Цифрлық аутизм арнаулы бағдарлама қабылдауға мәжбүрлеуі мүмкін

0
239

Бүгінгінің баласы үңіліп отырған гаджетін алып қойсаң, қолыңда өле жаздайды. Тіпті жылап жатқан сәбиге смартфоныңды ұстатсаң, сол сәтте бақырғанын сап тыйып, виртуалды әлемге енуге әрекет жасайтынына таңғалмайтын күнге жеттік. Мұның алаңдататын жайтқа айналғаны соншалықты, арнаулы мамандар қазір осы ауытқудың түрлерін жіктеп бере алатын жағдайға жетті…

Цифрлық аутизм мен «классикалық» аутизмнің айырмашылығы

Мәселен, қазір номофобия деген бар, бұл – смартфонсыз қалудан қорқу. Бұл термин 2008 жылы пайда болып, 2018 жылы Кембридж сөздігіне енген. Номофоб адам гаджетінің қуаты біте бастағанда немесе бір жерде ұмыт қалдырған кезде мазасыз күй кешеді. Телефонсыз қалу қатері жақындаған сайын жүрегі қатты соғып, тағатсыз күй кешіп, ашуға бой алдырады. Ғалымдар бұл ахуал туралы «ХХІ ғасырдағы ең ауыр тәуелділіктің бірі болуы мүмкін» деген болжам жасаған. Тіпті оны психикалық ауытқу ретінде диагностикалық емдеуге тіркеуді ұсынған.

Екіншісі, фаббинг – әріптестердің, қонақтардың, тіпті ең жақын жандарыңның ортасында отырғанда да смартфоннан бас алмау, яғни фаббер көппен отырған кезінде де жанындағы адамға емес, қолындағы гаджетіне ғана назар аударады. Осылайша, қоғамдық ортадан оқшауланады.

Үшіншісі, фомо – маңызды нәрседен құр қаламын деп дегбірсіздену. Бұл термин де 2013 жылы ресми түрде Оксфорд сөздігіне енген. Мұндай психологиялық дертке душар болғандар әлеуметтік желі қолданушыларының жылы сөзі мен жағымды пікіріне мұқтаж. Яғни оқырмандары қолпаштап жазбай қалса, жарияланымдары қаралым жинамаса, ол адамның көңілінің қошы болмай, күйзеліске ұшырайды.

Күлкілі болып көрінуі де мүмкін, мұндай кеселге бой алдырғандар өзіне өзі көңілі толмай, өзінен көп «лайк» жинайтындарға қызығумен, солармен өзін салыстырумен күні өтіп жатқанын түсінбейді. Әлеуметтік желіде ешкім жазбасына назар аудармаса, тіпті өзін қораш, қоғамға керексіз сезініп, жантәсілім етуге дейін барады.

Оған қоса кейінгі жылдары осы замандағы адамдардың өміріне «сандық детоксикация» деген термин кірді. Бұл – цифрлық технологиялардан саналы түрде белгілі бір уақытқа бас тарту. Ағзаны зиянды, улы қалдықтардан құтылу үшін «детоксикация» жасалынатын болса, ми, ақыл-есті қажетсіз ақпараттардан арылту үшін де осы әдіске жүгінуге болады екен. Детокс тәсілі тәулікпен санаспай, цифрлық құрылғыдан бас алмайтын, одан бір сәтке көз жазып қалса, қымбатынан айырылғандай мазасыз күй кешетін жандарға арналған. Ал енді мұны аурудың бірі демей көріңізші. Сондықтан да бүгінгі таңда осыдан құтылу үшін онлайн­ қосымшалар мен детокс курстар пайда болып жатыр.

Бұл дерттің дендегені сол, туризм терминіне де «Мерекелердегі сандық де­­токсикация» деген жаңа саяхат түрі қосылған. Мұндай турлардың туристері сапар шеккен кезінде WI-FI орнатылмаған қонақүйлерге орналастырылады. Тіпті мұндай жиһанкездердің смартфондарын жинап алу мәселесі де қарастырылған. Осылайша, саяхатшылар­ виртуалды әлемнен алыстап, табиғат аясында тыныс алады. Айналасында тірі, басқа және нағыз өмір өтіп жатқанын көреді.

Дегенмен қазіргі күндері цифр­лық аутизм­ дертіне душар болып қалмау үшін смарт­­фондағы App Store, Play Market қосым­шасынан арнайы таймерді көшіріп алу қарастырылған. Бұл тетік сіздің интернетте қанша уақыт отырғаныңызды қаперге салып, бақылау жасап отырады.

Мамандардың айтуынша, цифрлық аутизм – ми қызметі бұзылуының жаңа, әлі зерттелмеген түрі. Аутизмнің өзі данышпандардың кеселі деген пайым бар және оның 98 түрі болса да, осының ақиқат екенін нақтылау қиын.

«Виртуалды аутизм жақында пайда болды, оған 10 жыл да болған жоқ. Ол мультимедиялық плазмалар, планшеттер мен телефондар пайда болған кезде дами бастады. Балалар қалыпты дамымаған кезде, біз нев­ро­­логтер неврологиялық кері кету деп атаймыз. Егер «классикалық» аутизмнің туабітті алғышарттары болса, ауытқушылықтың бұл түрі тек 1,5 жаста көрінеді», дейді балалардың неврологиялық патологиясына маман­дан­ған Константин Пушкарев.

Сарапшының айтуынша, цифр­лық­ аутизмнің дамуы сөйлеу қалып­тас­қан­нан кейін басталады және асқазан-ішек­ жолдарымен тікелей байланысты көрі­неді.

«Біз барлық ақпаратты ауыз арқылы қабылдаймыз. Дәмдік анализаторлар және баланың заттарды зерттеуі – мұның бәрі сынақ әдісімен дамиды. Дамудың осы тармағындағы маңызды сәт – баланың 6 айлық жасы, жарма, картоп езбесі сияқты басқа да қосымша тамақ бере бастайтын кезі. Дәл осы кезеңде неврологиялық кеселдерден айналып өтуге болады. Себебі ми бәрін түсінеді: тамақты шайнау керек екенін біледі. Осылайша, артикуляциялық дағдылар да­­миды», дейді невропатолог.

Қысқасы, мамандар тамақ ішіп отыр­ған балаға гаджет берген кезде ми­дың тектоникасы бұзылатынын айтады.

 

«Сатып алған» аурудың емі бар

Ауытқудың басы – компьютер, гаджеттерде 4 сағаттан артық тапжылмай отырудан басталады. Мәселен, румыниялық психолог Мариус Замфир әбден зерттей келе осындай қорытындыға келген. Ғалымның француз әріптестері бір ай бойы гаджеттерден бас тартқан кейбір балалар аутизм белгілерінен айыққанын анықтаған.

Қазіргі таңда отандық психиатрлар «Баланың жанын ауыртпай, телефоннан қалай ажыратуға болады?» деген әдістемелік құрал әзірлеп отыр. Бұған Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығы мен Қазақстан-Ресей медициналық университетінің білікті психиатрлары, психологтері жаңа әдістемелік құрал әзірлеуге кірісіп отыр. Өйткені цифрлық технология дамыған сайын компьютерлік ойындарға үйір балалар көбейіп қана қоймай, олардың көпшілігінің қоршаған ортамен қарым-қатынасы азайып, қимыл-қозғалысы шектеліп, ойлау қабілетінің дамуы тежеле бастағаны байқалып отыр.

Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеевтің айтуынша, психологтердің көмегіне жүгінетін ата-аналар жиілеген. Телефонсыз тамақ ішпейтін, ұйықтамайтын, ойнамайтын тәуелді балалардың ең кішкентайы – екі айлық нәресте. Цифрлық дәуірде белең алған осындай оқиғалар әдістемелік оқу құралын әзірлеуге түрткі болды дейді орталық басшысы.

– Біріншіден, цифрлық құрылғыларға жіпсіз байланған балалардың көру қабілеті нашарлайды. Офтальмолог мамандардың кабинетінде қазір ұзын-сонар кезекті көресіз. Екіншіден, бала телефонға телміргенде бірқалыпты отырады. Бұл омыртқаларының қисық өсуіне тікелей әсер етеді. Үшіншіден, олардың психикалық мінез-құлқы өзгереді. Мінезі тез құбылады. Телефонды алып қойса, ашуланып, дау шығарады. Сіркесі су көтермейді. Қаны басына шауып, жұлқынып, айбат көрсетуге де дайын тұрады. Біздің орталықта емделген балаларды зерттеу барысында мінез-құлықтағы ауытқуды, оқшаулану сияқты өзгерістерді байқадық, – дейді орталықтың директоры С.Рахменшеев.

Дегенмен психологтер баланың нәзік пси­хикасын тәуелділіктен құтқаруға бола­ды деп сендірді. Қазіргі таңда тек бір Алматының өзінде 2 мыңға жуық кәмелет жасына толмаған ұл-қыз­ психикалық есепте тіркеуде тұр. Олар­дың 12-сі шизо­фре­­ния F20 бойын­ша тіркелсе, ақыл-есі кем­ 664 нау­қас,­ аутизмге шалдыққан 613­ бала дәрі­гер­лер­дің бақылауында тұр.­ Биыл жүйке ауруларына шипа іздеп кел­ген­ балалар саны 200-ге жуық көбей­ген.­­ Ал әдістемелік құрал келешекте мек­­­теп пси­хологтері мен ұстаздардың кө­­мекші құралына айналатынын айтады мамандар.

Цифрлық аутизмінің кодталуы әлі тіркелмегендіктен, сәйкесінше ресми диагнозы да жоқ. Бірақ сәбидің тілі тым кеш шығатын болса, атын атап шақырғанда естімегендей мәңгіріп отырса, балалармен тіл табысып ойнай алмаса, яки себепсіз қатыгезденуі осы кеселдің басы деп білу керек. Мұндай балалардың қандай да бір ойынға, іске деген қызығушылықтары да шектеулі болып келмек. Ол балаларға міндетті түрде невропатолог, логопед, дефектолог мамандардың көмегі қажет.

Жуырда осы мәселеге орай, Алматыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» баспасөз мәслихатын өткізген еді. Мамандар дүние жүзінде, оның ішінде Қазақстанда да аутизмге шалдыққан балалардың саны артып келе жатқанын нақты мысалдармен дәйектеп отыр. Статистикаға сәйкес, ерте бастан аутизмге шалдыққан балалардың саны – 1 052, мектеп жасына дейінгі балалар саны (3-5 жасқа дейін) – 4 331, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар – 6 704.

«Біз аутист-балалардың жасына қарай саны көбейгенін байқаймыз. Басты себептерінің бірі – ерте жас­тан аутизммен ауыратын балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудің жеткіліксіздігі, баланың дамуына ерте араласудың болмауы. Қазіргі заманда ерте араласудың маңыздылығы туралы айтылып жүргенімен, әлемдік статистика ерте түзету көмегі бар аутизммен ауыратын балалардың 60-70 пайызы қоғамда жақсы бейімделіп, әлеуметтенетінін көрсетеді», дейді Орталықтың Оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің меңгерушісі, жоғары санаттағы педагог-психолог Зәуре Жангелдинова.

Бұл ретте елімізде 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен 18 жасқа дейінгі балаларға жеке немесе топтық түрде көмек көрсететін 13 республикалық орталық бар екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ 44 арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі ұйымдарда және 9 аутизм орталығында дертті балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі.

2020 жылы мамандарымыз аутизмі бар балалардың көпшілікпен араласып, әлеуметтенуіне бағытталған арнайы дамыту бағдарламасын әзірлеген еді. Бүгінде бұл оңалту орталықтарында, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында кәдеге асып жүр.

Оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің педагог-психологі Әсел Бақтығали аутист-балалардың 90 пайызында сенсорлық интеграциясында ауытқу бар екенін айтады.

«Сенсорлы интеграциялық терапия – науқас балалардың мінез-құлқы мен дамуын ұйымдастырудың тиімді әдісі. Аутизмі бар балалардың миы сенсорлық ақпаратты тіркемейді, олар қашқақтап, оқшау жүретін әрекеттерге бейім келеді. Көбінесе мұндай балалардың миы қауіпті сезбейді және одан сақтануды білмейді», дейді ол.

Аутизммен ауыратын балалар өз әрекетін реттеп, қоршаған әлемге бейімделу үшін сенсорлық сезіну өте маңызды. Осы мақсаттарда науқас балалардың мінез-құлқын жөндеп, өмірге бейімделуге көмектесетін сенсорлық ойындардың әдісін пайдаланады.

Өз кезегінде оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің педагог-логопеді Жанар Естемесова аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істеген кезде баламалы әрі қосымша қарым-қатынас құралдарын қолдану қажет екенін айтады. Мұндай балалардың бірқатары өз қажеттіліктері мен тілегін жеткізе алмайды, жақын адамдарымен сөйлескен кезінде қиналады.

«Баламалы және қосымша қарым-қатынас әдістері деп отырғанымыз бұл – сөз бен оны толықтыратын қызметтерді қажет етпей-ақ, баланың отбасымен араласуын жақсартуға ықпал ететін қарым-қатынас әдістері. Оның үстіне біз күнделікті өмірде осындай қарым-қатынас әдістерін қолданамыз. Мысалы, бұл – жол белгілері, киім жапсырмалары, қоғамдық дәретханаларды көрсететін белгілер және т.б. Баламалы коммуникация дегеніміз – адамның сөйлемей-ақ, жазбай-ақ кез келген ақпаратты беру немесе қабылдаудың барлық тәсілі. Ал қосымша коммуни­кация – ақпаратты заттардың, ым-ишара, графикалық белгілердің көмегімен жеткізу тәсілі», дейді Ж.Естемесова.

Не десек те, алдымен ата-ана бала виртуалды әлемнің шеңгелінен суы­рып алу үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға тура келеді. Баламен көп сөйлесіп, сүйікті ісімен бірге айналысып, бірге серуен құрып, армандаған үй хайуа­нын да алып беруге тура келеді. Мұның бәрі де – баланың қолындағы гаджеттен құтылудың ең қарапайым қарекеті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ