Зорлық-зомбылық зардабы
Жыл басталғалы елімізде 18 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болған. Соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өтініштер саны 3 есеге артқан. Жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама келіп түсетін көрінеді.
Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров айтты.
– Жәбірленушілердің өтініш беруден бас тартуына байланысты шағымның 60%-ы бойынша шара қолданылмады. Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арызсыз полиция қызметкерлері «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды. Салдарынан агрессорлардың жазасыз қалу факторлары жиілеп барады, – дейді Р.Зұлқайыров.
Белгілі болғандай, отбасында қол жұмсау әдетке айналып барады. Салдары ауыр. «Биыл тұрмыстық салада 18 кісі өлтіру фактісі тіркелді. 2022 жылы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берген еді. Бұл бағытта құзырлы органдар жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр», деді Ренат Зұлқайыров.
Статистика не дейді? Былтыр қаңтар-қараша аралығында елімізде отбасылық-тұрмыстық салада 841 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Республика бойынша отбасылық-тұрмыстық саладағы ең көп қылмыстық құқық бұзушылық Шығыс Қазақстан облысында байқалды (100 жағдай). Антилидерлер қатарында Алматы (87), Қарағанды (80), Павлодар (80 жағдай), Қостанай (72) облыстары бар. Ең аз құқық бұзушылық Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарында тіркелді. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі денсаулыққа қасақана ауыр (327) және орташа ауырлықтағы (295) зиян келтіру, кісі өлтіру (99) жағдайлары екенін атап өткен жөн. Бұдан бөлек, меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар (9 жағдай), басқару тәртібіне қарсы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар (4) да бар.
Отбасындағы зорлық-зомбылық – агрессияның ең көп таралған және әлеуметтік қауіпті түрлерінің бірі. Біздің қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қылмысқа қарсы күрес сияқты маңызды мәселе екенін тәртіп сақшылары жиі айтады. Бүгінде полиция қызметкерлері тұрмыстық салада құқыққа қайшы әрекеттер жасауға бейім, спирттік ішімдікке құмар адамдарды, қолайсыз отбасыларды, сондай-ақ полицияда есепте тұрған, оның ішінде кәмелетке толмағандарды тұрақты негізде тұрғылықты жері бойынша тексеруді мықтап қолға алған. Қылмыстың жолын кесу және оған жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері құқық бұзушылармен профилактикалық жұмыс жүргізеді. Халықпен неғұрлым тығыз өзара іс-қимыл жасау және құқық бұзушылықтарға жедел ден қою, азаматтардың тұратын жерлерінде жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін «Whatsapp» мессенджерінде арнайы топ құрылып, ПИК төрағалары, үй бойынша белсенділер, гараж кооперативтерінің өкілдері, учаскелік полиция инспекторлары және жергілікті полиция қызметінің бастықтары бірлесе жұмыс атқарып жатқан көрінеді.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату аясында қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша «отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында тұрған адамға қатысты» деген қосымша саралауды енгізу көзделген. Сонымен қатар осы саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегін 5 тәуліктен бастап белгілеу, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін көбейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшу көзделген.
– Бұл – полицияға жәбірленушілер өтінішін жазбаса да тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға, сондай-ақ жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Түпкілікті құқықтық бағалауды сот береді, – дейді М.Ахметжанов.
Заңсыз әрекетті қайталап жасаған кезде мұндай құқықты алып тастау арқылы тараптардың сотта татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату жоспарланып отыр. Бүгінде әкімшілік жазалау шарасын қоғамдық жұмыстарға ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл – көшелерді, қоғамдық аумақтарды тазалау, жолдарды салу және жөндеу, қала аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру, сондай-ақ басқа да әлеуметтік пайдалы жұмыстар. Жазаның бұл түрі ықтимал бұзушыларды олардың мінез-құлқын бақылауға итермелейді.