Анадолы селжұқтары мен Жошы ұлысының байланысы – орта ғасырдағы ең маңызды тақырып – Абдуллах Гюндоғду

0
34
Фото: z-taraz.kz

 – Алматыда өткен «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағлымы» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысқан Анкара университетінің профессоры Абдуллах Гюндоғду Жошы ұлысы мен түрік-селжұқтарының арасындағы дипломатиялық байланыс жайлы баяндама жасады.

Түркиядан келген ғалым Жошы ұлысы түрік әлеміне ортақ тарих екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Алтын орда кезеңі жалпы Еуразия халықтарына, оның ішінде түркі халықтарына мәңгілік із қалдырған.

– Алтын Орда һәм Жошы ұлысы тек бұрынғы тарих емес, ол ортақ тарих және болашаққа қажет тарих. Орыс тарихшылары «біз империя саясатын Жошы ұлысынан алдық» деп айтады. Жалпы Жошы ұлысы – Еуразия халықтарына һәм түрік халықтарына ортақ тарих. Бірақ Қазақстанның тарихы Алтын Орда кезеңіне тікелей байланысты. ХІІІ ғасырда Шыңғыс хан империясының құрылуы бүкіл Еуразияға қатты әсер еткенімен, негізінен түрік әлемінде мәңгілік із қалдырды. Бұл кезеңде дала халықтарының барлығы дерлік әртүрлі саяси аймақта жүрсе де, тығыз байланыста болды. Осы аймақтық қатынастардың ішінде Анадолы мен Дешті Қыпшақ арасындағы қарым-қатынастар ерекше орын алады. Әзербайжан мен Анадолыны атамекендеріне айналдырған батыс түріктері, яғни біздер, оғыздар мен Қыпшақ даласындағы шығыс және солтүстік (ред. – солтүстік-батыс Қазақстан) түріктер арасындағы саяси-дипломатиялық, мәдени байланыстар 13-15 ғасырлар бойы әртүрлі саяси құрылымдар арқылы жүзеге асты. Бұл қарым-қатынастар соңғы орта ғасырлардағы екі держава – Алтын Орда хандығы мен Осман империясының пайда болуын түсінуімізге ықпал ететін әлеуетке ие, – деді Абдуллах Гюндоғду.

Ол баяндама барысында Шыңғыс ханның жорықтары мен Жошы ұлысының құрылуына, сондай-ақ алғашқы қыпшақ жорығына қысқаша тоқталып өтті.

– Шыңғыс хан 1220 жылы бастаған Хорезм жорығымен айналысып жүргенде 1222 жылы екі таңдаулы қолбасшылары – Жебе мен Сүбедейді кеме арқылы солтүстік Кавказ бен Қыпшақ хандығына жорыққа жібереді. Бұл бірінші қыпшақ экспедициясы тонау әрекеті секілді көрінгенімен, шын мәнінде кейінірек өтетін екінші қыпшақ жорығына дайындық деп қарау керек. Хорезм жорығынан кейін 1225 жылы Шыңғыс хан туған жеріне оралды. Ол 1222 жылдан бері Дешті қыпшақ жерінде болған үлкен ұлы – Жошыға Ертіс пен Еділ өзендері арасындағы кең байтақ жерді басқаруға береді және онда Ұлы орда құрып, алтын тақ орнатуды бұйырады. Сондықтан төрт ұлыстың ішінде ең бірінші болып Жошы ұлысы құрылды. Алайда Жошы 1227 жылы әкесінен бұрын қайтыс болады. Бұл жылы Шыңғыс хан бұл жерлерді немерелері Бату мен Ордаға бөліп береді, – деді ол.

Абдуллах Гюндоғду Шыңғыс хан жорықтар кезіндегі Анадолы түріктерінің тарихы туралы да айтып өтті.

Түрік ғалымының айтуынша, Хорезм мемлекеті құлағаннан кейін Анадолы-селжұқтар мен Жошы ұлысы арасында ортақ шекара пайда болған.

– ХІІІ ғасырдың аяғында Анадолы-селжұқ мемлекеті теңдесі жоқ держава ретінде көзге түсті. Сүлеймен шах елді сауда жолдарының тоғысқан жеріне айналдырып, Анадолыда орталық үкімет құрды. Оның ұлдары Шыңғыс дауылы соға бастаған осы кезде шығыс аймақта әскери және саяси табыстарға кенеліп, мемлекетті гүлдендірді. Шыңғыс хан әскері Хорезмді жаулағаннан кейін Жошы ұлысы мен Анадолы-селжұқтары шекаралас мемлекеттерге айналды. 1237-1242 жылы екінші қыпшақ жорығы немесе Ресей экспедициясы басталады. Бұл батыс жорықтарының екіншісі болды. Бату ханның басшылығымен жүргізілген бұл ұлы жорық Ресей мен шығыс, орталық және оңтүстік Еуропаға әсер етіп, Алтын Орданың тарих сахнасына ұлы держава ретінде шығуына себеп болды. 1242 жылы Үгедей өлімі туралы хабардан кейін Шыңғыс әскерлерінің жорығы тоқтап қалса да, Алтын Орда хандығының құрылуы – көпшелі қыпшақтардың отырықшы әлемге сіңісіп кетпей, көшпенділер әлеміне қайтуына әкелді, – деп атап өтті профессор.

Абдуллах Гюндоғду батысқа жасалған үшінші жорықтан кейін батыс түріктері Жошы ұлысына тәуелді болғанын айтып, өз сөзін аяқтады.

– 1240 жылы Бабай көтерілісі түрік селжұқтарының ішкі құрылымын қатты шайқады. Осы жағдайды сәтті пайдаланған Байджу ноян 1240 жылдың аяғында Тұран үстіртінен бастап Анадолыға алғашқы жорығын ұйымдастырды. 1243 жылдың шілде айының басында 30 мыңдық әскермен тағы бір жорық ұйымдастырып Сивас қаласының маңындағы Кёсе-даге деген жерде селжұқтар әскерін талқандады. Ауыр салық туралы келісімнен кейін селжұқтар Жошы ұлысына тәуелді болды. Жалпы Жошы ұлысы мен Анадолы-селжұқтары арасындағы қарым-қатынастар орта ғасырдың ең маңызды, ең қызықты тұсы, – деді Анкара университетінің профессоры.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ