Инфляция барометрі не дейді?

0
133

Сарапшылар инфляцияның шарықтау шегі алдағы бірер айда күшінде болатынын, одан төмендеу бізге қийын тиетінін айтып отыр. Они тежеудің әкімшілік емес, нарықтық тетіктерін меңгермесек, біразға дейін осы көрсеткіштің құрсауында қалуымыз әбден мүмкін. Себебі Үкімет пен Ұлттық банктің қолында тек әкімшілік ресурстар ғана бар. Ал ішкі жалпы өнім көрсеткіші әзірге мәз емес.

Экономика өткен жылғы, биылғы геосаяси жағдайлардың қыспағынан әлі ес жия алмай жатыр. Былтыр инфляның шарықтау жағдайында өмір сүрдік. Егер форс-мажор болмаса, биыл оның деңгейі екі таңбалы көрсеткіштен түсуі ықтимал. Сарапшылардың пікірінше, тауар жеткізіп келген логистикалық тізбектерге қатысты проблемның шешіле бастауы инфляцияның кері шегінуіне жол ашады. Дамыған елдердің орталық банктерінің бағаға қатысты саясатын қайта қарауға ықпал ететін ең мықты да фактор – осы. Moody’s Analytics-тің бас экономисі Марк Занди инфляция шарықтау шегіне жетуі мүмкін екенін, баға қысымын жеңілдету және жеткізу тізбегіндегі проблемалардың тарқатыла бастауы бағаның өсу қарқынының баяулауын көрсете бастағанын ескерткен еді.

Экономист Алмас Чукин бағаның да, инфляцияның да шегі жетер жеріне жеткенмен, тоқтаған деңгейінен төмендемейтінін, бізге қазір басқа көрсеткіштер маңызды екенін айтты.

– Біз үшін «2023 жылдың соңында инфляция қандай болады?» деген сұрақ емес, «өткен аймен салыстырғанда қанша пайызға түсті?» деген сұрақ маңызды. Бұл өткеннен сабақ алып, қорытынды шығаруға, осал тұстарды тез анықтап алуға мүмкіндік береді. Біздегі инфляция тек ішкі емес, сыртқы факторлардың да қысымында тұрғаны осы кезге дейін айтылды. Қазақстандағы тұтыну сетінің 70 пайызы импорт-экспорт есебінен қалыптасады. Ұлттық банк саясатының баға белгілеуге жі араласуына импорт та әсер этеді. Валюта бағамы салық органдары мен банктер үшін айтарлықтай қолайлы, бірақ халық үшін емес. Дастарқандағы нанымыздың қанша пайызы нарықтық баға, қанша пайызы субсидия екенін білмейміз, – дейді Алмас Чукин.

Оның пікірінше, баға арзандамайды, бірақ өсуі тоқтауы мүмкін. Экономи­ка­мыздың барометрі – баға. Нарық заңы бойынша баға өссе, тауар өндіріп отыр­ған кәсіпорындардың күре тамырына қан жүгіріп, тауар бағасы төмендейді. Ал біздегі жағдай нарық заңына қайшы қа­лыптасып жатыр. А.Чукин Ұлттық банк экономикаға көп араласпай, фискалдық және монетарлық әдіс­терге баса назар аудару керегін жет­кізді.

– Үкіметтің баға белгілеуге араласуын көп адам құп көргенмен, оның нәти­­жесіне тым қатты сеніп қалуға бол­майды. 2022 жылдағы инфляция көрсеткіші 2021 жылдың екінші жарты­сында басталған инфляцияның басқа­ша бағыттағы жаңғырығы. Дамыған елдердің орталық банктері оған қарсы күресті қолда бар тетіктерді қолданумен бастады, ақша-несие саясатын құбыл­малы бағытқа қарап шешім қабылдады, қажет кезде қатаң­датты, қолайлы сәтте жұм­сарт­ты, – дейді экономист.

Тәуелсіз сарапшылар біздің жағдайы­мыз­да 2025 жылға дейін инфляция дең­ге­йін төмендетудің алғышарттары әлсіз екенін айтып отыр. Егер ішкі жалпы өнім­де шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайыз болса, инфляция біз қалаған 7-8 па­йыздың арасында құбылып тұруы мүмкін. Ал әзірге экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі мардымсыз. Ұлттық инвесторлардың экономикадағы үлесі бізге керек деңгейден төмен.

Осыған дейін 2022 жылдың екінші жартысында қымбатшылықтың беті қай­тады деген үміт басым болған. Тіпті 2023 жылды 7-8 пайыздық көрсеткішпен қарсы аламыз деген уәде де айтылды. Бірақ соңғы нәтижеде инфляцияға қарсы шаралар тиімсіз болып, салыстыру базасы нәтиже бермеді. Нарықтағы жағдай біз қалаған көрсеткішке бағынбады. Ба­за­лық мөлшерлеме инфляцияны ауыз­­дық­тау мақсатында нарықтан басы ар­тық өтім­ділікті немесе басы артық ақша мас­сасын алып тастау үшін көтері­ле­тіні белгілі.

Сарапшы Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, бағаның өсу динамикасы қымбат­шылықты тежеуге кері әсерін тигізіп жатыр. Өткен жылдың соңын­дағыдай көрсеткіш соңғы рет 1996 жылы тіркеліпті. Ұлттық банк пен Үкімет­тің бағаны тежеуге бағытталған әрекет­те­рі­нің аспириндік әсері ғана болды. Көр­сеткіш 20 пайыздан өсіп, баға бақы­лау­сыз кетті.

– Экономиканы қалыпқа келтіру үшін оны нарықтық болмысымен табыс­тыру керек. Экономикаға жеңілдетілген несие беру, субсидия және жалақыны көтеру, Ұлттық қордың көмегімен «дем салу» үрдісі арқылы «дене қызуын» одан сайын «қыздырып жатыр». Мұндай тәсілдің нарық заңына тиімсіз екенін БЖЗҚ мен тұрғын үй нарығындағы интеграция бағаны күрт көтеріп, ондағы «көбіктердің» жарылып кете жаздағаны өткен жылы анық байқалды. Ұлттық банк бизнесті ұзақ мерзімді несиелеу­мен айналыспауы керек. Кепілсіз ақша эмиссиясы инфляцияның таралу көзі екенін бұған дейін де айтқанбыз. Пайыздық мөлшерлемелерді төмендету немесе жоға­рылату арқылы бизнеске дем беру де инфляцияға себеп болып отыр. Ұлт­­тық банк инфляциямен күрес пен несие­лендірудің өсуі арасындағы алтын ортаның қайда екенін анықтап алмайынша, инфляцияның дауылынан құтыла алмаймыз, – дейді Б.Зиябеков.

Инфляцияның дес бермей кетуіне ішкі ғана емес, сыртқы факторлар да әсер ететінін сарапшылар да жиі айта­ды. Энергияға, шикізатқа және азық-түлік тауарлары бағасының қым­бат­тауы әлем нарығында айналымда жүрген ақша массасын көбейтіп жі­берді. АҚШ Федералды қор жүйе­сінің, Еуропалық орталық банктің және Жапония банкінің тым жұмсақ ақша-несие саясаты да бағаның дес бермей кетуіне себеп болған. Б.Зиябеков айтып өткендей, бағаның бақылаусыз өсуін жаһандық үрдістермен байланыстыруға болмайды.

– Ел ішінде бізге сыртқы факторлар әсер етіп жатыр деген пікірді қол­дау­шылар көп. Жыл басынан бері Еуро­одақ­та және Батыс елдерінде қым­бат­­шылықтың беті қайтқаны бай­қалады. Ішкі нарықтың траектория­сы дұрыс болса, қымбатшылықтың беті қай­туы керек еді. Бірақ импорттың әсерін азайтуға мүмкіндік бермей отыр. Себебі шеттен тауар тасымалдап келген логистикалық тізбек бұзылды. Бұрын Ресей арқылы екі аптада келетін тауар қазір бір айда же­теді. Бұл да бағаға, қымбатшылыққа әсер етіп жатыр, – дейді сарапшы.

Инфляция деңгейін бірінші кезекте отандық өнім өндірісін ұлғайту арқылы төмендетуге болады деген болжам айтыла-айтыла ақжемденіп кетті. Бізге қазір айналымдағы басы артық ақша массасын экономиканың мүддесіне бағыттайтын мүмкіндігіміздің шекпеніне сыятын мо­не­тарлық жоспар құру керек. Ұлттық банк бұл бағытта қолынан келгеннің бә­рін жасады, мемлекеттік құнды қағаз­дар­ды сату арқылы ақша массасын азайтуға тырысты. Бірақ олардың бірде-бірі оң нәтиже бере алмай отыр.

2023 жылғы жағдайды мұнай-газ түсімдері, шикізаттық салалардан алынатын салық көлемі және соған байланысты бюджет шығыстарын қамтамасыз ету үдерістері анықтайды. Ал сарапшылар болса бюджет тапшылығы ұлғайып, оның орнын толтырудың мүмкіндігін іздеу керектігін ескертіп отыр. Инфля­ция­ны бақылай алмауымыздың салдары әлеуметтік жобаларға да қауіп төндіруі мүмкін. Биылғы инфляцияға баға беретін негізгі көрсеткіштер Үкіметтің шешім қабылдау деңгейіне тәуелді.

– Егер отандық өндірушілердің тауары сапалы, бағасы қол жетімді бол­са, тек импортпен байланыстырған пікір­лер қисынды болар еді. Бізде дол­лар­дың өсіп, теңгенің құнсыздануы отандық тауарлар мен коммуналдық қызмет бағасына әсер етіп жатыр. Нарық делдалдардың билігінен әлі тазарған жоқ. Біздегі инфляция тек сыртқы емес, ішкі факторлардың да қыспағында тұр, – дейді Б.Зиябеков.

Сарапшы айтып өткендей, біздегі инфляция монетарлық сипатта емес. Сон­дық­тан базалық мөлшерлемені көте­ру арқылы мәселені шеше алмаймыз. Өте қысқа мерзімде импортқа тәуелділік деңгейін төмендету мүмкін емес. Бұл экономиканың әртараптандырумен қанаттаса жүретін үдерістер. Отандық өнім өндіретін кәсіпкерлерге қосымша салықтық жеңілдіктер мәселесі әлі то­лық­қанды шешілген жоқ. Келер жылы тариф бағасы арзандайды деген шешім де қосымша зерттеуді қажет етеді.

– Инфляцияның шарықтаған шағында базалық мөлшерлемені көтеру экономи­каға әсер етудің бірден-бір тетігі ретінде қарастырылып келді. Бұл әдіс монетарлық саясат деген атауға ие болған. Бірақ пайыздық мөлшерлемелердің деңгейі инфляция деңгейіне әсер ете алмайтынын көріп жүрміз. Себебі пайыздық мөлшерлеменің трансмиссиялық тетігі бізде дұрыс жұмыс істемейді. Ал да­мы­ған елдерде трансмиссиялық тетік нарыққа дем беруші ретінде қарас­ты­рылады. 2022 жылы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтеріп, кредиттердің пайыздық мөл­шер­лемесін қымбаттатып жіберді. Былтыр сол па­йызбен несие алған кәсіпкерлер шығынын жабу үшін тауар­дың бағасын өсіре береді. Ал тарифті субсидия арқылы арзандатсақ, оның нарыққа әсері аз. Алдағы екі жылда ба­залық мөлшерлеменің көтерілуі биылғы инфляцияның төмендеуіне әсер етеді деп дәмеленіп қалуға болмайды. Бірақ Ұлттық банк пен Үкіметтің шешімдерінен жаңалықтарды да, кері кетуге жол ашатын себептерді де кө­ріп тұрған жоқпыз. Қазіргі жағдайға текетірес деп баға беруге болады, – дейді сарапшы.

Расында да, биыл инфляция көрсет­кіш­тері төмендейді деп дәмеленіп қа­лу­ға болмайды. Жағдай осы жылдың төртінші тоқсанына дейін сақталып, 2024 жылдың алғашқы тоқсанына дейін жалғасуы мүмкін. Егер реформалар нәтиже берсе, келер жылдың екінші тоқсанында біз күткен нәтиженің белгілері байқалып қалуы мүмкін. Себе­бі ішкі нарықта мемлекеттің табысы мен халықтың табысы текетіресіп тұр. Экономикалық өсу мен халық табысының артуы арасындағы формула тек нарық заңына ғана бағынуға тиіс. Экономикалық өсу қарқыны неғұрлым жоғары болса, халық табысының инфляциядан қорғайтын иммунитеті берік болады.

– Біздің нарық экспорттық шикізат секторы, ішкі бағыттағы сектор, сауда, инфрақұрылымдық сектор және әлеу­меттік қызмет көрсету секторы бо­лып бөлінген. Экспорттық-шикізат секто­рының ішкі жалпы өнімдегі үлесі әзірге төмен. Біз мұндай дәлізбен халықтың тек 30-35 пайызының ғана жағдайының жақсаруына ықпал ете аламыз. Ал жо­ға­­рыда айтып өткен секторлардың ішкі жалпы өнімге әсері жоғары болса, ол халықтың 70 пайызының жағ­да­йының жақсаруына жол ашады. Біз дамуға жол ашатын тетіктерге 5 сектор бір-біріне дем беріп дамығанда ғана қол жеткізе аламыз. Қазіргі жағдай­да инфляцияның тежегіш факторы осы бес сектор арасындағы нарықтық тізбектер үйлесімділігіне ғана тәуелді. Мәселені түбегейлі шешуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған нақты реформалардың нәтижесі ғана көмектеседі. Үкіметтің де, Ұлттық банк­тің де инфляцияға еті үй­реніп кеткені, қалыпты жағдай деп қа­былдауды дағдыға айналдырып бара жатқаны байқалады. Біз мұндай әрекетпен алға жылжи алмаймыз, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ