Демография ғылымының дамуы кенжелеп келеді
Қазақстанда демография ғылымының дамуы кенжелеп тұр. Бұған назар аудармаса болмайды. Өйткені аталған ғылым саласы ақсаған сайын, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың шынайы картинасы көмескілене бермек. Сондықтан ғылымның бұл саласына да айрықша көзқарас қажет. Оның үстіне отандық демография ғылымында шешімін таппаған мәселелер барын да ұмытпайық.
Қазақстан демография ғылымының дамуы кеңестік кезеңмен тығыз байланысты. Аталған ғылым саласы Ресейде ХІХ ғасырдың соңында қалыптасып, дами бастағанын білеміз. 1897 жылғы Бүкілресейлік халық санағында неміс ғалымдарының қосқан үлесі орасан екенін әрі кейіннен жүргізілген кеңестік халық санағының осы негізде жалғасқанын айта кеткен жөн. Қазан революциясына дейінгі кезеңде Ш.Уәлиханов, А.Левшин, Ә.Бөкейхан, кеңестік кезеңде П.Галузо, М.Тынышбаев, Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Н.Бекмаханова, М.Тәтімов, М.Асылбеков сынды ғалымдар Қазақстанның тарихи демография саласының дамуына айрықша үлес қосты. Е.Бекмаханов «ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарындағы Қазақстан» атты еңбегінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының санына қатысты мәліметтерге баса назар аударды. Б.Сүлейменов ХІХ ғасырдағы реформа тұсында қазақтың ресми саны 2 млн-ға жуық деген деректерді негізге алды. Алаш арысы Ә.Бөкейхан 1897 жылы қазақтың саны 5 млн адам деп көрсетсе, М.Тынышбаевтың деректеріне сүйенсек, бұл көрсеткіш 6 млн айналасында. Ал 1915 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулилла, алты миллион қазақпыз», дегені есімізде.
Б.Сүлейменов «Аграрный вопрос в Казахстане последней трети ХІХ – начало ХХ в. (1867-1907 гг.)» еңбегінде халық тарихына бір параграф арнаған. Онда Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстарының, сонымен қатар Бөкей Ордасы, Маңғыстау халқының санын көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік өңірін зерттеген П.Г.Галузо «Аграрные отношения на юге Казахстана в 1867-1914 гг.» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, дәл осы атаумен кітабын жариялады. Ол өзінің зерттеуінде ХІХ ғасырда Қазақстанға дүнген, ұйғыр және тағы да басқа ұлттардың қоныс аударуына, сондай-ақ казактардың қазақ жеріне орналасуына тоқтала отырып, қазақтардың санын «О киргизском землепользовании» құжаттарындағы статистикалық есептер негізінде көрсетті. М.Асылбековтің «История рабочего класса советского Казахстана», «Социально-демографические процессы в Казахстане (1917-1980 гг.)», «Население Казахстана в конце ХІХ – начале ХХ вв. (1897-1917 гг.)», А.Құдайбергенованың «Қазақстан халқының әлеуметтік демографиялық жағдайы (1939-1959 жж.)», «Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің тарихи демографиялық қыры (1917-1991 жж.)», К.Саркенованың «1920-1930 жылдардағы Қазақстан халқы» атты еңбектерінде де қазақ халқының даму динамикасы қарастырылған. Демек халық санақтарының материалдары, сондай-ақ осы аталған еңбектер негізінде ХІХ ғасырдың соңы және ХХІ ғасырдың басына дейінгі Қазақстан халқының демографиялық тарихын жазып шығуға болады.
Кеңес өкіметі тұсында Қазақстан тарихында тарихи демография саласы кенжелеп қалды. Тарихи демография бөлімі жоғары оқу орындарында да, ғылыми-зерттеу мекемелерінде де болған жоқ. 1937 және 1939 жылғы халық санақ материалдары 1980 жылдардың ортасына дейін зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жабық болды, архивтердің арнайы қорларында сақталды. Ол санақтарды жүргізген қызметкерлердің басым бөлігі репрессияға ұшырап, сараптау машина стансаларындағы құжаттар жойылды. 1930 жылдардың аяқ кезінен тарихи демография, жалпы демография мәселесіне тыйым салынды. 1980 жылдардың соңында КСРО-дағы тарихи демография ғылымына кеңестік кезеңде әлеуметтік, жұмысшы табы мәселелерімен айналысып келген ғалымдар жол ашты. КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының жанынан «Население России» атты бөлім құрылып, оны академик Ю.Поляков басқарды.
Тәуелсіздік жылдары, әсіресе 1990 жылдары, 2000 жылдардың басында Ресей, Қазақстан архивтерінде сақталып қалған 1937, 1939 жылдардағы Бүкілодақтық халық санақтары материалдарын жинақтау Қазақстанда қарқынды жүрді. Сонда да әлі күнге дейін 1937 жылғы құжаттарды толықтай жинақтай алмай жатырмыз. Десе де осының нәтижесінде там-тұмдап жүріп, академик М.Асылбековтің жетекшілігімен «Социально-демографическое развитие население Казахстана в 1926-1939 гг.» атты кітап жарық көрді. Ал 1939 жылғы халық санағы толық жарияланған жоқ.
Бүгінгі Қазақстандағы унитарлы мемлекет (ал унитарлы мемлекет болу үшін халықтың үштен екісі титулды ұлт болуы керек) жағдайында да қазақ халқының саны әлі толық ғылыми негізде нақтыланған жоқ. Біздіңше, халық санының толыққанды жүргізілмеуіне әрбір санақта болатын 2-10 пайызға дейінгі ауытқушылықтар себебін тигізеді. 1897 жылы жақсы ұйымдастырылды деп бағаланған Ресей империясының санағында да ауытқу болған. Ал Қазақ даласы ауылдарының шөл-шөлейтте тіркелмей, есепке алынбай қалып қойғандарын көзге елестетудің өзі қиын. Әрине, статистиканың бәрін жоққа шығаруға болмайды. Оны тарихи тұрғыдан зерттеп, саралап, талдау жасау арқылы бірқатар нәтижеге жетуге болады.
Бұл мәселеде аймақтардағы халық санының зерттелуі өте маңызды. Қазақстанда тәуелсіздіктен кейін халық саны, оның сапалық сипаты, құрамы 1897 жылдан бастап зерттелді. Дегенмен бұл жағдайда тек сең бұзылды деуге ғана болады. Қазақстанның өңірлер бойынша халық тарихын зерттеу енді қарқын ала бастады. Ондай еңбектердің қатарына М.Төлекованың «Жетісу өңірі халқының әлеуметтік-демографиялық дамуы (1897-1999 жж.)», В.Козинаның «Население Центрального Казахстана (конец XIX в. – 30-е годы ХХ в.)», М.Сыдықовтың «Изменения национального и социального состава населения Западного Казахстана (конец ХIХ в. – 1989 г.)», сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары бойынша жазылған бірқатар диссертациялық еңбекті жатқызуға болады.
Тағы бір аз зерттелген мәселе – қала халқының тарихы. Бұл мәселеде А.Уалтаеваның «Население малых городов Казахстана», Ш.Сәлімгерееваның «Ақтөбе өңірі халқының этнодемографиялық дамуы (1897-2007 жж.)» еңбегін атауға болады. Алматы қаласындағы халықтың тарихын Г.Омарова зерттеп жүр. Демек, аймақтар мен қалаларды зерттеу күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар әлеуметтік топтар бойынша зерттеулер жүргізу де басты назарда.
Кеңестік методологиялық ұстаным бойынша кеңес халқы жұмысшы, интеллигенция, шаруалар болып бөлінді және кеңес өкіметінде әлеуметтік жағынан жалпы бірыңғай халық қалыптасқан деген пікір орын алды. Қазіргі заманда әлеуметтік топтар өте көп және еңбек ресурсы зерттеу нысаны ретінде ғалымдардың еңбектерінде ауқымды орын алады. Халықтың бай, кедей болып бөлінуі немесе орта топ өкілдері мәселесі де тарихи демография ғылымында өз орнын алуға тиіс.
Қазақстанда ұлттық буржуазия қалыптасты ма, әлде олигархиялық топ па? Бұл сұраққа тарихи демография ғылымы қалай жауап береді? Демек тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның әлеуметік тарихы өз деңгейінде зерттелмеген. Ал оның толыққанды зерттелуі тікелей демографиялық тарихпен байланысты. Жоғарыда айтылған, зерттеуді қажет ететін мәселелерді толығымен қамту мақсатында Қазақстандағы демограф тарихшылар үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктері тарапынан конкурстан тыс Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы арнайы берілсе деген тілегіміз бар.
Қазақстанға 1991 жылдан бері 1 миллион 103,5 мың қандасымыз оралды. 2021 жылы 15 637 қазақ қандас мәртебесін алды. Олар негізінен – Өзбекстан, Қытай, Ресей, Түрікменстан, Моңғолиядан келген. Қандастарымыздың атамекенге оралуы қазақ үшін маңызды. Олардың арасында ғылым, өнер, кәсіпкерлік тағы да басқа салалардың қайраткерлері шықты және олар біздің ұмытылып бара жатқан кейбір салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Қазіргі таңда қандастарымыз ұлттық рухтың жандануына зор үлес қосып келеді. Яғни олардың қазақ мәдениеті мен ұлттық рухына қосқан үлесі де зерттеу нысанына айналуы керек.
Әлі де сыртта шамамен 4-5 миллион қазақ бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларға 2023 жылы 8 652 адамға өңірлік квота белгіленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 566 адамға көп. Бірақ осы бөлініп жатқан квота тиімді пайдаланылып жатыр ма? Неге қоныс аударған қандастарға мемлекеттен қаржы бөлініп, жағдай жасалып, шекара аймақтарындағы ауылдарға шоғырландырылмайды? Шекаралы аймақтар алдымен еліміздің қауіпсіздігі үшін маңызды. Қазір шекара шебіндегі ауылдар қаңырап бос қалып, халық тұрмыс қамымен жаппай қалаға көшіп жатыр. Оның басты себептерінің бірі – жұмыссыздық. Айтпақшы, жұмыссыздар туралы статистикаға толық сенуге болмайды. Қаншама адам тіркеусіз, жұмыссыз жүр. Ауылдық жерлерде шаруалардың қолда аз-маз малы бар. Сонымен жан бағып жүр. Көпшілігі мемлекеттен зейнетақы алмайды, салық төлемейді. Сондықтан статистикаға сыни көзбен қарауымыз керек.
Осы орайда бізді ел жоғары білімінде демограф мамандарды даярлау мәселесі толғандырады. Білуімізше, бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламарында осы бағыт нақты айқындалмаған. Түйіндей келе айтарымыз, отандық демография ғылымының дамуына атүсті қарауға болмайды. Бұл саланы заманға сай дамыту – уақыттың талабы.
Тимур ӘПЕНДИЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих
және этнология институтының жетекші
ғылыми қызметкері, PhD