Зорлық-зомбылық зардабы

0
581

Жыл басталғалы елімізде 18 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болған. Соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өтініштер саны 3 есеге артқан. Жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама келіп түсетін көрінеді.

Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арнал­ған брифингте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төр­ағасының орынбасары Ренат Зұл­қайыров айтты.

– Жәбірленушілердің өтініш беруден бас тартуына байланысты шағымның 60%-ы бойынша шара қолданылмады. Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арызсыз полиция қызметкерлері «үй тирандарын» жауап­қа тарта алмайды. Салдарынан агрессорлардың жазасыз қалу факторлары жиілеп барады, – дейді Р.Зұлқайыров.

Белгілі болғандай, отбасында қол жұмсау әдетке айналып барады. Сал­дары ауыр. «Биыл тұрмыстық салада 18 кісі өлтіру фактісі тіркелді. 2022 жылы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берген еді. Бұл бағытта құзырлы органдар жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр», деді Ренат Зұлқайыров.

Статистика не дейді? Былтыр қаңтар-қараша аралығында елімізде отбасылық-тұрмыстық салада 841 қылмыстық құқық бұзушылық тіркел­ген. Республика бойынша отбасы­лық-тұрмыстық саладағы ең көп қылмыстық құқық бұзушылық Шығыс Қазақстан облысында байқал­ды (100 жағдай). Антилидерлер қа­та­рында Алматы (87), Қарағанды (80), Павлодар (80 жағдай), Қостанай (72) облыстары бар. Ең аз құқық бұзу­шылық Абай, Ұлытау және Жеті­су облыстарында тіркелді. Құқық бұзу­шылықтардың басым бөлігі ден­сау­лыққа қасақана ауыр (327) және ор­таша ауырлықтағы (295) зиян кел­ті­­ру, кісі өлтіру (99) жағдайлары еке­­­нін атап өткен жөн. Бұдан бөлек, мен­­­шік­ке қарсы қылмыстық құқық бұзу­­шылықтар (9 жағдай), басқару тәр­ті­біне қарсы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар (4) да бар.

Отбасындағы зорлық-зомбылық – агрессияның ең көп таралған және әлеуметтік қауіпті түрлерінің бірі. Біздің қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қылмысқа қарсы күрес сияқты маңызды мәселе екенін тәртіп сақшылары жиі айтады. Бүгінде полиция қызметкерлері тұрмыстық салада құқыққа қайшы әрекеттер жасауға бейім, спирттік ішімдікке құмар адамдарды, қолай­сыз отбасыларды, сондай-ақ по­ли­ция­да есепте тұрған, оның ішін­де кәмелетке толмағандарды тұрақты негізде тұрғылықты жері бойын­ша тексеруді мықтап қолға алған. Қылмыстың жолын кесу және оған жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері құқық бұзушылармен профилактикалық жұмыс жүргі­зеді. Халықпен неғұрлым тығыз өзара іс-қимыл жасау және құқық бұзушылықтарға жедел ден қою, азаматтардың тұратын жерлерінде жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін «Whatsapp» мессенджерінде арнайы топ құрылып, ПИК төрағалары, үй бойынша белсенділер, гараж кооперативтерінің өкілдері, учаске­лік полиция инспекторлары және жер­гілікті полиция қызметінің бастық­тары бірлесе жұмыс атқарып жатқан көрінеді.

Ішкі істер министрі Марат Ахмет­жановтың айтуынша, отбасылық-тұрмыстық салада­ғы зорлық-зом­былық үшін жауапкершілікті қатаң­дату аясында қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша «отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында тұрған адамға қатысты» деген қосымша саралауды енгізу көзделген. Сонымен қатар осы саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегін 5 тәуліктен бастап белгілеу, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін көбейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ тұрмыстық құқық бұзу­шы­лықтарды тіркеудің өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшу көзделген.

– Бұл – полицияға жәбірленушілер өтінішін жазбаса да тұрмыстық зор­лық-зомбылық жасау фактісі бойын­ша әкімшілік құқық бұзушылық тура­лы іс қозғауға, сондай-ақ жаза­ның бұлтартпастығы қағидатын қамта­масыз етуге мүмкіндік береді. Түпкі­лікті құқықтық бағалауды сот береді, – дейді М.Ахметжанов.

Заңсыз әрекетті қайталап жасаған кезде мұндай құқық­ты алып тастау арқылы тараптардың сотта татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату жоспарланып отыр. Бүгінде әкімшілік жазалау шарасын қоғамдық жұмыстарға ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл – көшелерді, қоғамдық аумақтарды тазалау, жолдарды салу және жөндеу, қала аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру, сондай-ақ басқа да әлеуметтік пайдалы жұмыстар. Жазаның бұл түрі ықтимал бұзу­шыларды олардың мінез-құлқын бақылауға итермелейді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ