Ұлыстың ұлы күні қай күн?

0
162

Басқаны қайдам, бізге көктем жаңа жылдың келуімен, Наурыз тойымен сипатталады. «Ес­­кіше наурыз 13-інен 14-іне қара­ғанда туа­ды» дегенді бұрын үл­кендерден жиі естісек те, мән бермеппіз. Күн мен түн те­ңеліп, жылдың ке­летін уақыты осы 13-і екенін өт­кенде ақын Свет­­қали Нұржан face­book парақ­шасында жазды. Оқыған бойда наурыздың 17-сі күні арнайы тексерсек, расымен күн түннен 10 минутқа озып, жарық жеңіп ке­тіпті. Көпшілігіміз атал­ған датаны Амал мере­кесі, Көрісу күні деп танып келгенімізді неге жа­сырайық?

Светқали Нұржан бұл туралы: «Көрісу күні» деген мейрам жоқ, Ұлыс­тың ұлы күні – жаңа жыл мерекесі бар. Әз Наурыз да, Амал да осы 14-ін­де басталады. Бұл күллі түркі, барша қазақтың төл жаңа жылы! Мені тыңдамасаңыз да, Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп сынды әулиелерге құлақ асыңыз. Олардың және басқа да қазақтың қасиетті ақсақалдарының айтуынша, 22 наурыз – «қызылбастардың», яки шиғалардың жаңа жылы. Санаға біраздан бері сіңіп қалған: «Күн мен түн 22-сінде теңеседі» деген сөз жалған. Ол кезде күннің ұзақтығы 15-20 минутқа ұзарып кетеді. Нанбасаңыз, қолыңызда құралыңыз бар: тексеріңіз!

Бұл күні табиғатта басқа да көп­теген өзгеріс болады. Мысалы, Самар­қанның көк тасы ериді, балпақ іннен шығады, қой таңсәріде Самалыққұстың сәулесін көреді де, қошқар көкке қарап мекіренеді, балық су бетіне шығып қарынымен аунайды, қараторғай тұм­сығын сумен шылайды, жеті тоғыстың әуірі білінеді, «Амалдың ақша қары» немесе «Құсқанаты» жауады, т.б.

«Көрісу» – сол ұлық мерекенің бір атрибуты ғана! Неге өз тынысымызды өзіміз тарылтып, қолдан жасанды мейрамдар жасауға құмармыз? Неге көзкөрекі ақиқаттарға самарқаулық қылып, жалғаннан перде тұтуға оң иығымызды беріп тұрамыз?» депті.

«Имансыздық намазда – қызыл­бастар салған жол» деген өлеңі бар еді Абайдың. Ендеше, наурыздың 21-інен 22-сіне қараған уақыт біздің санаға сіңіп қалған. Ал Алаш арыстары мен ғұламалары жыл басы деп 13-інен де ерте күнді, 9 наурызды көрсетеді. Оны оқығанда, тіптен қайран қалдық. Осының өзі этнограф зерттеушілерді Наурызды тани түсуге, таныта түсуге жетелердей. «Маған да мойын бұр» дейтіндей. Қазір қазақ Наурызды та­нымақ тұрмақ, әуелі шын мәніндегі жаңа жыл ретінде мойындау керек шығар деген ойдамыз. Өйткені Алаш қайрат­керлерінің еңбектеріне көз жү­гірткенде, бұл дәстүр де, дін де, ғұрып та емес, жаңа жылдың басы екенін анық танимыз. Ендеше неге біз жаңа жылды шапанға орап, тұсаукесер рәсімімен көмкеріп, киіз үйге тығып қойдық? Бе­сікке бөлеу, тұсаукесер сияқты жорал­ғылар бала қырқынан шыққанда, тәй-тәйлай бастағанда жа­салып жататын жоралғылар ғой. Ат шаптырып, көкпар тартып, қыз қуып, асық ойнап, ағаш отырғызып, тұманың көзін ашатын нағыз жыл мерекесі – Наурыз. «Қыр баласы» (Әлихан Бөкейхан) «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 9 наурыздағы №53 санында «Жаңа жыл» деп тайға таңба басқандай: «Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, жаңа жылдың басы дейді… Біздің қазақтың Жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса күн мен түн тең бол­ғаннан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9-шы март болады», деп жазыпты.

Әлихан Бөкейханның бұл дүниесі Ай мен Күн алмасып, тәулік пен жыл дөңгелеуінен хабардар маман жілік­теп шақпаса, екінің бірі пайымдай бермейтін ғылыми мақала. Оқыр­ман­ның көкейінде неге 9 наурыз деген сұрақ қалады. Әлихан Бөкейхан ғана емес, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, тағы басқалары да 9 наурыз деп көрсетеді. Алаш арыстарының қай-қайсы болсын ерекше мән берген Наурыз мейрамына газеттерде мақала жариялап, астарына үңілген.

Ә.Бөкейхан біз жоғарыда мысалға келтірген «Жаңа жыл» атты мақала арасында күнтізбе жасалуының ретіне қарай ескі, жаңа стиль деп қарас­ты­рады. «XIX ғасырда осы екі стиль арасы 12 тәулік еді. Бізде 7-інші март бол­са, жаңа стиль Еуропада 19-ншы март еді. ХХ ғасырда жаңа стиль кемде-кем жат­қан бір тәулігін қо­сып алды. Енді ескі стиль арасы 13 күн болады», дей­ді. Ескіше 13-інде туады деген осы ма екен әлде?

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «ең ұлық мейрам» Наурызды қайсыбір жылдары 14-інен бастап 22-сіне дейін тойлаудың жаңа формасы ойластырылып, халық назарына ұсынылған еді, аяқсыз қалды. «Зияткерлік күні», «Ұлттық тағамдар күні» сынды атаулы күндер бартын онда. Негізі бұл да ертеден бар ұстын, 14-інен бастап тойлау. Демек Ұлыстың ұлы күнін атап өтуде әуелі күн мен түн теңелетін 13-ін назарға алған жөн емес пе? Сонымен қатар «қазақтың Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құл­шылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «жа­сың құтты болсын!» дейді.

…Бұл мейрамды тұрмыспен, ғы­лыммен байланыстырып, қоғамға игі іс жасайтын мейрам ету керек» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзі күні бүгінге маңызды деп білеміз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ