Жеке тұрғын үйлерде автономды өрт датчиктерін пайдалану міндетті

Жеке тұрғын үйлердің барлық тұрғын үй-жайлары автономды оптикалық-электрондық түтін өрт хабарлағыштарымен міндетті түрде жарақтандырылуы тиіс.
Тұрғын үй секторында халықтың қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған өрт қауіпсіздігі қағидаларына (ТЖМ 2022 жылғы 21 ақпандағы № 55 бұйрығымен бекітілген) өзгерістер енгізілді және ағымдағы жылдың 10 маусымында күшіне енді.
Осы норманы енгізу өртті уақтылы анықтауға, адам өлімінің алдын алуға және материалдық залалды азайтуға бағытталған.
Қауіпсіздік шараларын, соның ішінде түтін датчиктерін сатып алу мен орнатуды қамтамасыз ету үшін жауапкершілік тұрғын үйдің иесіне жүктелетінін атап өткен жөн.
Өз кезегінде, ТЖМ әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп, әлеуметтік осал топтардың тұрғын үйлеріне газдың қауіпті концентрациясы мен жану өнімдерін анықтайтын датчиктерді орнату жұмыстарын жүргізуде. Биыл 31 мыңнан астам датчик орнатылды.
Жаңа көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты өрт дабылы жүйесін орнату Мемлекеттік құрылыс нормаларында қарастырылған. ТЖМ бастамасы бойынша архитектура, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтерге өзгерістер енгізілген.
Енді жаңадан жобаланатын барлық көпқабатты үйлерде, қабат санына қарамастан, міндетті түрде:
– автоматты өрт дабылы жүйелері;
– табиғи газды пайдаланатын өңірлердегі үйлер үшін газдану деңгейін бақылау жүйелері қарастырылатын болады.
ТЖМ тұрғын үй иелері мен пайдаланушыларын өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау әркімнің міндеті екенін еске салады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабына сәйкес, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Министрлік азаматтарды жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға, үйлерін өрт қорғау құралдарымен уақтылы жарақтандыруға және өрт қауіпсіздігі нормаларын қатаң сақтауға шақырады.










