«Алаш» үнін жеткізген туынды

0
297

Танымал журналист, сарапшы Мәриям Әбсаттардың «Алаш зиялыларының соңғы сөзі» атты жинағы жарық көрді.  Бұл кітап – автордың 15 жыл бойғы еңбегінің жемісі. Жинаққа Алаш арыстары ұрпақтарының бүкпесіз әңгімелері жинақталған.

Арқа мен Атырау арасындағы ұланғайып даланы шарлап, текті ұрпақтың естеліктерін жинап, бастан кешкен сезімдерін қағазға түсіруге тырысқан.

«Осыдан он бес  жыл бұрын Қазақ радиосында «Алаш арыстары» атты хабар бастап, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов аталарымыздың ұрпақтарын іздеуге кірісіп кеттім. Сол кездің өзінде олардың дені о дүниелік болып кетіпті. Қатарлары күн санап сиреп бара жатқан тұлпардың тұяғы іспетті тұлғалардың біреуін тапсам,  тезірек тілдесіп қалуға там-тұмдап болса да естелік жинап қалуға жанұшыра кірістім» дейді автор.

Алаш арыстарының өмірі оңай болған жоқ. Олардың әрқайсысы «тар жол-тайғақ кешуді» бастан өткерді. Сол бір азапты жылдардың бейнесі «Алаш зиялыларының соңғы сөзінде» көрініс тапқан. Әкелері, аталары, бабалары туралы, солар көрген қиын-қыстау күндер туралы әңгімелейді.

Сәкен Сейфуллиннің інісі Мәжиттің қызы Ырымжан апа, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апайдың естеліктерін көзге жас алмай оқу мүмкін емес.

«1936 жыл Сәкен мен оның отбасы үшін оңай болған жоқ. Онкүндікке Мәскеуге барып, қайтарында базарлық деп маған әдемі костюм, Аянға әппақ керует әкеп берді. Туған ағам әр сапардан оралған сайын «Сәкенмен амандасайық» деп ауыл-ел, туған туыс жиналатын» деп бастайды Ырымжан апа әңгімесін. Алты жастағы қыз сол сапардан әкелген әдемі костюмге риза болмай, Аянның әппақ керуетіне қызығып, ағасына өкпелегенін айтып, костюмін лақтырып жіберсе керек. Сәкен ағасы да қызарақтап, келер жолы одан да әдемісін алып келетінін айтып, уәдесін береді. Алайда, келесі жолы деген сапар орындалмас арман болып қалды. Сол жылы Сәкен Сейфуллинді үштіктің адамдары ұстап әкетіп, сол сапардан үйіне қайта оралған жоқ. Ұлы Аян да періште күйінде әкесінің артынан кете барған. Тағдыр деген – осы. Қазақтың кіл қаймақтарын баудай қырқып, шетінен «Халық жауы» санады.

Алаш арыстарының арасында қуғындалмағаны, түрмеге айдалмағаны қалмады. Алды ату жазасына кесілді, соңы «итжеккенге» айдалды. Күйеулерінің соңынан туған жарлары да қуғынға ұшырады. Қайраткерлердің жары мен балалары да қуғын-сүргін көрді. Алжир тұтқыны болғандардың қатарында Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза мен енесі Әлиса, Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбахрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал, Темірбек Жүргеновтің әйелі Дәмеш, Нығмет Нұрмақовтың әйелі Зұфнұн болды. Олардың бастан кешкен қиындықтары ұрпақтарының айтуымен кітапқа енді.

Автор Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апайдан сұхбат алуға барғанда 90-дан асқан кезі екен. Тоқсаннан асса да, жады мықты екен. Тектінің ұрпағы деген сол. Әкесімен өткен әрбір сәтін жадында сақтаған. Оның әрбір әрекетін, сөйлеген сөзін, кездесулерін ұмытпаған. Бәрі кеше болғандай әңгімелеп береді.

Мәриям Әбсаттардың тағы бір кейіпкері – Райхан апа Жұмабаева. Ол кісі Мағжан Жұмабаевтың туған інісі Қалижанның қызы. Райхан апа жасы 80-ге қараған шағында ағасының қабірін іздеп, Колымаға дейін барған адам. Ол кісі сырқаттанып, ауруханада жатқанында Атыраудың Құлсарысында тұратын Абдолла Әбдірахманов деген 90-ға қарт кісінің «Жас Алашқа» шыққан мақаласын оқиды. Онда әлгі кісі Мағжанмен Колымада бірге болғанын айтыпты.

«Әлгіні оқығанда төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей сілейіп отырыппын да қалыппын. Мәссаған, 1938 жылы атылып кетті деп жүрген ағамыз бертінге дейін, 1951 жылға дейін тірі болыпты» дейді Райхан апа сұхбатында. Мұны естіген Райхан апа жанын қояр жер таппай, ағасының қабірін іздеп, Колымаға баруды жөн көреді. Сөйтіп 90-дағы Абдолла ағаны алып, 77 жастағы Райхан апа жолға шығады. Осы жолда көрген-білгенін, ағасы туралы сыр шертеді. Бұдан бөлек, бұл кітапқа басқа да Алаш арыстарының ұрпақтарының сұхбаттары енген.

Зұлмат жылдардағы арыстардың бастан кешкен қасіреттері туралы ұрпақтарының әңгімесі жинақталған бұл кітап өз тарихын білгісі келетін, ұрпағының отансүйгіш болып қалыптасқанын қалайтын әрбір оқырман үшін де құнды болмақ.

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз

  • Қарағандылық азамат қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213