Қазақстан мен Түркия арасында ақпарат алмасу жеңілдейді
Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан мен Түркия арасында ақпарат алмасуды оңайлатуды көздейтін заң жобасы мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін сенаторлар «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарастырды.
Депутат Бекболат Орынбековтің айтуынша, аталған келісімге 2022 жылғы 10 мамырда мемлекет басшысының Анкарадағы сапары шеңберінде қол қойылған.
Түркия Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып, сауда қарым-қатынасында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді есепке алмағанда, 3-орынға ие. Келісімді ратификациялау екі мемлекеттің арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары бойынша мәліметтермен электрондық алмасу арқылы кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға және жүргізу мерзімдерін қысқартуға бағытталған. Осылайша, кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау көзделген, – деді сенатор.
Сондай-ақ Бекболат Орынбеков қаралып отырған заңның ережелеріне сәйкес ақпарат алмасу, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға төмендегідей артықшылықтар қарастырылғанын атап өтті:
- Өткізу пункттерінде шекарадан өтудің басым тәртібін іске асыруды;
- Кедендік бақылау уақытын қысқарту мақсатында кедендік формальдықтарды оңайлатуды;
- Кеден ісі саласында құқықбұзушылықтардың және контрабанданың белгілері болған жағдайларды қоспағанда, өткізу пункттерінде кедендік жете тексеруден босату.
«Сондай-ақ берілетін мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тараптардың уәкілетті органдары ақпарат алмасудың техникалық шарттарын жеке әзірлейтін болады.
Ережеде кеден органдары аталған құжаттың шарттары орындалуы үшін мағлұматтармен бөлісуге жауапты және тікелей байланыстарды іске асыруға уәкілеттік берілген құзыретті лауазымды адамдардың тізімі айқындалады. Ақпараттандырудың техникалық шарттарын әзірлеп, пилоттық жобаны іске асыруға кіріседі. Бұл процесс аяқталғаннан кейін, қос елдің кеден органдары мәліметтермен тұрақты негізде ақпарат алмасуды қолға алады. Заң, Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталғанын көрсетеді», – деді сенатор.
Депутаттың пікірінше, құжатты қабылдау, теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды.
Келісімді іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы талап етілмейді.
Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы мақұлданды. Енді құжат президенттің қол қойылуына жіберіледі.