Ғылымы озық мемлекеттің өрісі кең

0
327

Қоғамның қозғаушы күші – ғылым мен экономика. Мемлекеттің дамуы да ұлттық ғылым көкжиегінің кеңеюіне байланысты. Қуанарлығы, қазір осы салаға дендеп кіріп, ғылыми білімін шыңдап, өз саласының майталман маманы болуға ұмтылған жастар көбейіп келеді. Олардың әлемнің әр қиырынан білім алып, тәжірибесін еліміздің ғылымын дамытуға бағыттайтыны қуантады.

Осы орайда отандық ғылымның қазір­гі жай-күйі мен келешегін бағам­­­дау мақсатында дөңге­лек­ үстел ұйымдастырған едік. Оған Лондондағы «HEAD Aerospace Group» ком­па­ния­сының коммерциялық директоры Сапар САТАЙ, Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының дирек­торы Әлібек ЫДЫРЫСҰЛЫ, Nazarbayev University Энергетикалық ғарыш зертханасының постдокторанты, Халықаралық астрономия одағының мүшесі Бекдәулет ШҮКІРҒАЛИЕВ қатысып, ой-пікірін ортаға салды.

– Өздеріңіз таңдап, қазір жұмыс істеп жүрген саланың бүгінгі беталы­сы­ қалай? Шетелде алған білімді қол­да­нып жүрсіздер ме?

Сапар САТАЙ: 

вап

– Қазір халықаралық HEAD Aerospace компаниясында ТМД ел­де­рі нарығы бойынша коммерциялық дирек­тормын. Біздің компанияның мақ­саты – ғарыш саласындағы технология­лар­ды әлемдік нарықта коммерциялан­дыру. Әлемдегі ғарыш нарығының көле­мі шамамен 400 млрд долларға тең.­­ Соның ішінде коммерциялық ғарыш­тың үлесі 90 пайыздан асып түседі. Ком­мер­циялық ғарыштан түсетін әлемдік табыс­тың 80 пайызы АҚШ пен Еуропа елде­р­­іне тиесілі. Ғарыш саласының әлемдік на­рығы жылдан жылға өсіп келеді. Өйткені бұл сала күнделікті өмірдің қажеттілігіне ай­налды. Сондықтан ғарыштың еліміз үшін де келешегі зор. Әсіресе коммерциялық ғарыш саласы. Бұл нарықты екі бағытқа бөлеміз. Біріншісі – ғарыш аппараттарын құрастыру, ұшыру және басқару (upstream), екіншісі – ғарыш қызметтерінің әр саладағы қолданысы (downstream). Біз екінші бағытты дамытуға күш салып, салаға жеке компаниялардың келуін қолдауға тиіспіз. Сонымен қатар өзінің ерекшелігін пайдаланып, Қазақстан жақын және орта мерзімде ғарыштық қызметтерін көршілес елдерге шығаруы керек. Соның ішінде Орталық Азия мен түркі тілдес елдердің нарықтарында нық орын алуға мүмкіндік бар. Ал ұзақ мерзімде аталған елдермен ортақ нарықты бірге игерген дұрыс деп есептеймін.

Ғарыш өндірісі сан салалы. Оның бар­лығын қамту енді дамып келе жатқан еліміз үшін қиын және көп қаржыны талап етеді. Еліміз қазіргі таңда толық цикл­ді ғарыш саласын құрды. Атап айт­қанда, ғарыш техноло­гиялары мен аппа­рат­тарын жобалау, құрастыру және сы­на­қ­­­­тан өткізу, ғарышқа ұшыру әрі бас­қару, сонымен қатар қолданушыларға қыз­мет көрсету қолдан келеді. Бірақ сала аяғынан толық тұрған жоқ. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Бастапқы уақытта мемлекет тарапынан көмек қажет болады.­ Оны мемлекеттік тапсырыс ретінде іске асыру­ керек. Болашақта осы уақытқа дейін құрылған жерүсті кешендері мен ғарыш аппараттарын толыққанды ішкі және сыртқы нарықта пайдалану, тұрақты түрде ғалым, инженер мамандарды даярлау маңызды.

Өзіме келсем, жинаған білімім мен тәжіри­бемді алдағы уақытта елі­міз­дің ғарыш­ саласын дамытуға жұм­сай­тыныма сенім­дімін.

 

Әлібек ЫДЫРЫСҰЛЫ:

вао

– Жұмысым био­медицина, био­алуан­түрлілікті сақ­тау және білім беру сала­ларымен ты­ғыз­ байланыс­ты. Қазіргі кезде биомеди­ци­на жеке ғылым ретінде әлемдік көш­басшы салалардың қатарында кіре­ді. Әсіресе пандемиядан кейін оның­ маңыздылығы арта түсті. Түрлі бағыт­та адам денсаулығын сақтауға байланыс­ты жаңа зерттеулер жасалып­ жатыр. Биоалуантүрлілікті қорғау және сақтау да әлем назарындағы сала­ның бірі. Жыл сайын жойылып бара жат­қан түрлер мен антропогендік фак­тор­лардың қоршаған ортаға әсері кү­н­ тәртібіндегі мәселеге айналды. Бұлар­дың барлығының тоқайласатын тұсы­ білім беру жүйесі болмақ. Мен тағы­лым­дамадан өткен АҚШ-та білім берудің ұста­нымдары «Алуантүрлілік, әділдік, мүмкіндігі шектеулілік» болып келеді. Бұл – сол қоғамының өз ерекшелігі. Себебі АҚШ қоғамында тарихи топтар, нәсілдер арасында тамыры терең және жаңадан бой көтерген мәселелер жетерлік. Сондықтан америкалық білім беру жүйесі жоғарыдағы ұстанымдарды ұстануға мәжбүр. Ал әлемдік тұрғыдан алғанда қазір білім берудің стратегиясы Z және Альфа ұрпақтарына арналған. Бұл дегеніміз – білім беру жүйесінде сандық технологияларға көшу және ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалану мәселелері өзекті деген сөз.

Мен АҚШ-та «Болашақ» стипен­диясы аясындағы «500 ғалым» жоба­сымен The George Washington University-ден тағылымдамадан өтіп келдім.­ Бір жыл бойы АҚШ-тың білім және ғылым­ жүйесінің ұйымдастырылуымен, жұмыс істеу механизмдерімен, білім беру ұйымдарының қызметімен танысып, арнайы шақырылған профессорлардан дәріс тыңдап, жеке жобаларымызды қорғадық. Расында батыстық білім мен ғылым жүйесінен үлгі алар, үйренер жеріміз көп. Мысалы, мектептерде оқулықтардың жоқтығы, әділдік приницпімен оқыту, жоғары оқу орындарымен ғылымда академиялық еркіндік орнату секілді дүниелерді бізде де кеңінен қолдануға болады. Дегенмен олардың да өз мәселесі жетерлік. Бұл мәселелер қоғамдағы тарихы тым тереңдеп кеткен алуантүрлілік, нәсілдік және көзқарастағы айырмашылықтан шыққан. Сондықтан АҚШ құзыреттіліктерді негіз еткен білім беру ұстанымын ұстануға мәжбүр. Ал бізге дәл қазір ұлттық құндылықтармен суарылған идеология керек.

 

Бекдәулет ШҮКІРҒАЛИЕВ:

анг

– ­­Ас­­т­­ро­­­номия және астрофизика­ саласын­да зерт­­теулер жүргіземін. Еліміздің бұл салада­ қолға алған зерттеу жұмыс­та­ры­ның бета­лы­­сы өте жақсы. Nazarbayev University-інде­ Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смутт­ іргетасын қала­ған энергетикалық ғарыш­ зертханасын­да жұмыс істеп жатыр­­мын. Біздің зерт­ха­на­дағы жұмыс теория­лық, бақылау және құралдарды құрас­тыру сияқты бірнеше бағытта жүргізіледі. Зерттеу нәтижелерін жоғары деңгейдегі халықаралық басылымдарда жарияладық. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми гранттарының көп көмегі тиді. 2019 жылы елге оралған соң, осы зертханаға жұмысқа тұрдым. Одан кейін Ғылым комитетінің гранттарын ұтып алып, сол арқылы көптеген жоба жасалды. Қазір бірнеше студентті ғылыми жұмысқа жұмылдырып, олардың ғылыми зерттеу­лерге деген ынтасын оятып, қолұшын беріп жатқан жайымыз бар. Алматыдағы В.Фесенков атындағы астрофизика институ­тында да көптеген зерттеу жүргізіліп жатыр. Шетелден білім алып келген жас ғалымдардың жұмыстары отандық ғылымға септігін тигізіп жатыр. Шетелден алған білімді елде қолдануға барлық мүмкіндік жасалған.

– Еліміздің ғылым саласын цифрландыру мүмкіндігін қалай бағалайсыздар? Шетелде бұл тәжірибе қалай жүзеге асады?

Сапар САТАЙ:

– Бұл сұраққа екі бағытта жауап берген жөн болар.­ Бірін­­шіден, егер елдегі ғылым дең­гейі­нің цифрлық технологиялармен жаб­дық­талу мүмкіндігін айтатын бол­сақ, ол ғылымды қаржыландыруға ке­ліп тіре­леді. Меніңше, ғылымды қар­жы­ландыру елдегі экономиканың даму деңгейі мен өндірістің немесе бизнестің отандық ғылымға деген сұранысына тікелей байланысты. Отандық ғылымның ортасында жүрмегендіктен, біздегі ғылым орталықтарының қаншалықты цифрлық технологиялармен жабдықталғанын немесе олардың қаншалықты енгізілгенін дөп басып айта алмаймын. Дегенмен бұрын өзім еңбек еткен еліміздің ғарыш саласына қатысты пікір білдіре аламын. Бұл бағытта біздің ғалымдар нәтижелі жұмыстар жүргізгеніне куәмін. Мысалы, Алматыда орналасқан Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы – отандық ғарыш саласын фундаменталды­ және қолданбалы ғылыми зерттеу жұмыс­та­рымен толық қамтамасыз ететін бірден бір ұйым. Мұндай орталықтардың халық­аралық деңгейде жұмыс істеуіне қыруар қар­жы керек. Ал бұл өз кезегінде ғарыш өнді­рісінің қарқынды дамуына, соның ішін­де ұлттық және жеке компаниялардың отан­дық қолданбалы ғарыш ғылымына қанша­лықты сұранысы бар екеніне тәуел­ді­. Қазіргі уақытта мемлекет фундаментал­ды және қолданбалы ғы­лым саласын қаржыландыруды ұлғайту үстін­де. Ғылым және жоғары білім министр­лігі іргелі реформаларды бастап та­­ кетті. Бұл бастамалардың нәтижелі боларына сенемін.

Екіншіден, негізі цифрландыру ғылыми зерттеулер мен ұйымдардан бас­талды. Сондықтан ғылым қашанда цифр­лық технологияларға негізделген және­ солай болып қала бермек. Кез келген­ салада цифрландыру теориядан, бағдар­ламалық қамтамасыз етуді енгізу әрі әзірлеу алгоритмдерінен және нақты техно­логиялық үдерістерді жүзеге асыру­ немесе жаңа технологияны құру үшін­ компьютерлік бағдарламаларды таң­даудың негіздемесінен басталады. Демек қазіргі ғылымды цифрландырудан­ тыс­ қараудың реті жоқ. Шет елдерде бұл тәжірибе әр елдің экономикасының дамуы­­­на­ байланысты орын алады. Оның­ ішін­де дамыған елдерде жоғары қар­қын­­­мен іске асып келеді. Себебі олар­да­­ ғылымға деген сұраныс өте жоғары және­ ғылым мен өндіріс бір бірімен тығыз байланысты. Мысалы, өзім еңбек­ ететін ғарыш саласын алсақ, біз алдың­ғы­ қатарлы ғарыш технология­ларын әлем­дік­ деңгейде коммер­цияландырамыз. Техно­­логиялардың көбі Азия елдерінде, оның­ ішінде басым бөлігі Қытайда дайын­дал­ған технология­лар.

Әлібек ЫДЫРЫСҰЛЫ:

– Елімізде білім мен ғылымның дамуы­на басты кедергі – бұл саланың «сынақ алаңына» айналуы. Басшылық ауысқан сайын білім беру жүйесінің өзгеріп отыруы сапаны төмендетеді. Биоритм деген ғылым бар, ол тірі ағзалардың ырғақтық ерекшелігін зерттейді. Мәселен, адам баласының түнде ұйықтап, күндіз әрекетте болуын алайық. Ұйқының кешкі сағат 22:30-дан бастап, таңертеңгі 6:00-ге дейін жалғасуы ағзадағы гормондармен реттеліп қойылған. Қазіргі кезде түрлі аурулардың көбеюінің басты себебі ретінде биологиялық ырғақтың бұзылуы айтыла­ды. Білім жүйесі де осы секілді жұмыс істеу ырғағын үнемі өзгертіп отыру­ға мәжбүр. Үйлесімділік жоқ, соның кері әсерін көріп отырмыз. Екінші бір мәселе – құндылықтар мен ұлттық идео­логия. Кейінгі Жаңартылған білім беру жүйесі де құзыреттіліктерге негізделген. Алайда мемлекет пен қоғамның түп қазығы саналатын тарихи құндылықтарымыз ескерілмей қалды. Айта берсек, әңгіме көп. Мәселен, біздегі оқу бағдарламалары үнемі үздіктерге арнап жасалады. Табиғатта популяцияның 2 пайызы ғана генетикалық артықшылығына байланыс­ты қатарынан оза туады. Ал біз оларды Назарбаев зияткерлік мектебі, физика-математика мектебі және басқа да дарынды балаларға арналған білім ордаларына жинап алдық та, жағдайдың барлығын жасап бердік. Олардың нәтижесін жалпыдан талап етіп отырмыз. Ғылымдағы жағдай да осы. Nazarbayev University-інің қаржылық және зертханалық жағдайында күтілетін ғылыми нәтижелерді аймақтық жоғары оқу орындарынан талап етеміз. Бұл дұрыс емес. Дегенмен кейінгі жылдары жүргізілген реформалардан білім және ғылым саласында сапалы ілгерілеу байқалады. Біріншіден, сала қағазбастылықтан арылып келеді. Екіншіден, цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Үшіншіден, қаражат көп бөліне бастады.

Бекдәулет ШҮКІРҒАЛИЕВ:

– Жалпы, цифрландыру дегенде тіл ұшына алдымен банк қызметін, мемлекеттік органдардың жұмысын цифрлы форматқа көшіру оралады.­ Осы тұрғыдан алғанда ғылымды цифрландырудың қаншалықты қиын екенін аңғарасыз. Ғылым жалпы халыққа қызмет көрсету саласы болмағандықтан, нақты цифрландыру­ мүмкін емес. Ал ғылымға қажетті цифр­лан­дыруды сөз етсек, онда ғылым әлде­қа­шан цифрландырылып қойған деген пікір­ді айтқым келеді. Мәселен, менің саламда зерт­теулердің 90-95 пайызы компьютерді қол­дану арқылы жүргізіледі. Теориялық есеп­теулер де, компьютердегі моделдеу немесе бақылау жасау, телескоптарды жасау және одан алынған мәліметтерді алу­дың барлығы цифр­лы түрде жүзеге асырылады. Өзім де жеке жұмыстарымды цифрлық жүйе арқылы істеймін. Мысалы, негізгі зерттеу жұмыстарымды компьютерде моделдеу­ арқылы жасаймын. Ғылым саласы толы­ғы­мен цифрландырылды деуімнің себебі де­ ­­сондықтан.

– Ғылымды дамытуда неге көңіл бөлген жөн?

Сапар САТАЙ:

– Алдымен ғылыми ұйымдарды тиісті цифрлық инфра­құры­лыммен – серверлермен, бағдар­ла­малық және алгоритмдік қолдаумен, тиіс­ті желілік жабдықтармен қамтамасыз ету­ге назар аудару қажет. Бұл барлық ғылы­ми ұйым үшін өзекті және салаларды­ цифр­ландырудың ғылыми шешімі саналады.

Бекдәулет ШҮКІРҒАЛИЕВ:

– Әуелі қазақ ғылымындағы іргелі ғылымдарды зерттейтін сапалы ғалымдардың санын арттыру керек. Себебі бұл салада озық технологиялар қолданылады және оларды ғалымдар бір-бірімен өзара бөлісуге тиіс. Іргелі ғылыми зерттеулер кезінде ашылған жаңалықтар коммерцияландырудан немесе технологияға айналудан алшақ тұрады. Бұл – өте үлкен талаптарға сай орындалатын дүниелер. Сол үшін бұл жаңалықтар ғалымдар арасында ұлтына, мемлекетіне қарамастан өзара бөліске түседі. Мен елден кетпей тұрып та шетелдік ғалымдармен бірге ғылыми жұмыстар жүргіздім. Бірлесіп модульдер құрастырдық. Біздің елде бұған сай келетін жоғары деңгейлі компьютер құрылғылары жоқ екенін сонда аңғардық. Қытай мен Германиядағы әріптестеріміз өздерінің супер класты компьютерлерін қолдануға мүмкіндік берген соң ғана тығырықтан шықтық. Егер бізде озық технологиялармен жұмыс істейтін ғалымдар көп болса, олар өзге елдердің озық тәжірибесін елімізге әкеледі. Олардың жаңа құралдарын қалай қолдануды меңгеріп, оны өзіміздің жас ғалымдарға, студенттерге үйрете алады. Қысқасы, іргелі ғылым қазір технологиядан әрдайым алда жүреді. Өйткені саладағы зерттеулерге қойылатын талаптар өте жоғары.

– Ғылыми ұлтқа айналу үшін не істеу керек?

Сапар САТАЙ:

– Біріншіден, ғылымға деген көзқарасты өзгертіп, оны инновация мен жаңа технологияларды дамытудың қайнар көзі деп қарау керек. Сонымен қатар бизнес отандық озық ғылыми технологияларды енгізуге мүдделі болуы қажет. Ал ондай технологиялар елімізде жоқ емес бар. Екіншіден, ғылыми қызметкердің беделін, ынтасын көтеру маңызды. Жақын болашақта ғалымдарға жоғары жалақы төлеудің тетігін табуға тиіспіз. Қолданбалы ғылым­ды қаржыландыру тетігін өзгерту қа­жет. Тапсырыс беруші рөлінде бизнес­ пен салалық министрліктер болуы керек.­ Ал қаржыландыру көлемі елдің ішкі жал­пы өнімінің 1-2 пайыз деңгейінде болуы­ шарт. Үшіншіден, ғылымды бас­қа­ру құрылымын өзгерту маңызды. Қазір ғылым мен жоғары білім бір министр­ліктің, инновация екінші бір органның, салалық технология саясаты үшінші бір ведомствоның құзыретінде. Дамыған елдердің тәжірибесін зерделей отырып, біртұтас орган құру қажет. Мысалы, Ғылым, инновация және технологиялық саясат агенттігін құруға болады.

Жоғарыда айтылған ойларға қосымша, жалпыға мәлім келесідей іс-шаралардың да еліміздегі ғылым мен технологияны дамытуда нәтижесі зор болмақ. Біріншіден, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестицияларды ұлғайту керек. Үкімет жеке сектордың осы бағыттағы жұмыстарды инвестициялауына салықтық жеңілдіктер беріп, ғылыми жобаларды қаржыландыру үшін мемлекет-жекеменшік әріптестік орнатуды қарастыруы қажет. Екіншіден, адами капиталды дамыту керек. Мықты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық экожүйені құру үшін білікті жұмыс күшін дамыту маңызды. Ғалымдардың, инженерлердің және зерттеушілердің дарынды пулын дамыту үшін білім беру және оқыту бағдарламаларына инвестиция салуды қарастырған абзал. Ел ішінде таланттарды тарту және оларды сыртқа жібермей елде ұстап қалу бағдарламалары жұмыс істеуі шарт. Үшіншіден, зерттеу институттарын құру керек. Белгілі бір салаларға бағытталған зерттеу институттарын құру ынтымақтастық пен инновацияны жеңілдетуге көмектеседі. Бұл институттар зерттеушілерді қаржыландыру, инфрақұрылым және басқа ресурстармен қамтамасыз етіп, жаңа технологияларды дамытуға қолдау көрсете алады. Төртіншіден, халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру маңызды. Бұл қадам Қазақстанға басқа елдер мен институттардың тәжірибесі мен ресурс­тарын пайдалануға септігін тигізеді. Еліміз ынтымақтастық пен білім алмасуды жеңілдету үшін халықаралық ғылыми мекемелермен және ұйымдармен серіктестік орнату мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Бесіншіден, кәсіпкерлік пен инновацияны ынталандыру қажет. Бұл экономикалық өсуді ынталандыруға және елімізде жаңа мүмкіндіктердің пайда болуына жол ашады. Үкімет стартаптарды гранттар немесе венчурлық қорлар арқылы қаржыландыру мен қолдауды, инкубаторлар мен акселераторларды құруды, инновациялар мен тәуекелдерді қабылдау мәдениетін ілгерілетуді қарастырғаны абзал.

Әлібек ЫДЫРЫСҰЛЫ:

– Елдегі ғылымды әлі қазақ ғылымы деуге келмейді. Себебі қазақ ғылымы болу үшін қазақ тілі ғылыми айналымға толық енуі керек. Басқа елдерден айырмашылығымыз – біз магистратура мен докторантураға түсушілерден қазақ тілін толық білуін және ел азаматтарынан мақаланы қазақша жазып, диссертацияны қазақша қорғауын талап ете алмай отырмыз. Бұл бір жағынан «ала қойды, бөле қырқуға» әкелсе, екінші жағынан мектептер мен университеттерде қазақ тілді балалардың қазақша сапалы ғылыми материалдармен қамтамасыз етілуіне кедергі келтіріп отыр. Оқу материалдары жетіспеген соң білім сапасы да төмендейді.

Бекдәулет ШҮКІРҒАЛИЕВ:

– Ғылыми ұлтқа айналу үшін ең алдымен, іргелі зерттеулермен айналысатын білікті мамандар, ғалымдар көп болуы керек. Академиялық шыншылдықты ұстанатын ғалымдарды айтып отырмын. Бір буынның артынан ергендер соларға қарап бой түзейді, бірнеше буын ғалымдары қалыптасса, әрі қарай ғылымы дамыған, технократты мемлекет болуға мүмкіндік бар. Дұрысы – ғылымға көңіл бөлу.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз