Тұрғын үйді басқару түйткілдері заңнамадағы жаңа түзетулермен шешіле ме?

0
113

Әділетті қоғам құрудың басты қағидаты – ашықтық. Осы бағыттағы жұмыстарды нығайтудың бір көрінісі тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына көшуден байқалып отыр. Өйткені бұған дейін басынан дау арылмаған ПИК жұмысына тағылатын айып көп қабатты үйлерді күтіп-жөндеуге жиналатын қаражаттың тиімсіз, көлеңкелі жұмсалуы еді. Енді осы олқылықтың орнын толтырады деп үміт артылған МИБ-тің жұмысы қаншалықты мүлтіксіз болмақ?

Қоғамдағы қордаланған мәселелер­дің бір парасы тұрғын үйлердің комму­налдық шаруашылығына қатысты бол­ғандықтан, мұны жүйелі шешудің жолы ретінде Мәжіліс депутаттары арнаулы заңға түзету енгізуге бастамашылық жа­­саған еді. Осы айдың ортасында Мем­лекет басшысы аталған заң жобасы­на қол қойды. Сонымен, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұл заңның негізгі бағыттары – көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жақсарту, кондоминиум нысандарын басқару және күтіп ұстау жөніндегі қыз­­метте ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ пәтерлер, тұрғын емес үй-жай­лар иелерінің осы үдерістерге қатысуы.

Талқыланып жатқан заңнамаға сәйкес, енді пәтер иелері кооператив­терінің (ПИК) орнын мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе қарапайым серіктестік (ҚС) басады. Өз кезегінде бұл бірлестіктер «бір мүлік иелерінің бірлестігі – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұның жай-жапсары туралы Тұрғын үй коммуналдық-шаруа­шылығын жаң­ғыр­ту мен дамытудың қазақстандық орта­лығының басқарушы директоры Марғұ­лан Әбдікәрімов тәптіштеп айтып берді.

– Жаңа бастаманың аясында көп пә­терлі тұрғын үйлердің иелері баспана­ларын өздері қадағалап, жауап береді. Реформаның халыққа тиімді тұсы тұрғын­дардан жиналған қаражатты пайдала­ну­дың ашықтығы қамтамасыз етіліп, сон­дай-ақ бұл ақша нақты бір тұр­ғын үйді басқарып, күтіп ұстауға бағыт­тала­ды. Қаржылық сипаттағы мәселе­лерді шешу үшін меншік иелерінің жалпы санынан кворумды төмендету ұсынылып отыр. Атап айтқанда, қажетті шешім қа­был­дау үшін пәтер иелері мен көп пәтер­лі тұрғын үйдегі бос кеңістікті иеле­н­іп отырғандардың жалпы санының 51%-ының қатысуы жеткілікті болады. Сонымен қатар көп пәтерлі тұрғын үйлерде мемлекет қатысатын мекемелер бар. Осы объектілердің ортақ мүлікті басқаруға қатысуы үшін және күтіп ұстауға арналған шығыстарды, күрделі жөн­деуге жиналатын жарналарды тө­леуі үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу талап етіледі. Бұл өз кезегінде белгілі бір уақытты қажет етеді. Сондықтан жаңа заң жобасында осындай жарналарды төлеу үшін мемлекет қатысатын ұйымдарға «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның күшін таратпау ұсынылады, – деді М.Әбдікәрімов.

Оның айтуынша, пәтерлердің, тұр­ғын емес үй-жайлардың, аз пәтерлі тұр­ғын үйлердің меншік иелері, яғни 16 пәтерге дейін кондоминиум объектісін басқару формасын еркін таңдап, ауыс­тыра алады. Бүгінгі таңда республика бойынша көп пәтерлі тұрғын үйлердің жал­пы санының шамамен 50%-ында кон­доминиум объектілері тіркелген. Тұр­ғындардың енжарлығына байланысты кондоминиум объектісін тіркеуді жеңіл­дету мақсатында жергілікті атқа­ру­­шы органдарға осы рәсімге баста­ма­шы­лық жасауға мүмкіндік беру ұсынылып отыр.

Бұған қоса заңнамадағы елеулі өзге­ріс­тердің қатарында уақытша басқарушы компанияны тарту, көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелерін жетілдіру, жауапты жергілікті атқарушы органға кондоминиум объектісін тіркеуге өтініш жіберу функциясын беру, тұрақ орны мен қойма иелерінің құқықтары мен мін­деттерін бекіту, сондай-ақ ауылды жер­­де, кентте тұрғын үй салған жұмыс беруші­лердің шығындарын субсидиялау бар.

– Осы орайда бүгінде автотұрақтар мен қоймалар жекеменшікке қарайтынын атап өткен жөн. Сәйкесінше бұлардың кадастрлық нөмірі бар және Салық кодексіне сәйкес салық салу объектілері болып саналады. Осыған байланыс­ты 31-бапқа тиісті өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Айта кету керек, иесіз сыртқы инженерлік желілердің болуы фактілері бар. Бұл жөнінде заңда құрылыс салушыға сыртқы инженерлік желілерді коммуналдық меншікке беру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылады. Ал автотұрақ мәселесіне оралсақ, мұның жекеменшікте екенін айттық. Бірақ солай екен деп автотұрақ иелерінің паркингте көлік жууын орынды деп айта алмаймыз. Іс жүзінде мұндай фактілер кездеседі. Бұл паркингті ұстау­дың құры­лыс және санитарлық нормаларына сәйкес келмейді. Сондықтан кондоминиум объектісінің ортақ мүл­кінің құрамына кіретін паркингтің немесе тұрақ орнының және қойманың конструктивті бөлігін, функционалдық мақсатын өзгертуге заң жүзінде тыйым салынады, – деді спикер.

Сондай-ақ М.Әбдікәрімов атап өткендей, иесіз қалған сыртқы инженер­лік желілер бар. Бұл ретте заңда құрылыс салушыға сыртқы инженерлік желілерді коммуналдық меншікке беру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылды. Көп жағдайда тұрғын үйдің ортақ инже­нерлік жүйелері пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде конструкциялармен қоршалады. Сосын меншік иелері апаттар мен судың ағуы орын ала қалған жағдайда оны ашудан бас тартады. Осыған байланысты пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері пәтерде, тұрғын емес үй-жайда орналасқан ортақ мүлікке қол жеткізуді шектейтін конструкцияларды өз бетінше бөлшектейді деген норма заңнамалық түрде бекітілмек.

Бұған қоса кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін, оның ішінде лифтті жөндеу бөлігінде көптеген мәселе туындайтыны жасырын емес. Мұның шешімі ретінде көп пәтерлі тұрғын үйдің лифттерін өз кіреберісінде жөндеу немесе ауыстыру жөнінде шешім қабылдау мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте мұндай шешім қа­был­дау үшін көп пәтерлі тұрғын үйдің кіре­берісіндегі пәтер иелерінің, тұрғын емес үй-жайлардың жалпы санының үш­тен екісінен астамының қолдауы қажет.

Жалпы, бүгінгі таңда елімізде 5 572 МИБ және 39 853 ҚС құрылды. Осы орайда Қосшы қаласындағы МИБ төрағасы Еркебұлан Меңжасаров тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына көшудегі жағдайдан аздап хабардар етті.

– «Көш жүре түзеледі» дегендей, бұл реформаны жүзеге асыруда көп­те­ген қиындық болды. Дегенмен МИБ құру арқылы тұрғындар өздері тұ­рып жатқан үйді басқаруды өз қолына алды. Мысалы, қазір бір тұрғын үйдің өз шоты болады. Онда түскен қаржының қалай жұм­­салып жатқанын тұрғындар түгел көріп отырады. Яғни толықтай ашық­тық қа­ғидаты сақталады. Ай сайын үй­дің кіре­беріс­теріндегі тақтада ар­найы есеп ілініп тұрады. Бұған қоса мұндай есеп­терді, атқарылып жатқан жұмыс­тар­ды қазіргі заманның талабына сәйкес әлеу­меттік желілерде бөлісіп отырамыз. Әрі бұл желілер тұрғындардың пікірі мен арыз-шағымын біліп отыруға қолайлы, – деді Е.Меңжасаров.

Сонымен қатар ол қарастырылып жатқан тиісті заң жобасына қатысты өз ойын да білдірді.

– Біздің ойымызша, автотұрақ орындары мен қоймалар – кондоминиум объектісі. Яғни біз тұрғын үйдің бөлік­терін бөлек-бөлек қарастыра алмаймыз. Бұған техникалық қабаттар мен жер учаскелері де жатуы керек. Тағы да қосарым, жаңадан салынған көп пәтерлі үйлерді қабылдап аларда үкіметтік ко­мис­сияның болмауы қынжылтады. Со­ның салдарынан құрылыс сапасы төмен­деп кетеді. Шындап келгенде, құры­лыс нысанына тапсырыс беруші де, оны орындаушы да, содан соң қабылдап алушы да бір тұлға болатын жағдай­лар кездеседі. Бұдан кейін қайдан сапа болсын?! Қазір Қосшы қаласында осындай проблемалармен соттасып жат­қан дау-дамай көп. Сондай қаралып жатқан істерде біз салынған тұрғын үйдің құрылыс құжатына толық сәйкес келмейтінін дәлелдеуге тырысып бағып жатырмыз. Осы мәселе назарға алынып, алдағы уақытта салынған құрылыстарды үкіметтік комиссия жіті қадағалап, қа­был­дап алса, сапасына алаңдамай, көңіл де жай болар еді, – деді МИБ төрағасы.

Бұл ретте Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігіне қарасты Қала құрылысы және тұрғын үй-комму­налдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов тұрғын үйлердің сапасын жақсарту бойынша қандай шаралар қабылданатыны туралы айтып берді.

– Қазіргі кезде министрлік аталған бағытта жұмыс істеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Қала құрылысы кодексінің жобасы әзірленуде. Сол кодекс бойынша біз қала құрылысы және сәулет саласына қатысты нормаларды енгізуді қарас­тырып жатырмыз. Оларға талдау жасаған соң заңға енгіземіз. Тиісті заң жобасын биыл қараша айында Мәжілістің қарауына ұсынамыз. Жалпы, 7 жыл бұрын салынған құрылысты сапасын бағалап, қабылдап алатын мемлекеттік комиссия болған. Құрылыс саласында қазір тек 4 адам – сәйкестік декларациясы бойынша, мердігер, авторлық техникалық қадағалау және тапсырыс берушінің өзі пайдалануға беру актісіне қол қояды. Сосын нысанды қабылдау кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы қол қойып, тексереді, – деді министрлік өкілі.

Қалай дегенмен, тұрғын үй шаруашы­лығы – «ауы мен бауы» көп мәселе. Оның түйткілдерін шешу үшін, жүйелі жолға қою үшін әлі де байыпты, жан-жақты талқылау қажет. Содан кейінгі тиісті заңнамаға енгізілетін түзету­лер көпшіліктің үдесінен шығады деп үміт­тенеміз.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ