Қадірі биік көрісу

0
344

Еліміздің батысындағы облыстар жыл сайын көрісу мейрамын тойлайтынын бұрыннан жақсы білеміз. Наурыз мейрамынан ертерек, 14 наурызда Амал мерекесі өтеді. Дегемен бұл қуанышты тек белгілі бір өңірлерге тән мейрам дей алмаймыз. Өйткені көрісу – түп қазығы тереңде қағылған қазаққа ортақ мереке. Уақыт өткен сайын жалпыхалықтық сипат алып келеді.

Жаңарудың жаршысы

Сонымен, батыстағы ағайын көктем келе сала Амал мерекесін асыға күтеді. Бұл мейрам қазақ халқының ертедегі көшпенділік кезеңінен қалған сарқыт-дәстүрі екені даусыз. Қыс бойы алыс-берісі тоқтап, қалың қардан ауылдар арасы уақытша үзіліп, жер жібігенде көріскен жұрт «бір жасыңызбен» деп төс қағыстырып, бір-біріне ілтипатын жеткізген. Бұрыннан көкейде реніші бар ел кешірісіп, тіл табысқан. Амал – дүниенің жаңаратын уағында жасалар игі істің жоралғысы, жылдың бастауы.

Көрісу күнін әдеттегі Наурыз мейрамынан бөліп қараушылар да баршылық. Бірі «ауа райы жылынған кезге қатысты» деп жатады. Дегенмен Маңғыстау мен Атырау өңірін айтпағанда, мерекені тойлайтын Ақтөбе мен Батыс Қазақстан, Астрахан жерінде күн ерте жылымайды. Демек, мерекенің мәні күн райына емес, бағзыдағы наным-сенімдерге жатқанын ұғамыз. Бұл мереке әсіресе Маңғыстау жерінде ерекше атап өтіледі. Халық Отпантауға жиналып, «Амалдың алауын» тұтатып, бір-біріне ағынан жарылып, тілектер айтады. Олар жаңа жыл – көрісу күнінен басталады. Біз жоғарыда Амал мерекесін атап өтетін аймақтар көп екенін тілге тиек еттік. Тіпті, Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өлкесіндегі қазақтар мен Қарақалпақстанның қазақтары көп қоныстанған облыстары да тегіс тойлайды. Көрісу күндік мереке емес, айдың соңына дейін созылып, елді шаттық бөлейтін кезең атанған.

Көне кезеңнің кәдесі

Енді бір сәт тарихқа да көз жүгірткеніміз абзал. Бұрын ақсақалдар 22 наурызды «қызылбастың наурызы» деп атапты. Ал наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенін аңғартады. Негізі қазақ наурыз айын «Амал» деп сөйлейтін болған. Кеңес Одағының заманында Амал мерекесі еліміздің көптеген аймағында қасақана ұмытылғандай күйге түсті. Болмаса күллі қазақ беріге дейін Амал мерекесін тойлап келгені жалған емес. Бұған дәлел сұрасаңыз ұлы Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…» деген өлең жолдарын еске алыңыз. Бұл аз десеңіз Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігінде «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілі, «жаңа күн» деген сөз» деп жазады. Шығыс елдерінің шәмси күнтізбесіне қарасақ, наурыздың басталуы хамал айының 1 жұлдызы саналады. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының көне парсыша атауы болған-ды. Атынан байқасаңыз, хамал өзіміз айтып отырған амалды меңзеп тұр. Күн мен түн теңеліп, амал төрге озған кезде Тоқты шоқжұлдызы туады. Сондықтан ілкіде қазақ бұл күнді «наурыз» демей, «амал» атаған. Қазіргі күнтізбеде 14 наурызға тұспа-тұс тұр. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осылай ашылған. Ал «Көрісу» сөзі қайдан шықты? Өйткені осы Амалда жасалатын басты іс – көптен көрмеген жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-реніші барлардың татуласынан туған.

Бұған қатысты түрлі аңыз-әпсаналар да жетерлік. Мәселен, Маңғыстауда мынадай әңгіме бар: Адайлар Маңғыстау түбегіндегі қыстауына қонғанда көктем ерте жетіп, 14 наурыз күні жайлауға қайтып келіпті. Жақсылықтың құрметіне балаған жұрт содан кейін Амал мерекесін тойлауды бастапты. Осындай көне әңгімелер легін тізе берсек дастан жазуға болады.

Негізі Наурыз мейрамы дегенде «Әз Наурыз» сөзінің төркініне үңілген дұрыс. «Әз» сөзі мәртебелі деген мағына жүктейді. «Әз амалы» деген сөз бар. Күн мен түн теңелгенде Әз күні болды деп жатады үлкендер. Тағы бір аңыз – ежелде Нұқ пайғамбар заманындағы риуаяттарда 14 наурыз бен 24 наурыз аралығы көктің есігі ашылып, көктем келетіні айтылған. Осы күндерде қазақ әр үйді Қыдыр ата аралап жүреді дегенге жанымен иланған. Наурыз көже пісіріп, ырыс-бақ тілеген. Әрісіне барсақ, наурыз неолит дәуірінде, біздің заманымызға дейін 7-6 мыңжылдықтардан бері бар мекере екен. Көктен түскен төрт кітаптың бірі Інжілде де осы жайында жазылған. Кеңес Одағында шенділер діни мереке деп атап, жоюға тырысқан. Ал шынында қазақтың жаңа жылы – осы наурызда тойлануы тиіс. Әрине, 31 желтоқсанда тойлайтын жаңа жылды ысырып тастауға болмайды, қай кезде де елді бірлікке шақыратын мейрамның көптігінен зиян көрмейміз. Қайта халқымыз қанаттанып, өз тарихына еркін бойлай алады. Амал келді – ай келді деген сөз кім-кімді де елең еткізбей қоймасы анық. Ендеше, бір жасыңызбен!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз