40 жыл трактор жүргізген 10 баланың анасы депутат болса да бұл кәсібінен бас тартпаған

0
378

Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны Алтын Құттыбайқызының жасы 60-қа таяған. 40 жылдан бері трактор тізгіндеп келеді. Әлі күнге дейін жан-жүрегі қалаған кәсібімен айналысқанды жаны сүйеді.

Алтын Құттыбайқызы 1980 жылы Шымкент қаласында  «пошта операторы» мамандығы бойынша білім алған. Кейін Ташкенттегі техникумда білімін жетілдіреді. Ауылына келген соң мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған ол 3 айлық трактор жүргізу курсынан өтеді. Үнемі  аңсары тракторға ауа беретін кейіпкеріміз небәрі 21 жасында K-700 тракторының жүргізушісі болған.

Тракторшы

«Мен трактор жүргізуді үйреніп келіп, жұмысыма кіріскен кезде трактор айдайтындардың бәрі шағын денелі кісілер болды. Сондай кіп-кішкентай болып, үлкен тракторды қалай тізгіндеп жүр деп таңғалатынмын. Сөйтсем, жүргізу оп-оңай екен. Мұның ауыр және жеңіл жүрген кезде жылдамдығы басқаша болады. Режиммен жүреді. Оны меңгеру үшін асқан жауапкершілік керек. Мен басында уайымдағаныммен, барлық ережені тез жаттап алдым», деді Алтын Құттыбайқызы.

Көпбалалы ана КСРО заманында күні-түні совхоздың жерін жыртып еңбек етеді. Кейін ауылдасына тұрмысқа шыққан екен. Ата-енесі трактор айдауына қарсы болмаған. Келін болып түскен үйіне тракторымен бірге барғандықтан, «тракторшы келін» атаныпты.  Үйдің те, түздің де шаруасын дөңгелетуді әдетке айналдырған. Совхоз тарап, жан-жаққа бөлінгеннен кейін бір трактор Алтын апайдың жеке үлесіне тиеді.

 

«Бір трактормен бар болса, бір отбасын асырауға болады. Баяғыда мұның табысы жақсы еді. Қазір басқа да ауыр көліктер шықты. Бірақ менің әлі күнге дейін трактор айдағым келіп тұрады. Сол үшін тапсырыс ала берем. Балаларым «Қойыңызшы енді, жасың келді ғой, үйде отыр» дейді. Онда тұрған ештеңе жоқ, өзім жақсы көретін жұмысыммен айналысып жүргенімді айтамын. Бір жағынан жақсы көретін жұмысымды істесем, екінші жағынан қосымша табыс табамын. Мұның несі жаман? Шөп те орамын, су да, көмір де тасимын. Қажетімізге жарап тұрған затты пайдалану керек қой. Сондықтан еңбектену керек», деді Арыс тұрғыны.

Алтын Құттыбайқызы трактордың рөліне отырғалы қиын да қызық естелігі көп болған. Солардың бірімен бөлісті.

«Трактор айдайтын қыздар көп емес қой. Мен алғаш трактор тізгіндеп жүргенде жалғыз емес едім. Қасымда Ақмарал деген қыз болды. 1984 жылы оны көрші ауылдың жігіті алып қашты. Сол кезде бұл жаңалықты ести сала, трактормен қуып барған едім. Трактордың артында үлкен соқасы бар. Сол соқамен барғам ғой. Ашуланып, топырақ жолды шаңдатып, қуып  барсам, құрбым «осы босағада қаламын» деді. Не істей аласың?.. Амал жоқ, бақыт тілеп кері қайттым. Бірақ барған жері ол қызды трактор айдауға қайта жібермей қойды. Содан кейін мен ауылдағы жалғыз «тракторшы келін» атандым», деді ол.

Алтын Құттыбайқызы 10 ұл-қызды дүниеге әкелген. Жолдасы да сүйікті ісімен айналысуына тыйым салмаған. Сол үшін өмірлік жарына айтар алғысы шексіз. Көпбалалы ана поштада да жұмыс істеген. 15 жылдай уақыт аспаз да болған. Тіпті аудандық мәслихат депутаты да болып, ауылдың талай мәселесін көтеріп, шешілуіне ықпал еткен екен. Бірақ бәрібір трактор рөлінен бас тартпаған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ