бойынша қатаң санкциялар қолданылады. Елімізде мұндай талаптар қойылып отырған жоқ. Сонда да өтініш бермес бұрын азаматтар ойлануы керек. Банкроттық – бұл адамға белсенді экономикалық кезеңге өтуге көмектесетін соңғы шара», деді министрлік өкілі.

Мемлекеттік кірістер комитеті төра­ға­сының орынбасары Қайрат Миятовтың айтуынша, егер адам бан­крот­тықтан кейін заңды түрде жұмысқа орна­ласса және жоғары жалақы ала бастаса, онда несиесін төлеуге міндет­тел­­мейді.

«Оған қарсы ешқандай шектеу және талап ету шаралары қолданылмайды. Өйткені бұл – еңбек қатынасы. Егер ол біліктілігі жоғары маман болса, онда жоға­ры жалақы алуға толыққанды құ­қы­лы. Ал банкрот атанған адамның қар­­жы­лық жағдайына мониторинг жасау жүйесі оның кредиторды алдап кетуін, өзіне тиесілі қандай да бір мүлік пен деректерді жасыруын анық­тауға байланысты іске қосылады. Банкрот­тық процедурасы аяқталғаннан кейін салық есептілігі және басқа да ақпа­рат­тар негізінде банкроттық кезінде кре­дитордан өзінің мүлкін жасырған және қарызын төлемеген адамдарды анық­тай­мыз. Факті анықталған жағдайда бан­крот­тық процедурасының күші жойылып, ағымдағы тәртіп бойынша барлық қалпына келтіру шаралары басталады. Ол адам кәдімгі борышкерге айналып, талап ету шаралары қолданылады», деп түсіндірді Қайрат Миятов.

 

Несие жүктемесін азайтудың жолы қандай?

Жеке тұлға банкроттығы туралы заң халықтың несие жүктемесінің шамадан тыс артып кетуі себепті қабылданып отыр­ғаны белгілі. Тәуелсіз қаржы сарап­шысы Нұржан Бияқаевтың айтуынша, қа­рыз жүктемесінің көбеюі тым ерте басталды.

«Несие жүктемесінің артуы екінші деңгейлі банктер үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің максималды шегін 56 пайыз етіп бекіткеннен бастап, яғни осыдан 10-15 жыл бұрын басталды. Бұл – тым залалды талап болды. Бір себеп осында жатыр. Екіншіден, 2013 жылдардан бастап Қазақстан нарығына онлайн компаниялар кіре бастады. Мемлекет бұл нарықты бақылаған жоқ, ал халық олардан жаппай займ алуға кірісті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Әбдірахманов мырза пруденциальды талаптар енгізілді деп отыр. Шын мәнінде, ол талаптар бізде 2020 жылдың 1 қарашасынан бастап жұмыс істеді. Бірақ оны не банк­тер, не МҚҰ-лар сақтаған жоқ», дейді сарапшы.

Айтуынша, 2019 жылы заңсыз банк комиссиялардың жолы кесілгенімен, банктер тағы бір қитұрқы тәсіл тапты Ол – 25 пайыз деңгейіндегі сақтандыру сыйлықақысы. Мұны олар өздерінің еншілес сақтандыру компаниялары ар­қылы жүзеге асыруға кірісті. «Егер қа­рыз алушыға 2 млн теңге мақұлданса, соның 25 пайызы сақтандыру сыйлық­ақы­сына жіберіледі. Бірақ клиент қа­рыз­ды қолына тиген қаржы сомасымен емес, 2 млн теңгемен есептеп қайтарады. Ертеңгі күні проблемалық қарыз алушылар армиясына тағы да тап болмас үшін, банк пен МҚҰ-лардың ондай әдіспен несие беруін тоқтату керек» дейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, қазір секторда реттеу жұмыстары жүр­гі­зіліп жатыр.

«2021 жылы біз онлайн-несие қарыз алушының идентификациясы арқылы берілуге тиіс деген талап енгіздік. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне біз қарыз алушыдан алынатын барлық төлемді қостық. Иә, бұл мөлшерлеме қазір 56 пайыз, бірақ кредит бойынша шектеу шараларын қабылдаймыз. Расында банктер сақтандыру өнімдерін баламасыз ұсынып келді. Біз нормативтік талап енгіздік, енді банктер сақтандыру өнімін міндеттеуге құқылы емес», деді Н.Әбдірахманов.

Агенттік өкілі сондай-ақ коллектор­лық қызметті қадағалайтын салалық заң да қатаңдатылуға тиіс деп санайды.

«Бізде коллекторлардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін күшей­ту бойынша заңнамалық түзету­лер блогі дайын тұр. Әкімшілік жауапкершілік 2 есе ұлғайтылмақ. Ал коллекторлық агенттік қызметкерлері үшін бұған дейін қылмыстық жауапкершілік болған жоқ. Соны енгізуді ұсынамыз. Тиісті түзе­ту­лерді Мәжіліске жолдап қойдық. Пар­ламенттің жаңа сессиясында оны қарай­ды деп үміттенеміз. Сонымен қатар банк­тер мен МҚҰ-дан проблемалық несиені коллекторлық ұйымға беруді шектеу­ге бағытталған заңнамалық акті мен түзетулер әзірледік. Қазір кол­лек­торлар екі қызмет түрін жүргізе ала­ды – қарызды қайтарту бойынша қыз­мет істеу және банктер мен МҚҰ-дан несиені сатып алу. Біздің қатаң талабымыз бойынша банк пен МҚҰ қайта құрылымдау бойынша жұмыстың барлығын дерлік өзі атқаруға тиіс, тек әрі қарай айналысу мүмкін болмаған жағдайда несие коллекторға беріледі», деді Нұрлан Әбдірахманов.

 

Банкрот атанудың жолдары

Бірінші. Соттан тыс банкроттық рәсімін банк, МҚҰ және коллекторлық агенттік алдында берешегі 1600 АЕК-тен (5 520 000 теңге) аспайтын, қарызының өтелмегеніне 12 айдан асып кеткен, мүлкі жоқ, қарыздары бойынша банкпен реттеу рәсімі жүргізілген азамат­тар қолдана алады. 12 ай ішінде төлем болмауы тура­лы критерий атаулы әлеуметтік көмек алу­­шылар үшін қолданылмайды.

Екінші. Сот банкроттығы рәсімін қарызы 1600 АЕК-тен асатын азамат қолдана алады. Бұл рәсім аясында бо­рыш­кердің мүлкі сатылады. Бірақ бо­рыш­кердің жалғыз тұрғын үйі кепіл нысанасы болса ғана оны алып қоюға болады. Түскен қаражат белгі­лен­ген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдын­да­ғы борыштарды өтеуге жібе­рі­леді. Борыштың қалған өтелмеген сомасы есептен шығарылады (егер борышкердің барлық әрекеті заң аясында болған жағ­дайда, яғни ол мүлікті, ол туралы ақ­па­рат­ты жасырмауы және жалған мәлі­мет­тер бермеуі керек.

Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқа­рушылары жүзеге асырады. Олар – заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банк­роттық рәсімін жүзеге асыратын әкім­шілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері және аудиторлар. Олардың қызметі ақылы, борышкердің мүлкі есебінен – айына 1 ең төменгі жалақы (2023 жылы бұл 70 мың теңге).

Мүлкі жоқ әлеуметтік осал топқа жататын адамдар үшін қаржы басқару­шы­ларының қызметін мемлекет төлейді.

Үшінші. Төлем қабілеттілігін қал­пы­на келтіру рәсімі: азаматта тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды бө­ліп-бөліп төлеу мүмкіндігін (5 жылға дейін) көздейді. Қалпына келтіру жос­пары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Айта кету керек, барлық міндеттемесінің мөл­шері (оның ішінде орындау мерзімі бас­талмаған) өзіне тиесілі мүліктің құ­ны­нан аспайтын борышкер ғана төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Рәсімнің артықшылығы – адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сон­дық­тан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.

Банкроттыққа өтінімді egov.kz электронды үкімет порталы арқылы және Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып беруге болады. Сонымен қатар «E-salyg Azamat» қосымшасында да өтінім жолдау мүмкіндігі бар. Өтінім 14 күн ішінде қарастырылып, жауабы беріледі.

Заң бойынша өтінім қабылдауды аяқ­тау­ға байланысты нақты мерзім жоқ. Сондықтан кез келген уақытта бере беруге болады. Қазір арнайы ақпа­рат­тық жүйе әзірленіп жатыр және өтінім­дер­дің басым бөлігі сол арқылы келіп түседі деген жоспар бар. Сол үшін мемле­кет­тік органдармен және банктермен 40 ақпа­раттық өзара байланыс жүзеге асырылған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ