Қытай медицинасы: оқыту, диагностика және емдеу құпиялары

0
689

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауруды емдеу кезінде дәстүрлі медицинаға жүгінетін қазақстандықтардың саны артып келе жатыр. Дәстүрлі және халық медицинасы орталықтары да жылдан жылға көбейіп келеді. Кейбір адамдарда дәрі-дәрмекке, ультрадыбыстық сәулеленуге деген қорқыныш бар. Сондықтан олар үшін дәстүрлі медицина емдеудің қауіпсіз түрі саналады. Елімізде дәстүрлі қытай медицинасы ерекше танымалдыққа ие. Осы орайда «ҚазАқпарат» тілшісі Президент Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасы қалпына келтіру емі және оңалту бөлімшесінің рефлексотерапевт-дәрігері Айнұр Құрметбекті сөзге тартып, дәстүрлі қытай медицинасы қандай ауруларға тиімді екенін, салада қандай проблемалар бар екендігін білген еді.

Ағзаны тұтастай қарау

«Дәстүрлі қытай медицинасы қазақстандықтар арасында зор сұранысқа ие. Халық ағза аурумен өздігінен күресе алуы үшін оны нығайтуда дәрі-дәрмексіз ем іздеуге тырысады. Танымал бағыттар – ине терапиясы мен шөппен емдеу. Олар денені біртұтас ретінде қарастыруға бағытталған. Айталық, сіздің арқаңыз немесе басыңыз ауырады делік. Дәрігерлер арқадағы ауырсынудың неден екенін іздейді. Сондықтан да дәстүрлі қытай медицинасының барлық әдісі сауықтыруға бағытталған», – деп атап өтті рефлексотерапевт-дәрігер Айнұр Құрметбек.

photo

Оның атап өтуінше, дәстүрлі медицина хирургиядан басқа барлық дерлік ауруды емдейді.

«Онкологияны қоспағанда терапевтік ауруларды шөптің көмегімен емдеуге болады. Дегенмен, онкология кезінде де науқастың жағдайын жақсартуға септесетін белгілі бір емдеу әдістері бар: музыка, шөппен емдеу. Сонымен қатар онда цигун терапиясы да бар. Осы үш әдіс онкологиялық аурулардың ең соңғы сатысында емделуге, жай-күйді ұстап тұруға және өміріңізді ұзартуға көмектеседі», – деді маман.

Диагностикалаудың үш әдісі

Әдетте пациент емделер алдында тексеруден өтеді. Дәстүрлі қытай медицинасында диагностиканың үш әдісі қолданылады: сұрақ қою, тамыр соғысы арқылы және тілді тексеру арқылы диагностикалау.

photo

Сұрақ қою әдісі кезінде дәрігер пациенттен өзін не алаңдататынын сұрайды. Тамыр соғысы арқылы диагностикалау – тамыр соғысының 28 түрі бойынша белгілі бір аурудың қандай мүшеге немесе жүйеге тиесілі екені анықталады. Тілді тексеру көмегімен диагностикалауға келер болсақ, науқас тілін көрсеткен кезде бірден адамның ағзасында нендей жайт болып жатқанын бірден білуге болады. Шамамен тілдің 20 әртүрі бар. Соның көмегімен диагноз қойылады.

«Дәстүрлі қытай медицинасы ауруды бес элементке бөледі: суық, жел, қызу, ылғал және қақырық. Осы бес фактор ауру тудырады. Олардың философиясы өте нәзік. Ерін – асқазанның жай-күйінің көрінісі, мұрын – өкпе, көз – жүрек, құлақ – бүйрегіміз. Науқас тексерілуге келгенде, көзбен қарап диагноз қойыңыз, тамыр соғысын тыңдайсыз, тілін қарайсыз. Содан кейін науқаста қандай проблема бар екенін біліп, диагноз қоя аласыз», – деді Айнұр Құрметбек.

photo

Инемен емдеудің 7-10 процедурасынан кейін бет жүйкесі невритімен келген науқас емделеді

Емдеуге келетін болсақ, дәстүрлі қытай медицинасының танымал бағыттары – инемен және шөппен емдеуді қарастырып көрейік.

Дәрігердің айтуынша, ине терапиясы негізінен неврологиялық ауруларды емдеуде қолданылады. Инемен емдеуден кейін оның әсері айқын білінеді: науқастың жағдайы жақсарады, ал дәрігер өз жұмысының нәтижесін бірден көреді.

photo

«Неврологиялық аурулардың ішінде бет жүйкесі невриті жиі кездеседі. Бұл аурудың белгілері: бет толығымен қисаяды, бұлшық ет бақылауға көнбейді, тіпті көзін жұма алмайды. Мұндай жайт адам күйгелектенгенде, жарақат алғанда немесе денеге ауыртпалық түскенде орын алады. Бет жүйкесі невртиімен келген науқастарға инемен емдеу 100 пайыз бірден әрі жылдам көмектеседі. Айталық, беті қисайып, көзі жабылымайтын, ерні қисайған науқас 7-10 проедура алғаннан кейін онда бәрі қалпына келеді», – деді рефлексотерапевт-дәрігер.

Мұнан бөлек, ине терапиясы бел, мойын ауырғанда өте тиімді. Инемен емдеу мұндай ауруды бірден басады.

photo

«Мәселен, пациент 39 жаста. Оның белінде жарық бар, оң аяғы жансызданған. Науқас бізге қабынуға қарсы дәрі ішкенімен, еш көмегі болмаған соң кеңес алуға келеді. Бізге бірінші процедураға келгенде созу жаттығуын жасаймыз, ал екінші, үшінші процедурадан кейін аяқтағы ауру толығымен кетеді», – деп түсіндіреді дәрігер.

photo

Қан алу әдісі қысымды қалай төмендетеді

Оның атап өтуінше, ауруханаға күретамыр қысымымен науқастар жиі жүгінеді.

«Бұл да кеңінен тараған аурулардың бірі саналды. Тіпті, бірде қан қысымы 180/100 болған науқас түсті. Біз құлағынан қан алдық. Жарты, бір сағаттың ішінде қан қысымын бірден түсіруге көмектесетін арнайы нүктелер бар. Қандай да бір дәрісіз қан қысымын түсіре аламыз. Бұл дәстүрлі қытай медицинасында кеңінен тараған әдістердің бірі. Қан алған кезде қан қысымы түседі. 20 минуттан кейін қан қысымын өлшеген кезде ол қалыпты деңгейге түседі», – деді ол.

photo

Қазақстанда шөппен емдеу неліктен жақсы дамымаған?

Шөппен емдеу – бұл дәрілік өсімдіктерді қолдануға негізделген ауруларды емдеу және алдын алу әдісі. Айнұр Құрметбектің айтуынша, адам ағзасында 500-ден астам белсенді биологиялық нүкте бар. Олардың 100-150-ін дәрігерлер жиі қолданады. Дәрілік өсімдіктердің 5 мыңнан астам атауы бар. Бірақ олардың тек 100-ге жуығы ғана жиі қолданылады, қалғандары жеке жағдайларда кәдеге жарайды.

 

Алайда, дәрігер атап өткендей, шөп медицинасы елде ине терапиясы сияқты жақсы дамымаған.

«Дайын қытайлық дәрілер, жаңа қайнатылған шөп дәрілері бар. Олармен көбінесе жеке медициналық клиникалар айналысады. Неліктен? Олар (шөп дәрілері) Қазақстанда ресми тіркелмеген. Оларды пациенттерге қолдануға рұқсат жоқ. Бұл препараттар қандай ауруларға жақсы көмектесетінін білетін дәрігерлер өздері тапсырыс береді немесе Қазақстанда қайнатады. Егер мен қандай да бір ауруларға ине терапиясы көмектеспейтінін байқасам, онда фитопрепараттарды қабылдауға кеңес беремін. Пациенттер оларды қалада сатып ала алады немесе Қытайдан тапсырыс береді. Алматыда Астанаға қарағанда фитопрепараттар көп», – деді Айнұр Құрметбек.

Оның айтуынша, егер пациент дәрі-дәрмектердің емделуге көмектесетінін көрсе, онда олар біраз уақыттан кейін сол дәрі-дәрмектерді дәріханалардан немесе жеке медициналық орталықтардан іздей бастайды. Бұл дәрі-дәрмекті Қазақстанға жеткізумен айналысқысы келетіндер Қытайға баруы, зертханаларды аралауы, оларды фитопрепараттарды сатып алуға сендіруі үшін қомақты қаражат салуы керек. Бес жыл бұрын Қазақстан жиі қолданылатын фитопрепараттардың 55 атауын тіркей алды. Дәрігердің пікірінше, бұл бағытты одан әрі дамыту керек.

photo

«Фитотерапия эндокриндік ауруларға, қан айналымы жүйесінің ауруларына, неврологиялық ауруларға, педиатрия, гинекология, урологияға көмектеседі. Мен гинекология мен урологияға баса назар аударар едім. Гинекологиялық ауруларда бедеулік өте жиі кездеседі. Барлығы ЭКҰ-ға жүгінеді. Ерекше жайт есіме түсіп тұр. Науқас 36 жаста. Ол ешқашан босанбаған. Некелескеніне 12 жылдан асқан. Үш рет ЭКҰ жасатқанымен еш нәтиже болмаған. Дәстүрлі шығыс медицинасы әдістерімен алдымен диагноз қойылды. Дәрі-дәрмектер тағайындалды, содан кейін ине терепиясымен ынталандырылды. Үш айдан кейін жүкті болды. Асқазан-ішек жолында аздап проблемасы бар еді. Сондай-ақ, онда ашуланшақтық, жүкті бола алмайтындықтан қорқу сезімі болды. Дегенмен, емделгеннен кейін дені сау баланы дүниеге әкелді. Урологияда кең таралған аурулардың бірі – простатит. Ісінуді, қабыну процесін кетіретін бір дәрі бар. Оның құрамында алты шөп бар. Бұл дәрі аллергиялық реакциялар тудырмайды, гинекологиялық және урологиялық ауруларға да көмектесед», – деді дәрігер Айнұр Құрметбек.

photo

Қытайда студенттерге дәстүрлі медицинасының барлық құпиясы бірден ашылмайды

Дәрігер Айнұр Құрметбек 35 жаста. Ол ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы ашылған сәтінен бастап жұмыс істейді. Дәрігер мамандық таңдау туралы ойланғанда, ата-анасы дәстүрлі медицина саласын дамытуға кеңес берген.

«Әжем емші болған, адамдарды шөптермен емдеген. Әкем әжемнің жолын жалғастырғанымды қалады. Менде де осындай медицинаға қызығушылық болған еді. Мектепті бітіргеннен кейін Астана медицина университетінің Шығыс медицинасы факультетіне оқуға түстім. Онда 4 ай оқығаннан кейін қажетті білім мен ақпарат алмайтынымды түсіндім. Сол кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша іріктеу ашылып, өтініш бердім де Қытайға оқуға түстім. Қытай Шығыс және Тибет медицинасын оқытуда көшбасшы саналады. Сондықтан сол елді таңдадым. Алдымен Шанхайда бір жыл бойы қытай тілін үйрендім, содан кейін Бейжің Дәстүрлі қытай медицинасы университетіне оқуға түстім. Қытай тілін жетік білемін. Бакалавриатты бітіргеннен кейін Шанхай дәстүрлі қытай медицинасы университетіне ине терапиясы бағытында интернатураға түстім», – деді дәрігер.

photo

Оның айтуынша, Қытайда студенттер арасында үлкен бәсекелестік бар. Олардың оқуға деген құштарлығы жоғары, тиісінше Қазақстанға қарағанда қосымша ақпарат көп. Дәстүрлі қытай медицинасында барлығына ашылмаған құпия да көп.

«Олар құпия ұстайтын көптеген жасырын рецепт бар. Пандемияға дейін оқуымды аяқтағаннан соң жылына бірнеше рет тәжірибе бөлісу, күрделі науқастарды ұғыну үшін мұғалімдеріме бардым. Жылдар бойы оқу керек. Құпия өте көп. Олар барлығын бірден аша бермейді. Егер адамның шынымен бірдеңе жасауға тырысып жатқанын және қалайтынын көрсе ғана ақпаратпен бөліседі», – деді дәрігер.

photo

Қазақстанда дәстүрлі қытай медицинасын дамытудағы елеулі проблемалар

Қазақстанда дәстүрлі қытай медицинасын дамыту саласында проблемалар да жеткілікті. Бұл – кәсіби кадрлардың тапшылығы, нарықта тиісті лицензиясыз жұмыс істейтін жеке клиникалардың жаппай пайда болуы, фитопрепараттардың тапшылығы.

photo

«Шығыс медицинасына қатысты теріс пікірлер болмауы үшін елдегі көптеген жеке клиникаларды зерттеу қажет. Жеке медициналық орталықтардың қызметін жүзеге асыру үшін лицензия беруге жауапкершілікті күшейту қажет. Қазір ерінбегеннің бәрі осы іспен айналысады. Тағы бір мәселе – фитопрепараттарды ресми тіркеу қажет. Егер 100 дәрі ресми түрде тіркелсе, бұл пациенттерді емдеуге көмектеседі. Дамыған елдерде олар жақсы таралған. Бұған қоса, жоғары білікті кадрларды даярлау қажет», – деді Айнұр Құрметбек.

Автор:

photo

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз