Қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу бойынша қандай жұмыс жүріп жатыр
Астана қаласында қаңғыбас жануарлардың санын реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес жануарларды қолға түсіру, уақытша ұстау, вакцинациялау және зарарсыздандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Бұл туралы елордалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Самат Абдуллин айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Аулау кезінде жануардың өлуіне апармайтын тор, ілмек, тор қақпандары қолданылады.
Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға өтініштер iKomek 109 мониторингтік қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Астана ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнының жұмыс телефоны арқылы қабылданады.
Қолға түскен жануарлар міндетті түрде чиптеліп, «Таңба» үй жануарларын есепке алудың бірыңғай базасына тіркеліп, питомникке тапсырылады. 2024 жылы 9 мың қаңғыбас жануарға микрочип салынды. Мәліметтер базасында иесі бар және қаңғыбас 37 864 жануар тіркелген, оның 19 844-і – ит, 18 020-сы – мысық», – деді Самат Абдуллин.
Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын құтыру ауруына қарсы профилактикалық іс-шаралар және иттер мен мысықтарды дегельминтизациялау жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылы иесі бар және ұсталған 17 мың қаңғыбас ит пен мысық вакцинацияланды.
Сондай-ақ, елордада қаңғыбас жануарлардың санын гуманды тұрғыдан реттеу мақсатында 2018 жылдан бастап үй жануарларын зарарсыздандыру және кастрациялау қолданылып келеді. 2024 жылы 1997 жануар зарарсыздандырылды, оның ішінде 410 ит және 1587 мысық бар.