Өнер ордасының жарты ғасырлық тарихына арналған кітаптың тұсауы кесілді

Талдықорғанда Бикен Римова атындағы драма театрының 50 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, өнер ордасының жарты ғасырлық тарихына арналған кітаптың тұсауы кесілді. Бұл мерекелік шараға көрнекті өнер қайраткерлері, еліміздегі театрлардың өкілдері, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессор-оқытушылары, жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының атынан конференцияға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов қоғам өміріндегі театр өнерінің маңызына тоқталып, Бикен Римова атындағы театрдың жарты ғасырлық белесіндегі іргелі жетістіктері мен еңбек сіңірген айтулы тұлғалардың еңбегін атап өтті.
– Осындай ғылыми-танымдық конференциялар – біз үшін өткенімізді жаңаша пайымдауға, өнер мен ғылымның арасындағы байланысты нығайтуға жол ашатын маңызды шара. Сондықтан да мұндай кездесулердің өнертану бағытындағы рөлі зор деп есептеймін. Ұлттық мәдениетіміздің терең тамырын тануға тың серпін беріп, жаңа ізденістерге жол ашарына сенімім мол, – деді Д. Есдәулетов.
Мұнан соң театр тарихына қатысты құнды мәліметтерге толы кітаптың тұсауы кесілді. Жинақ театр актерлары мен режиссерлары, репертуары, қойылымдардың көркемдік деңгейі, жалпы ұжымның елу жылдағы шығармашылық еңбегі жайлы сыр шертеді.
Басқосуда Қазақ КСР халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртістері Нұржұман Ықтымбаев, Лидия Кәденова, Алмахан Кенжебекова және басқа да өнер иелері құттықтау тілектерін жеткізді.
Театртанушы, өнертану докторы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс Бикен Римова атындағы театрдың шығармашылық белестерін айшықтайтын негізгі баяндамасын оқыды. Ол өз сөзінде руханият ошағының елу жылдағы қалыптасу мен даму жолын бірнеше кезеңдерін жіктеп, талдау жасады. Соның ішінде, репертуарды жанрлық жағынан байыту, режиссерлік шешімдер, актерлық ізденістер жайына кеңінен тоқталды. Осы ретте атап өтсек, 1975 жылдан бастау алған театр репертуары 200-ден астам қойылыммен толыққан. Қазіргі кезде 26 спектакль көрерменге тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Соның ішінде қазақ және шетел классиктерінің танымал шығармалары жетерлік.
Конференция соңында қорытынды сөз сөйлеген Б. Римова атындағы драма театрының директоры Ерлік Жуасбек жиынға арнайы қатысқан өнер қайраткерлеріне ризашылығын білдіріп, алдағы еңбектеріне табыс тіледі.