Ақылбек Күрішбаев аграрлық саланы субсидиялаудағы 3 мәселені атады

0
389

Әкімдердің ауыл шаруашылығының жай-күйіне қатысты ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін арттыру керек. Бұл туралы Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев айтты, деп хабарлайды zamandas.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудағы жағдайды түбегейлі жақсарту жөнінде нақты нұсқаулар берді. Осы салада жақында жария болған мемлекеттік қаражатты жаппай ұрлау фактілеріне азаматтарымыз өз наразылықтарын әділ білдіруде. Біз қарастырып отырған бюджетте аграрлық саланы субсидиялауға 2022 жылы 303 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», – деді ол Сенаттың жалпы отырысында.

Оның атап өтуінше, осыдан он жыл бұрын ауыл шаруашылығында 15 түрлі субсидия болған. Ал соңғы жылдары олардың саны 51-ге дейін өсті, яғни 3,5 есе артты. Бірақ бұдан мемлекеттік қолдаудың тиімділігі аса артқан жоқ.

«Мұның себебі осы саладағы келесідей жүйелі үш мәселе болып табылады. Біріншіден, көптеген мемлекеттік қолдау түрлерінің мақсаты түпкілікті нәтижеге жетуге емес, аралық технологиялық процестерді орындауға бағытталған. Өз кезегінде, субсидия алушының жауапкершілігі де жоқ, өйткені ережелерде жұмыс нәтижелілігінің нақты индикаторлары анықталмаған», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Екіншіден, сенатор субсидия бөлу ережелерінде белгіленген сәйкестіктің көптеген критерийлерінің анықсыздығынан, осы бағдарламаларды әкімшілендірудің күрделілігінен сыбайлас жемқорлықтың орын алу деңгейі жоғары екендігін айтты.

«Үшіншіден – көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін субсидиялардың қолжетімсіздігі. Субъектілердің, негізінен орта және ұсақ шаруашылықтардың 80 пайызы мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алмайды. Сонымен қатар, дұрыс жоспарланбағандықтан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бекітілген квоталар аясында да субсидия ала алмайды, бұл мемлекеттік қолдау жүйесінің болжаусыздығына әкеліп, салаға инвестицияларды тартуда едәуір тежегіш болып саналады», – деді Сенат депутаты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз