Халықаралық байқаушылар берген баға

0
244

Еліміздегі Мәжіліс және мәслихаттар сайлауын 793 шетелдік байқаушы қадағалады. Олардың 131-і 41 мемлекеттен және 662-сі 12 халықаралық ұйымнан келді. Әсіресе Еуропа елдері парламенттік сайлауға елеулі үлес қосты. Саяси доданы ЕҚЫҰ-ның 400-ден астам өкілі бақылады.

Жалпы, халықаралық сарап­шылар Қазақстанда жүзеге асы­рылған сайлау жүйесінің реформасын оң бағалады. ЕҚЫҰ-дан осы сайлауға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ бай­қаушылар миссиясының бас­шысы ретінде Ирландия саясат­кері Оуэн Мерфи, бюро директоры Маттео Мекаччи, ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассамблеясы деле­гациясының басшысы ретінде аустриялық депутат Райнхольд Лопатка, ЕҚЫҰ қысқа мерзімді байқаушылар миссиясының басшысы ретінде Кипр Респуб­ликасының депутаты Ирен Хара­ламбидес және ЕҚЫҰ Парла­менттік Ассамблеясының төр­ағасы Маргарет Седерфельт сияқ­ты жоғары дәрежелі халық­аралық шенеуніктер келді.

аро

Сарапшылардың айтуын­ша, ЕҚЫҰ және өзге де ха­лық­­аралық ұйымдардың та­рапы­нан Қазақстанға мұн­ша­­­лық назар аударылуы – Қазақ­­станның халықаралық ұйым­дармен белсенді әрі нысана­лы жұмысының нәтижесі, сон­дай-ақ Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру мақсатында жүргізіліп жатқан еліміздегі ауқымды реформаларға халықаралық қоғамдастық тарапынан үлкен қызығушылық пен қолдаудың бар екенінің дәлелі.

Сайлау кезінде ұйымдас­тырылған халықаралық байқау­шыларға қолғабыс көрсету орта­лы­ғында түрлі шетелдік ұйым өкілдерінің пікірін білген едік.

 

Ризван ГУСЕЙНОВ,

Кавказ тарихи орталығының директоры (Әзербайжан):

– Астанада қар жауып, ауа райы құбылмалы болды. Деген­мен таңғы сағат 8.00-де халықтың 10-12 пайызы дауыс берді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Маған жалпы елдегі сайлау үдерісі ұнады. Өзім Әзербайжанда пре­зиденттік, парламенттік сай­лауларға қатыс­тым, бірақ «бар­лы­ғына қарсы­мын» деген графаны осы сайлауда ғана көріп тұрмын. Бұл бағалауға тұрарлық нәрсе, демократиялық елдің көрсеткіші. Мәселен, ешбір партияның ұста­ны­мымен, қадамымен келіспейтін тұрғындардың болары хақ, олармен де санасу керек. Осы жерде адамдардың барлық санатына таңдау жасауға мүмкіндік бар, тіпті ол келіспейтін позицияда болса да.

 

Вахтанг МАИСАЯ,

саясаттанушы, қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы, Кавказ Халықаралық университетінің профессоры (Грузия):

– Алдымен қазақ хал­қын Наурыз мерекесімен құт­тықтай­мын. Сайлау күні түс­ке дейін тұрғындардың белсен­ділік деңгейі жоғары болды. Мен Қа­зақстанда өткен президенттік сайлауға қатысқан едім, сол кезде де тұрғындар бел­­сенділігінің жоғары еке­нін байқағанмын. Жалпы, қазақ елін­де саяси рефор­малар болып жатыр, елдегі бұл өзгеріс­терге адамдар бейжай қа­рамай, пікірлерін ашық білдіріп жүр. Бұл мені таңқалдырды. Сай­лау­ға әсіресе жастар көп келді. Волонтер жастардың іс-әре­кеттері, белсенділігі тіпті қуан­тады. Бұл жоғары сайлау мәде­ниеттілігін көрсетеді. Мен өз еліме барған соң осыларды мін­детті түрде айтып, үлгі етемін. Грузин орталық сайлау комиссиясын бұл үрдістен хабардар етемін.

Таңғы сағат 7.00-ден бастап 11 сайлау учаскесінде болдым. Өрескел құқық бұзушылықтарды байқамадық. Жай ғана қате­лік­­тер болды, біз ескерткен соң бір­ден дұрысталды. Жергі­лік­ті байқаушыларға орын­дық же­тіс­педі, бұл маңызды аспек­ті­лер­­дің бірі ғой. Байқаушы­лар­­д­ың барлығы тең дәрежеде жұмыс істеулері қажет. Мұны ескерт­тік. Сонымен қатар сайлау учаске­сінде сайлаушылар фотоға түсіп жатты, алайда бұл заңмен тыйым салынбаған, мұндай әрекеттер дұрыс. Тек кімге дауыс беріп жатқаны таспаланбаса болғаны.

Жалпы алғанда, сайлау үдерісі, реформалардың орын алуы, саяси шешімдер қабыл­дауда Қазақстан бірқатар ТМД елдерінің алдына шықты десем артық болмас, оның ішінде Грузияны да басып озды. Мәселен, бірқатар олқылыққа байланысты Грузия әлі Еуроодаққа мүше бола алмай келеді. Осының орнын әлі де болса толтыра алмай тұрмыз. Ал қазақ елінің беталысы өте жақсы, саяси өмірі жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді.

 

Эрхан ТЮРБЕДАР,

Түркі академиясының вице-президенті:

– Таңғы сағат 7.00-ден бас­тап түске дейін 10 сайлау учас­кесін араладым. Мен барған учаске­лерде құқық бұзушылық тіркелмеді, бастапқыда халық­тың белсенділігі төмен болды. Бір-бірден, отбасымен бірге келгендерді көрдім. Бірақ түске таман тұрғындар көптеп келе бастады. Сайлауға дайындық өте жоғары деңгейде. Сайлау учас­келеріндегі комиссия мүшелері жұмыстарын жақсы атқарды.

Мен бұл сайлауға дейін Бол­­­гария, Косово, Босния мен Гер­­цоговина сайлауларында бай­қаушы болдым. Бұл менің халық­аралық тәжірибемді көрсе­­-
­т­еді. Осы жинақтаған тәжі­ри­бемнің аясында мен Қазақ­стан­дағы миссиямды ең сәтті өткен кезім деп айтқым келіп отыр. Өйткені бәрі жоғары деңгей­де, аса жауапкершілікпен, дайын­дықпен өтті. Әрине, ұсақ-түйек кем­шілік міндетті түрде бол­май қоймайды. Олар лезде түз­е­летін жағдайлар. Жалпы, Қазақ­стан сайлау науқанын өткізуде тәжірибе жинақтаған деп айта аламын.

 

Фан ЧИ,

АӨСШК хатшылығы Бас директорының орынбасары:

– Таңертең АӨСШК Хатшы­лығының байқаушыларымен бірге бірқатар сайлау учаскесінде болдық. Бүгін Астанада ауа райы қолайсыз, әрі жексенбі болса да, қазақстандықтар дауыс беруге көптеп келді. Кейбіреулері отбасымен дауыс берді. Бұл – саяси додаға қызығушылықтың жоғары болуының белгісі. АӨСШК бай­қау­шылары Қазақстанда сайлау­ды бақылауға бұған дейін де ша­қырылған еді. Осы сайлауға біздің ұйымнан екі-ақ байқаушы қатысты АӨСШК штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан. Қызметкерлердің басым бөлігі Қазақстан азама­ты болған соң, олар саяси ке­зеңге қатысулары қажет, сон­дық­­тан байқаушы бола алмауы заңды. Өзім Қытай елінің аза­­маты ретінде және менің түрік әріптесім екеуміз сайлауда байқаушы болуға мүм­кіндік алдық.

Жалпы, Қазақстанда демократия деңгейі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өткім келеді.

 

Душан ПРОРОКОВИЧ,

Халықаралық саясат және экономика институтының Еуразиялық зерттеулер орталығының басшысы (Сербия):

– Мен бірнеше сайлау учас­кесінде болдым. Заң талап­тарын бұзу деректерін анықта­мадық. Алайда, бір назар аудар­ар­лық нәрсе, адамдардың барлығы сайлау учаскесінде суретке түсуге құмар екен. Бұл мен үшін күтпе­ген әрі қалыпсыз жағдай болды. Селфилеткен халық қарасы өте көп, барлығы дерлік деуге болады. Бұл жақсы ма, жаман ба білмеймін, баға да бере алмаймын. Әріптестерімнен сұрап едім, мұндағы қалыпты жағдай заңға қайшы емес екенін айтты. Бұрын-соңды көрмеп едім, өзге елдердегі тәжірибемде мұндай жағдай кездеспеді.

 

Стефано ВЕРНОЛЕ,

Жерорта теңізі Еуразиялық зерттеулер қауымдастығы (CeSEM) директорының орынбасары, «Еуразия» Геосаяси зерттеулер журналының үйлестірушісі (Италия):

– Бұл менің Қазақстанға жа­саған екінші сапарым. Өткен жылы бірнеше қалада болған едім, осы жолы Астанада ғана жұмыс істедім. Таңнан бастап №329, 365, 372 сайлау учаскелеріне барып шықтым. Дауыс беру бір­қалыпты, мерекелік атмосферада өтті. Халықтың көңіл күйі жоғары болды. Белсенділігі де жоғары. Негізі посткеңестік кеңістікте көптеген елдегі сай­лау­да бақы­лауға қатыстым, бұл бағытта тә­жірибем мол. Мен байқаған бәріне ортақ бір нәрсе: дауыс беру мерекелік атмосферада өтті. Біз Қазақстанда жақсы жұмыс істедік деп сеніммен айта аламын.

 

Доктор Мартин САЙДИК,

Аустрия еуропалық саясат және қауіпсіздік саясат институтының басқарушы мүшесі және кеңесшісі (Аустрия):

– Менің байқаушы ретінде тәжірибем айтарлықтай көп емес. Алайда елдің саяси жағдайына жалпы сараптама жасай аламын. Өйткені еуропалық саясат және қауіпсіздік саясат институты Аус­триядағы жетекші мекеменің бірі. Біздің институт әлемдегі, әсіресе посткеңестік елдерде орын алып жатқан трансформацияларды, реформаларды үнемі бақылап отырады.

Қазақстанның трансформа­циялық әлеуеті өте жоғары. Осы жерде кеңес одағындағы саяси оқиғаларға куә болғанымды айтып өткім келіп отыр. 1972-1973 жыл­дары Мәскеу мемлекеттік университетінде магистратурада білім алдым. 1985-1989 жыл­­дары Аустрия елшілігінде қыз­­мет еттім. Андропов, Бреж­нев, Горбачевтің басқару саяса­тына куә болдым. Сондай-ақ пост­кеңестік елдердің тәуел­сіздік алып, гүлденген шақтарын да көрдім. Осылардың ішінде Қазақстан ерекше дамыды. Кеңес одағының құрамында болған 12 ел әлі де болса ішкі, сыртқы қақ­тығыстардан арылған жоқ. Бей­бітшілікті қазақ елі ғана сақтап тұр. Әрине, Қазақстан да ішкі қақтығыс жағдайларын өткерді, алайда оның шешімін тауып, елдегі татулықты сақтап қалды.

Әлемнің түрлі елдерінен кел­ген халықаралық байқау­шылардың көптігі Жаңа және Әділетті Қазақстандағы жаңа мемлекеттік модельге деген халық­аралық қызығушылық бар екенін көрсетеді. Меніңше, бүгінгі сайлау ел халқына қажет өзара сенім туғызатын осы мемлекеттік модельді іске асырудағы нақты кезең болады деп ойлаймын. Осы сайлау – қазақстандық қоғам мен демократияны дамытуда, билік пен халық арасындағы қарым-қатынаста ілгері жасалған қадам деп сенемін.

 

Петер КМЕЦ,

Словак Республикасы Халық Радасының депутаты, Еуропалық істер комитеті төрағасының орынбасары (Словакия):

– Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде біз үшін маңызды мемлекеттердің бірі. Сон­дай-ақ Еуроодақ үшін сая­си ойыншы ретіндегі ел. Соң­ғы кезде елдің Еуроодақпен ынты­мақтастығы дамып, әсіресе энергетика саласында алыс-беріс нығайып келеді.

Сайлауға келер болсақ, өте жоғары деңгейдегі прогресс бай­қалады. Қазақстан құра алған аралас сайлау осының дәлелі. Сайлау кезінде келісім мен үйлесім байқалады. Сайлау­шылардың мәдениеті, белсенділігі жоғары. Жаңа Парламент құрамы сайла­нып, белгілі болған соң қазақ, словакия депутаттары арасында әріптестік орнайтынына сенемін.

 

Борис ВОЛОСАТЫЙ,

Румыния Парламентінің депутаты, Қазақстан-Румыния Парламентаралық достық тобының мүшесі:

– Мен Қазақстанда 45 жыл бұ­рын болыппын. Ел, әрине, бі­раз өзгерген, дамыған. Сайлау учаскесінде мен бір сайлаушыны тоқтатып «Сіз не үшін дауыс бердіңіз», деп сұрадым. Ол маған еш дайындықсыз, мүдірместен «Мен демократиялық және тәуелсіз елім үшін дауыс бердім», деп жауап берді. Осы сөзімен ел тұрғыны сайлауға баға беріп тұр.

Қазақстан бұл сайлауға маңыз беріп, ерекше дайын­дал­ған. Сай­лау учаскелеріндегі қыз­­мет­­керлердің жауапкерші­лігін ерек­ше атап өту керек. Мін­дет­­те­рін мінсіз атқарды. Бай­қау­­­­сыз қателесіп, мекен-жайын өзгерт­кен тұрғындар келіп өз аты-жөнін тізімнен таппай жатты. Қызметкерлер сайлау учас­келе­рін тауып беріп, жол сілтеді. Бұл үйлесімді қызмет көрсетуді көрсетеді.

Қазақстан маңызды саяси өмірге қадам басты. Бұл мем­­ле­кетке өзге елдердің қызы­ғушылығы артып, ынты­мақтас­тыққа ұмтылып келеді.

 

Даниэль Роберт КАВЧИНСКИЙ,

Ұлыбритания Парламентінің мүшесі, Ұлыбритания Премьер-министрінің Моңғолиядағы сауда өкілі (Ұлыбритания):

– Кеңес одағы ыдыраған соң Қазақстан қысқа уақыт ішінде тәуелсіз, демократиялық елге айналды. Бұл – мемлекеттің үлкен жетістігі. Сайлау кезеңі де ерекше. Жексенбі күні өткізілетініне таң қалдым, Ұлыбританияда, мәселен, бейсенбі күні өткізіледі. Бұл жұмыс күні болған соң, көп адам бос бола бермейді. Осыны біз ескермеппіз. Ал Қазақстан болса, ұтымды жол тауыпты. Сондай-ақ мен сайлау учаскелерінде медицина қызметкерлерін көрдім. Бұл халық денсаулығына назар аударып отырғанын көрсетеді. Қазір көктем мезгілі болғанымен Астанада қар жауып тұрды. Үл­кен кісілер келді дауыс беруге, ал олардың аяқ астынан денсау­лықтары сыр беруі мүм­кін. Сол кезде медицина қыз­мет­керлері дер кезінде табыла қояды. Бұл да маңызды ескерер нәрсе. Сонымен қатар сайлау учаскелерінде музыка ойнап тұрды. Бұл келген адамдарға жақсы әсер қалдырып, көңіл-күй сыйлайды екен. Біз қанша дамыған ел болсақ та, осындай маңызды әрі адами факторларды ескере бермейтінімізді мойындауымыз керек.

 

Григорий ЛОГВИНОВ,

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары, миссия басшысы:

– Байқаушылар миссиясы өз жұмысын жақсы атқарып шықты. Астанада бесінші күн жүрміз. Осы уақыт ішінде Орталық сайлау комиссиясы басшылығымен кездесу өткіздік. Біз бірнеше сайлау учаскесінде болдық, жақ­сы әсердеміз. Сайлауға дайын­­дықтың жан-жақты әрі кә­сіби деңгейде екенін атап өт­кім келе­ді. Әсіресе техникалық сәт­терге ерекше мән берілген.

Бізде өте оптимистік және оң көзқарас қалыптасты. Қазақ­с­тан – ШЫҰ-ның ең жауапты мүшелерінің бірі. Біз бейтарап позитивті көзқарасты бас­шылыққа аламыз. Сонымен қа­тар, мемлекеттің ішкі ісіне ара­лас­паймыз және сайлау заңна­масына баға бермейміз. Бұл ШЫҰ-­ның не­гізгі қағидаттарына үзілді-кесіл­ді қайшы.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымы атынан сайлау барысын 18 байқаушы қадағалады. Олар байқаушы міндеттерін елорда және Ақмола облысында жүргізді.

 

Гленг Агунг ХОЛЕ,

Оңтүстік Шығыс Норвегия университетінің лекторы, Молде университетінің доценті, «Procuratio Consulting» компаниясының кеңесшісі (Норвегия):

– Қазақстан демократияға жетуге қадам жасап жатыр. Әрине, оған көп уақыт қажет, ұзақ жолдан өту керек, бірден демократия орнай қоймайды. Алайда қазақ елінің оған деген ұмтылысы жоғары, қадамы дұрыс деп есептеймін.

Таңнан бастап сайлау учас­келерін араладық. Біз бақы­лаған учаскелерде құқық бұзушылық байқалған жоқ. Барлығы өз орнымен, өз ере­же­сі­мен өткізілді. Өзге де халық­аралық байқаушылардан ескертпе түспеді.

 

Ежи ОЛЕНДЗКИЙ,

«Бойма» атындағы Азия және жаhандық зерттеулер институтының Ғылыми кеңесінің мүшесі (Польша):

– Қазақстандағы тарихи сәтке куә болғаныма қуаныш­тымын. Бұл елдің демократизация үдерісіндегі өте маңызды қадамның бірі. Мен түске дейін бірнеше сайлау учаскесіне бардым. Атап айтар болсам, «Қаз­мұнайгаз» компаниясында, 84-мек­­тепте, штаб пәтерде болдым. Барлығы стандарт бойынша дұрыс, аноно­нимдік ереже сақталған. Дауыс берушілер емін-еркін таңдау жасап, лебіз­дерін де білдіріп жатты.

Халықаралық байқаушылар­дың басым бөлігі Қазақстандағы саяси науқан барысынан хабардар, бұған дейінгі сайлауларды бақылаған. Сол себепті олар бұл сайлауға баға беруден еш қиналған жоқ. «Бұл жолғы сайлау өзгеше, себебі өзін-өзі ұсынып жатқан үміткерлер саны көп. Жастар дауыс берудегі жауапкершілікті жақсы сезінеді. Халық өте белсенді», деген секілді пікірлер көп айтылды. Сарапшылардың айтуынша, халықаралық байқаушылардың көптеп қатысуы науқанның ашықтығы мен жариялығына, мемлекет тарапынан халықаралық міндеттемелердің сақталуына ықпал етеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ